Бас тақырыпОблыс әкімі

Орман ойдағыдай. Газдандыру қандай?

Қарағанды облысының ерекше қорғалатын аймағының ағымдағы жағдайы мен орман шаруашылығын дамыту жоспары және «Сарыарқа» газ магистралінің құрылысы, Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларын газдандыру мәселелері облыс әкімдігінде кезекті аппарат мәжілісіне өзек болды.

Аймақтағы орман шаруашылығының ахуалын табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Р.Төлепбаев мәлімдеді. Мемлекеттік орман қорына берілген кезеңде орманды қорғау мекемелерінің қамтитын ауданы 179,3 мың гектарды құраған. Оның 57,7 мың гектары – орманды алқап. 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қарағанды аймағының орман қоры 614,8 мың гектар шамасында. Облыстың ормандылығы 0,36 пайыз көлемінде. Ал, 2003 жылдан бері әкімдік басқаруындағы орман қорының ауданы 24,9 мың гектарға артты. Сөйтіп, орманды алқаптың аумағы 27,7 мың гектарға ұлғайыпты.

2003 жылдан 2018 жыл аралығында облыс көлемінде 2826,6 гектар орман ағаштары отырғызылған. Ағаш отырғызу негізінен Қарағанды, Саран, Шахтинск қалалары маңайында жүзеге асырылған көрінеді.

Орман ағаштарының көшеттерімен қамтамасыз ету үшін Қарағандыда арнайы орман тәлімбағы бар. Оның жобалық қуаттылығы жылына –1,3 млн.дана көшет. 2017 жылы қосымша 5 уақытша тәлімбақ негізі қаланды.

Ормандар мемлекеттік қорғау қызметтерінің қадағалуында. Оған қоса рейдтік шаралар да жүргізіледі. Бүгінде орманқорғау мекемелерінде 336 адам еңбек етеді. Оның ішінде 175 орманшы бар. Әлі де 13 орманшы және 32 орман шебері қажет.

2003 жылдан 2017 жылға дейін орманды мемлекеттік қорғау қызметкерлері арқылы 250 заңбұзушылық анықталған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 202 хаттама жасалды. Нәтижесінде 1,3 млн.теңге айыппұл өндірілген екен. Қалпына келтірілген зиянның мөлшері – 5,2 млн.теңге.

Елді мекендердің маңайына жасыл аймақ құру мақсатында 9982 гектар желек Қарағанды, Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал, Балқаш, Приозерск қалаларында және Абай, Бұқар жырау, Жаңаарқа, Нұра, Шет аудандарында өсірілуі тиіс. Облыста орман мекемелерінің ерекше қорғауында жергілікті 4, республикалық маңыздағы 5 табиғи аумақ бар.

Газдандыру жөнінде облыстың энергетика және ТКШ басқармасы басшысы міндетін атқарушы Ү.Үсенов баяндады. Оның айтуынша, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларында таратушы желілерді жобалауды «КАТЭК» ЖШС жалғастыруда. Қалаларды газдандырудың сызбасы келісілген. Кезектері анықталып, алғашқы іске қосатын кешендер белгіленіп те қойыпты. Топографиялық түсірілімдер мен инженерлік-геологиялық іздестіру үшін келісімшарттар жасалған. Жер телімдерін рәсімдеу бойынша әкімдіктермен бірлескен жұмыс жалғасуда.

Қарағанды қаласында барлығы 4 кезек және 16 қосу кешендері нақтыланған. Бірінші қосу кешені арқылы Михайловка бөлігінің жеке секторын газдандыру жобалануда. Теміртауды газдандыруды үш кезекте және 9 қосу кешенімен жүзеге асыру көзделуде. Бірінші қосу кешенімен соцқаладағы жеке сектордың 3 мың үйі қамтылады. Ал, Жезқазғанда жобалау жұмыстары тәмәмдалуға жақын. Жалпы, жобалау кестеге сай. Тамыз айынан бастап, аталған жобалар сараптамаға берілетін болады. Біріші кезекте Жезқазған қаласының жобасы жолданса, қалған екі шаһардың жобасын қыркүйекте тапсыру жоспарлануда.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button