Ақтоғай

ҚОЛЖЕТІМДІ НЕСИЕ

            Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолайлы бизнес орта қалыптастыру арқылы ел экономикасында оның үлесін ұлғайтуға үнемі көңіл бөліп келеді. “Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті жаппай дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы” — соған бір дәлел.

Осы бағытта аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыс жөнінде “Ақтоғай несие серіктестігі” ЖШС-нің басқарма төрағасы Абдолла Мырзабеков былай дейді:

— Бұл бағдарлама аясында малды көбейту мен бордақылауға, жеке кәсіп ашуға ниеттенген адамға мол мүмкіндік берілген. Тек тұрақты жұмысы бары мен зейнеткер ол жеңілдетілген несиені ала алмайды. Ал, шаруа қожалығының жетекшісі мен жеке кәсіпкер “тұрақты жұмысы бар” санатқа жатпайды. Демек, 6% жылдық үстемемен, жеңілдік кезеңі қарастырылған несие алуына мүмкіндігі бар. Ол үшін ЖШС-нің құрылтайшысы құрамына кіру керек. Бұл — жеңілдетілген несиеден дәмесі бар барлық үміткерге қойылатын ортақ талап, кіру жарнасы жалпыға бірдей — 50 000 теңге.

Әңгіме несиеге келіп тірелгенде, көпшіліктің көңілін күпті қылатыны — қоятын кепілдік. Бірден айтайын, бізден несие алу үшін кез келген жылжымайтын мүлік (үй, қора-жай, қаладағы пәтер), мал, шаруа қожалығының жер телімі кепілдікке жарайды. Егер өзінде болмай, ағайын-туыспен “жең ұшын жалғасып” жатса да, қолдан қақпаймыз. Сондай-ақ, “ҚазАГРОгаранттан” қосымша кепілдік сұрауға болады. Оған дайындаған құжат біз арқылы өтеді.

Былтыр бұл бағдарлама арқылы несиеге республикалық бюджеттен 133 миллион теңге бөлінсе, біз оны 6 миллион теңгеге артығымен орындадық. Қомақты қаржы алғандар қатарында мал басын көбейту үшін 1,5-нан 10 миллион теңгеге дейін несие алған 16 шаруа қожалығы бар. Сондай-ақ, несие алу мүмкіндігіне ие болған “Тораңғалық” ауылындағы жеке кәсіпкер салынып жатқан демалыс орнының құрылысын жалғастырды, “Нүркен” ауылындағы шаруа қожалығы шөп шауып-жинайтын құрылғы сатып алды, “Қараменде би” ауылындағы шаруа қожалығы қыстаққа электр желісін тартты.

“Ақтоғай несие серіктестігі” ЖШС арқылы несие беру биыл екінші тоқсаннан бастап тағы жалғасады. Ол үшін үміткер осы бастан бізге тіркеліп, өтініш беруі керек. Өйткені, құжат дайындауға да едәуір уақыт кетеді. Қаражат келген кезде құжат дайын тұрса, несие кедергісіз рәсімделеді.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button