Он бес жас: бала әлде бойжеткен?

…Әлеуметтік желілердің бірі еліміздегі белді телеарнаға сілтеме жасай отырып, «Нағима есімді бойжеткен сезімге алданып, жүкті болып қалған. Ол былтыр он бес жасында ана атанып, тұңғышын дүниеге әкелді. Алайда, сәбидің әкесі хабарсыз кеткен» деген жаңалықты бергені бар. Жаға ұстатар бұл хабарға ешкім таңданбады да. Тіпті, әлгі бойжеткеннің сәбиін өлтіріп, қоқысқа тастамағанына қуанатын дәрежеге жеттік десек артық айтпаспыз. Ал, аталған жайттың ар жағында үлкен трагедия жатыр – ол ойнақтап жүріп от басқан қыз бала мен тумай жатып әкесіне керексіз болған сәбидің тағдыры. Ол аздай, үміті ақталмай, қаңқу сөздің құрсауында қалған ата-ананың жай-күйі ше?!


Жалпы, тізе берсек қоғамда мұндай жағдайға душар ететін факторлар жетерлік. Соның бірі – баршаға мәлім ҰБТ жағдайы. Оны уайым қылмайтын ата-ана жоқ шығар. Перзенттерін 10-11 сынып, яғни, екі жыл бойы ҰБТ-ға дайындайды, жақсы балл жинап, өтіп кетсе жақсы, ал, өтпей қалса ше?! Осы машақатты айналып өту мақсатымен көптеген ата-ана баласын 9 сыныптан соң колледжге амалсыздан береді.
Сүт иісі кете қоймаған 15-16 жасар бүлдіршін қыздың осылайша «студенттік өмірі» басталып кетеді. Оң-солын танып үлгермеген балғын қыздың психологиялық-эмоционалдық жай-күйі де ата-ананың қырағы көзінен тасада қала береді. Бейтаныс қала, басқа орта, оқу барысындағы өзгерістер, жатақханадағы жаңа өмір. Тағы бір мәселе – әлеуметтік желі әлемі.
Қыз бала ең алдымен бой түзей бастайды. Технологияның дамыған заманында желідегі сән әлеміне емін-еркін кіреді. Ондағы түрлі сән блогерлерінің ақыл-кеңесімен соңғы үлгімен киінуді үйреніп, тырнақ, кірпік, шаш үлгісін өзгертеді. Елестетіп көріңіз, 15 жасар қыз баланың әлемдік деңгейдегі сән бикештерінен еш кем түспейтін һас сұлуға айналып шыға келгенін. Сөйтіп, ерте бастан бой түзеген қаракөздеріміз жігіт атаулының арманына айналады. Ал,15- 16-дағы қыз баланы төңіректейтін 17-дегі бозбалада қайбір жауапкершілік болсын?! Тіпті, ол тұрмақ, 20-25-тегі ақыл тоқтатқан бойжеткендеріміз опық жеп қалып жатқанда… Дегенмен, санасы бар бала шектен шықпас.
Статистикаға сүйенсек, жасыратыны жоқ, жастардың үштен бірі «үлкендерше өмірді» 15 жастан бастайды екен. Мұның салдары – түрлі венерологиялық аурулар, ерте жүктілік соңы – жасанды түсік. Көрсеткіштер жаға ұстатады. 2017 жылы 15-16 жастағы жасанды түсік жасатқандардың саны – үш жарым мың. Бұл – мамандар жүргізген зерттеу нәтижесі ғана. Ал, жасырын түрдегісі бірнеше есе көп болуы ықтимал дейді олар.
Қаладан көрі ауыл жастары жалған сезімге жиі алданып, шалыс басады екен. Ерте жүктілікте де ауыл жастары көш бастап тұр. Сондайақ, сәтсіз махаббаттың салдарынан жасөспірімдер арасындағы суицид те елімізде өршіп тұр. Қазақстан ТМД елдері арасында екінші орында. Мұндай орны толмас өкінішті, қайғылы жағдайға тап болған қыршын ғұмыр мен шариғат заңын айтпағанда, суицид жасаушының жақындарының болашағының бұлыңғыр болып қалатыны өз алдына бөлек әңгіме.
Әрине, ата-ананы жазғырудан аулақпыз. Қатарлары енді ғана студент атанғанда, олардың балалары үлкен өмірге аяқ басып, жұмыс істеп ақша таба бастайды. Жоғары оқу орнының құнын да өздері төлеуге қабілетті. Оның өзінде жоғары оқу орындарында оқытылмайтын мамандықтарды игергендердің асығы тез түгенделеді екен. Мәселен, шаштараз, аспаз, тігінші, фельдшерлік сияқты мамандықтарды бітіргендер толыққанды маман ретінде есептеліп, жұмысқа тұру мүмкіндігі де артады екен. Ал, жаппай үрдіс болған заңгер, қаржыгер сияқты тағы басқа беделді мамандықтарға 4 жыл оқып, кейіннен магистратура, PHD кезеңдерін оқу керектігін есепке алсақ оқудың ұзаққа созылары анық дейді мамандар.
Айтпағымыз, қыз баланы халқымыз ошақ басындағы ырыс-берекенің ұйытқысы, шаңырақтың шырайын келтіретін мейрімді ана, әдепті келін, ер-азаматын ұлы істерге жігерлендіретін адал жар болуға икемдеп, тәрбиелеген. Ал, Ұлтының ұяты болып табылатын қыздарымыз осындай өнегенің арқасында бүтін елдің намысын қорғар батыр ұлдар өсірді. Жаппай жаhандану деп аталатын ұлы көштің бел ортасындағы халқымыз осындай ата-баба салтынан ажырап қалмайды деп сенеміз.

Орынтай ТӨЛЕУБЕКОВА.