Он үшінші декабрь

Қадірлі оқырман! Желтоқсан – Алаш жұрты Азаттыққа ұмтылған айға айналғаны таң қаларлық жайт. Тәуелсіздік жолындағы теперіш өткен жүз жылдықтың соңында ғана емес, сол ғасырдың алғашқы ширегінде де белгі берді. Бұл ретте, ойлы оқырман назарына «Жас азамат» газетінің 1918 жылғы 26 желтоқсандағы №17 санында басылған төмендегі екі мәтінді ұсынып отырмыз. Шығарушы – Қошмұхамет Кемеңгерұлы. Бастырушы – «Алаш» серіктігі. Газеттің бірінші бетіне тұтас берілген аншлаг.

РЕДАКЦИЯДАН.

[1917 жылғы] 13-інші декабрь – Екінші жалпы қазақ съезінің Ақ орда тігіп, Алтын ту көтеріп, автономиялы жұрт боламыз деген күні. «Автономияға мал-жанды құрбан қыламыз!» деп қойған соң, күңіреніп Құран оқығанда, ақжүрек адал ниетпен ақсақалдар, жастар тілек қылғанда, қуанғаннан моллалардың көңілі босап, еңіренген күні. Мінеки, сол ұлт қанын тасытқан, үміт құрағына ат шаптыртқан тарихи 13 декабрге – тап бір жыл.

Осы бір жылдың ішінде Алаш тізгінін қолына алған «Алашорданың» басынан кешкен ауырлықтары көп болды. Әлі де тар кешу, тайғақ жолдар болуы мүмкін. Ұлт тілегі бір күнде тездікпен һәм жеңілдікпен орындалмайды, «от алып, қамысқа түсуді» көтермейді.

13 декабрдің қазіргі алдымызға тартқан жемістері Алаш автономиясына іргетас салды. Бұл – бір. Шашыраған ұлтшылдықты бір ізге салып, бір жерге жинап, ұлт күресіне үлгі берді. Бұл — екі. Жалған ұлтшылдардың өрісін тарылтты. Бұл — үш.

Осындай, өлгенді тірілткен, өшкенді жандырған, өткен дәуренді, ұшқан бақты еске түсірген 13 декабрді өте құрметтеп өткізуге, саясат дүниесі сау қалпында емес.

Бірақ, қоюланған түн тараңқырап, кейін бұлт ажырап, нұрын төгіп, таң ататын. Ерте ме, кеш пе, 13 декабрь Алаш елінің ардақты күндерінің бірі саналар. Алаш тарихына алтын сиямен жазылар.

 [«Жас азаматты» алып оқитындардан сұраймыз:] «Россия бостандығының тарихын тізетін орын аштық. Соған 1917 жылдың февраль өзгерісінен бері болған оқиғаларды, съездердің қаулыларын, таратылған жарнамаларды, кітаптарды, 1905 жылдан осы күнге дейін жұрт үшін жанын салып, бостандық жолында қызмет қылып келе жатқан ұлт адамдарының жайынан баяндама һәм басқа нәрселерді жинап, осы орынға жіберіп тұрыңдар» деп жар салып сұрап отыр. Сондағы мақсаты: мемлекет өзгерісінің (революцияның) тарихын тізіп, бұқара халықтың алдына айна қылып, өз мақсатын өзіне көрсетпек. Мәдениет жолына аяқ басам, жарыққа қол сермеймін, деген жұртқа өзінің һәм басқаның бұрынғы кім екенін танып, таразыға салуы үшін тарих керек.

Өткенді еске түсіріп, жақсыдан жаманды, қараңғыдан жарықты айырып, адамның көз алдына айқын ашып көрсететін — осы тарих. Надандық ұйқысынан жаңа бас көтеріп, жарық жолға қарай қарманып, қолсермеушінің бірі – біздің қазақ. Және сол жарық жолға жетуге дауа болатын көп құралдың бірі де – тарих. 1914 жылдан бергі дәуірді дүниежүзі тексере қарап, күндегісін күнде тізіп, тарих таразысына салайын деп отыр. Тарихты анау-мынау кісі жаза бермейді. Тарих жазушы санаулы болады, және ол адам көп еңбек сіңіріп, есі кетіп, жан шыққанда барып, өзінің ақылы мен миын харып қылып, ойдан-қырдан жинастырып алып қана, ісін жарыққа шығара алады. Мінеки, сондай адамның жұмысының оңайланып, ойлаған жеріне тез жетуі үшін, оған көптің жәрдемі керек. Сөз қысқасы:  « Біздің түпкі мақсатымыз 1914-інші жылдан бері қарай болып келе жатқан өзгерістерде халық басынан қандай күндер, қандай күйлер кешірді, соларды Алаштың ұлтшыл азаматтары шамасы келгенше осы күнгі газеттеріміздің басқармаларына жинап жіберіп тұрса екен, – дейміз.

Керекті материалдар:

1914 жылы басталған зор соғыстан ел арасына қандай өзгеріс кірді, қай жерде қандай істер болды? 1917 жылы бостандықтан соң, қандай мекемелер ашылды. Олардың қаулылары, істеген істері [қандай?] ел ішіне қандай жаңа кітаптар, жарнамалар таратылды? Қандай газет-журналдар шықты? Қандай қауым, ұйымдар ашылды?

Олардың істеген істері (Большевик уақытында болған оқиғалар, олардан қайда, қандай зиян келгендігі). Қазақ үшін жанын салып, бостандық үшін аянбай азап шегіп, жұртты өрге сүйреп келе жатқан азаматтар жайынан һәм басқалар. Осы материалдарды «Қазақ», «Сарыарқа», «Жас азамат», «Абай» басқармаларына осы бастан жинауға қам қылып, оларға Алаштың азаматтары тартынбай, керекті нәрселерді уақытымен жеткізіп тұрса екен дейміз. Бір керек нәрсе осы.

Б.М.

Он үшінші декабрь күніне
арнаймын

Езілген Алаш еліне,
Сарыарқа, сайран жеріне,
Сары дала, асқар беліне,
Өздері ие болуға.
Еркімен көшіп-қонуға,
Қазақ-қырғыз баласы,
Жиылып бірге, бас қосып,
Ерік теңдік алуға,
Негіз салған күн бүгін.
Қазақ-қырғыз айбынын,
Барлығы мен байлығын,
Дос-дұшпанға көрсетіп,
Белгіліп елдің жер шетін,
Қолына жасыл ту алып,
Ақорда құрған күн бүгін.
Тілеген көптен тілегің,
Сезінген көптен жүрегің.
Алтын Туы қолында,
Тұрмыстың айқын жолында,
Іске асыру қамында,
Жарыққа салған күн бүгін.
Қазақ-қырғыз елінің,
Еңіреген ұлтшыл ерінің,
Есінде дәйім болатын,
«Ұлт тойынан» саналатын
Он үшінші декабрь —
Тарихи күнсің, Сен бүгін!

М.Н.
Баспаға әзірлеген ғалым
Зарқын ТАЙШЫБАЙ.