Жаңалықтар

Қолданыста – тиімді тәсіл

Енді, жол қозғалысы ережелерін бұзушылар «еншісіне» тиесілі айыппұлды көліктен түспей-ақ, бір демде төлей алатын болды. Мұндай жаңашылдық жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің POS-терминалдармен қамтамасыз етілуінің арқасында мүмкін болып отыр.

Бүгінгі күні облыс орталығындағы 19 жол полициясы көлігі осындай құралдармен жабдықталған. Бұған қосымша, Қарағандыға жуық маңдағы және іргелес қалалардағы 21 полиция көлігі мен республикалық маңыздағы күретамыр жолдардағы полиция тіректерінде де аталған құрылғы қолданысқа енгізілген.

ҚР Әкімшілік кодексінде айыппұлды бір апта аралығында 50 пайыздық шегеріліммен төлеуге рұқсат ететін арнайы бап қарастырылған. Алайда, біршама банк бөлімшелерінде айыппұлды төлеу кодтары жоқ. Сондықтан да, айыппұлды POS-терминал арқылы төлеу – уақытты үнемдеудің тиімді тәсілі. Халыққа қызмет көрсету орталығына, банктерге бару, төлем жасау үшін кезекке тұру қажетсіз. Өйткені, жол полициясы қызметкері рапортпен бірге, төлем туралы түбіртекті қоса өткізеді, – дейді облыстық ІІД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Олжас Арынов.

Терминал кез келген банк карточкасын қабылдай береді және екі түбіртек шығарады, оның бірі – жүргізушіге, екіншісі – полиция инспекторына тиесілі. Ал, комиссиялық алым көлемі салынған айыппұлдың 1,5 пайызын құрайды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button