Бас тақырыпРесми

Қолдау бар жерде – самғау бар

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылу салтанатында жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында тың жобаларды жүзеге асырып, бағдарлама бағытын барынша байыту керектігін тілге тиек еткен. Осы орайда, мемлекет тарапынан қолдау тауып, кәсібін өрге домалатып, ел экономикасының өркендеуіне үлес қосып жүрген жас кәсіпкерлердің бары көңіл қуантады. Олар өзін де, өзгені де жұмыспен қамтып отыр…

Image of human hands during discussion of business plans

ЖАСТАР ЖЫЛЫ – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

Елбасы шағын несие берудің және оқыту ісінің оң тәжірибесінде барлық өңірде жас кәсіпкер бағдарламасын әзірлеу қажет екенін, жоба аясында жұмыссыз жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санын 100 мыңға жеткізу керектігін атап өткен болатын.

Осы орайда, мемлекет «Zhastar El Tiregi» ұлттық жобасы арқылы «Жас кәсіпкер» – жастар кәсіпкерлігін дамытуды, «Жас маман» – білікті мамандарды даярлауды қолға алмақ. Яғни, кәсіп ашуға ниетті жастарға үш жыл ішінде 15 мың шағын несие беріп, кәсіпкерлік қызметке 600 мың жастарды тартуды көздеп отыр. Сол секілді еліміздегі 20 жоғары оқу орны мен 180 колледжді жаңғыртып, ондағы 30 мың студент жастарды ақылы негізде тәжірибеден өткізу – аталған жобаның маңызды тармақтарының бірі. Тіпті, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын жандандыру мақсатында 15 мың жоғары оқу орны мен колледж түлектеріне жолдама беру жоспарларында.

Сондай-ақ, Елбасы Үкіметке «Бизнестің Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге бөлінетін қаржы көлемін 2 есеге арттыруды тапсырды.

Міне, мұның барлығы – жастар жылында бастау алатын жаңа мүмкіндіктер. Бұл мүмкіндіктерді толыққанды игеру жастардың жігерін жанып, оларды рухани һәм материалдық масылдықтан арылтары даусыз.

«БАСТАУ» – КӘСІПКЕРЛЕР МЕКТЕБІ

Облысымызда жас кәсіпкерлерді қолдау әрі жұмыстарын дамыту мақсатында Өңірлік кәсіпкерлер палатасы тарапынан бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Қарағанды облысы – «Бастау» жобасын жүзеге асыруда алдыңғы орында. Аталған жоба бойынша қарағандылықтардың стартаптарын қаржыландыруға 2018 жылы 2,5 млрд. теңге жұмсалған. Нәтижесінде облысымызда мыңнан астам жұмыссыздар жұмыспен қамтылып, түлектердің кәсіпкер атануына зор мүмкіндік туған. 2018 жылы біздің өңір 1989 жұмыссызды оқытып, көшбасшы позицияға ие болды. Осы ретте 712 жоба иелері несие алып, кәсіпкерлікті қолға алды. Жас кәсіпкерлер экономиканың әр саласында бақтарын сынап, нәпақа тауып жүр. Мал шаруашылығы мен жылыжай баптау ісін де қолға алғандар бар.

  • Мен «Бастау» бизнес мектебінде білім алып, тың идеяларды ойға түйдім. Негізгі мамандығым – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Бұл салада 1 жыл еңбек еттім. Жас кезімнен спортқа құлшынысым артып, грек-рим күресімен 10 жылдай айналыстым. Облыстық және республикалық турнирлерде топ жардым. Спорт шеберіне үміткермін. Біздің Қарабас кентімізде спорт саласы дамымаған. Осы мәселені шешу барысында, жастарды спортқа баулу үшін жалға спорт залын алдым. «Бастау» бизнес мектебінде білімімді жетілдіріп, оны ойдағыдай тәмамдап шықтым. Берілетін қаражатқа спорт залдың жабдықтарын түгендеп, ауыл балалары шұғылданатын спорт түрлерін көбейтсем деген ойдамын, – дейді «Бастау» бизнес мектебінің түлегі Азамат Ағыбаев.

Ал, жаңаарқалық жас кәсіпкер Алмат Алин ендігі еңбегінің жемісін көріп жатыр екен. «Бастау» бизнес мектебінде білімін жетілдіріп, тың жобасымен 2018 жылы Жаңаарқа ауданы әкімінің грантын ұтқан. Ол құс шаруашылығымен 2017 жылдан айналысып келеді. Бөдене, қаз, үйрек, күркетауық сияқты құстардың санын өсіріп, өнімін ауыл тұрғындарына ұсынып отыр. Мәселен, күркетауық жылына 100-ден артық жұмыртқа береді. Алты айда аталық күркетауықтың салмағы – 12 келі болса, аналығы – 8 келі тартады екен. Бір күркетауықтың бағасы – 12 000 теңге. Әлі де болса құс шаруашылығының ауқымын кеңейтіп, өнімді халыққа тиімді бағамен ұсынамын дейді жас кәсіпкер.

«Бастау» бизнес жобасының бизнес-тренері Меруерт Қасымованың айтуынша, Осакаров ауданының 40 тұрғыны кәсіпкерлік білімін жетілдіріп, жобаларын қорғауда. Оның 17-сі – жастар. Кәсіптерін ашу үшін бірі төмен пайызды несие алып, бірі жастарға арналған мемлекеттік гранттарға қатыспақ. Ауыл жастары ұсынып отырған бизнес жобалардың дені – мал және құс шаруашылығы. Дегенмен, жастар фотостудия, сән салоны, спорт залы, балаларға арналған ойын алаңдары, қымыз өндіру цехын ашу, жүк тасымалдау, құрылыс қызметін көрсету сынды жобаларды да жетілдіруде. Мұның барлығы – жастардың сергектігі мен белсенділігіне өлшем боларлық жобалар.

ӘКІМ ГРАНТЫ – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ

Жас кәсіпкерлерді қолдаудағы тағы бір маңызды жоба – облыс әкімінің гранты. Осы орайда, Шет ауданы, Қызылқой ауылының жас кәсіпкері Сая Олжатайға хабарласып, кәсібінің бүгінгі тынысын сұраған едік. Сая гранттың қаржысын түгелдей өндірістік жабдықтар мен құрылғылар сатып алуға жұмсағанын айтты. Ал, бос тұрған нысанға өз қаражатына жөндеу жұмыстарын жүргізген. Бүгінгі күні екі адамды жұмыспен қамтып отыр. «Маусымына қарай күніне 50-100 бөлке нан пісіреміз» дейді. Сұранысқа ие. Өз ауылынан бөлек, көрші ауылдың тұрғындары наубайхана өнімдерін тұтынады екен. Алдағы уақытта жас кәсіпкер жеңіл жүк тасымал көлігін алып, халыққа өздері жеткізіп беруді мақсат етіп отыр.

Ал, Осакаров ауданының кәсіпкері Болат Бабек «Smart friends lego» атты IT орталық ашқан. Мемлекет қолдауындағы қаржыға жиһаз бен робототехникалық конструкторларды Ресей, Татарстан Республикасынан тапсырыспен алдырған. Бүгінгі күні 60-қа жуық баланың сауатын ашуда. Келешекте кәсібінен түсетін қаржыға лазерлік кескін және фрезтровальдық граверовка машинасын алмақшы. Орталық ашылғаннан бері шәкірттері оң нәтиже көрсетіп, талай жобаларда жетекшісінің үмітін ақтаған. Соның бірі, V-ші «Robolend 2019» халықаралық фестивалінен 4 бірдей шәкірті озық танылған. Ал, Болат Республикалық «Елорда жастар сыйлығы» байқауынан «Ең үздік жас кәсіпкер» номинациясы бойынша бас жүлде (100000 теңге) иегері атанып, Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтан Алғыс хат алған.

ЖАҢА ЖОБА – ЖАСТАР ҮШІН

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұмыссыз, тұрақты табысы жоқ 18-29 жас аралығындағы жастарға арналған «Жас кәсіпкер» жобасын әзірлеуде. Аталған жоба «Бастау» жобасына ұқсас, онда оқытудың құрамдас бөліктері қамтылып, әр стартапты танымал бизнес-тренерлердің жеке сүйемелдеуі қарастырылған. Жаңа жоба нәтижесінде жастар іскерлік бойынша жаңа білім мен дағдыларды меңгеріп, нәтижесінде жеке кәсіп аша алады деген сенім бар. Қатысушылар кәсіп ашуға алғашқы капитал ретінде грант немесе жеңілдікпен қаржыландыруға мүмкіндік алады екен.

Оқу барысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлеген материалдар, тәжірибелік жаттығулар, кейстер, нарықтық экономика жағдайында кәсіпкерлік қызметті жүргізуде белгілі бір түсініктер мен біліктіліктерді жүйелеуге арналған іскерлік ойындары қолданылады.

Ең бастысы, кәсіппен айналысқысы келетін жастарға мүмкіндік бар. Біз жастардың бизнес идеялары мен стартап жобаларын қолдап, жетілдіріп, барынша бағыт бағдар беруге дайынбыз, – дейді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Геннадий Жмук.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button