Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Олег ЩЕРБАКОВ

Олег Николаевич Щербаков 1925 жылы Украинаның Винница облысында село мұғалімінің отбасында туды.

Ұлы Отан соғысы алдында Одесса қаласында тұрып, оқу оқыды. Мектеп оқушысы Олег 1941 жылы Балқаш қаласына эвакуацияланып, М.Горький атындағы мектептің 9-10 сыныптарында оқыды. Олег жазғы каникул кезінде Балқаш мыс зауытының байыту цехында слесарь болып істеді. Ол фашистік басқыншыларға қарсы күреске өз үлесін қосқысы келіп, майданға жөнелту жөнінде Балқаш қалалық әскери комиссариатына бірнеше рет өтініш жасады. Бұл мақсаты да орындалды. Олег 10 сыныпта оқып жүргенде, 1943 жылы наурызда армия қатарына шақырылып, Ташкент қаласындағы танк мектебіне жіберілді. Танк мектебін үздік бітірген соң Ленинград қаласына жіберіліп, мұнда жаңа құрылып жатқан 152-ші Ленинград танк бригадасы құрамына кіріп, Карель мойнағында алғаш рет соғысқа араласты.

Олег Николаевич, әсіресе, кеңестік Эстонияны азат етуде ерекше көзге түсті. «Т-34» танкісінің командирі, кіші лейтенант О.Щербаков Эстонияда болған бүкіл жорық кезінде өзінің бригадасымен әрдайым барлауда болды. Тарту қаласының солтүстігіндегі жаудың бекінісін бұзғаннан кейін, Щербаков өзінің танкісімен 1944 жылғы 19 қыркүйекте Каривере елді мекеніне келіп, біздің танкілеріміздің жүруіне кедергі келтіріп тұрған екі зеңбіректі жойды. Бұдан кейін Рействере жолының қиылысына шыққанда бір «Фердинандты» талқан етті. Расику станциясы ауданында жаудың қалғанын бұзып, шегіне бастаған обозын баса көктей, Эстония астанасы – Таллинге қарай екпіндете жүрді. Таллиннің шетіндегі жаудың екі орудиесін жойып, қалаға бірінші болып кірді. Бұдан соң ол Таллин портына барып, жаудың кеткелі жатқан екі көлігін суға батырды.

 1944 жылғы 24 қыркүйектегі Ристи станциясы үшін болған ұрыста жаудың екі орудиесін және эшелонды әкетпек болған паровозды талқандады. Сондай-ақ, Олег Хаапсалу қаласы мен портына бірінші болып кірді. Эстониядағы соғыс жорығы кезінде кіші лейтенант Щербаков жаудың «Фердинанд» типті екі өздігінен жүретін орудиесін, екі бронетранспортерін, түрлі калибрлі 8 зеңбірегін, 150 солдаты мен офицерін жойып, әскер мен жүк тиелген екі көлікті суға батырды және бір өзі 50 солдат пен офицерді тұтқынға алды.

Эстония аумағында неміс фашистеріне қарсы ұрыстарда көрсеткен үздік соғыс қимылы үшін, батырлығы мен ерлігі үшін лейтенант Олег Николаевич Щербаковқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 24 наурыздағы Жарлығы бойынша Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақ берілді.

Олег Жеңіс күнін көре алмай кетті. Ол 1945 жылы наурызда Германия жерінде қаза тапты. Батыр аз өмір сүрсе де, өзінің есімін мәңгі есте қалдырды.

Оның есімі Эстонияның астанасы – Таллинде мәңгі сақталған. Мұнда батырдың ерлігіне арналған ескерткіш тақта қойылған.

Басқа материалдар

Back to top button