Қолдан жасалған қасірет

Қазіргі дерек көздері бәленің басы «аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасыннан» бұрын басталғанын дәлелдейді. Бұл – 1928-1932 жылдардағы ұжымдастыруды әкелген  тақыршекенің (Голощекин) «кіші қазан революциясы» кезіндегі сөз. Яғни, қазақты қолдан аштық жасап, қырып-жою 1920 жылдардан белең алған.

Қасақана ұйымдастырылған бұл нәубеттерге дейін қазақ даласында аштық деген ұғым атымен болмаған. Жұт болған. Қыс қатты жылы мал қырылып, жұтқа ұшыраған. Сондықтан, аштықта жеген құйқаның дәмі» деген сөздің өзі күмәнді. «Жұтта жеген» болуы мүмкін. 1932 жылғы ашаршылықта құйқа тауып жеген қазақ қырыла ма? Құйқа түгілі, тұяқ, теріге дейін қалдырмаған. Тіпті, кейінгі зерттеулерде архивтерден табылған салық тізімінде «бәлен келі ет, бәлен тұяқ, терімен» қатар, сау адамды жынды қылатын «жыланның терісі де» жүр.
Ашаршылық нәубетінің байыбына барғыңыз келсе, Еркін Рақышев пен Рамазан Құрманбаевтың деректі «Ашаршылық» фильмін көріңіз. «ХХ ғасырда жер бетінде қазақтай қасірет шеккен халық жоқ!» дегенге мен де иланам. Қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтар мен қуғын-сүргін арқылы қырып-жоюдан кейін жер бетінде қазақ халқының қалғанына қайран қалам.
Құдай сақтаған! Алаш арыстарының есебінше, ол кезде 6 миллион қазақ бар екен. Кейін, 1911 жылы 8 миллион қазақ болды деген деректер де табылып жатыр. Әбден мүмкін. Өйткені, ашаршылыққа дейін 6 миллион қазақ болса, Мұхтар Мағауиннің болжауынша, нәубет жылдары соның 4 миллиондайы қырылып қалды. Қалған 2 миллионның сорпа бетіне  шығарлары атылды, есі дұрыстары айдалды, сотталды. Соғыста қырылды. Кісі қолынан келген зұлматтан есеңгіреп қалған ел есін енді жиып келеді. Қолдан жасалған қасіретті ұмытпай, бабалар рухына тағзым ету – қасиетті парыз, ендеше. Алла сонымыздан айырмасын деп тілейік! 

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.