Ойын бизнесі опа бермейді

Облыста көлеңкелі бизнестің бір түріне айналған ойын автоматтарын кәсіп еткендер де, құмар ойынға салынғандар қатары да азаймай тұр. Өткен жылы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін 17 қылмыстық іс қозғалып, 19 адам жауапкершілікке тартылған. 103 ойын автоматы жойылған.

2019 жылдың ақпан айында қызметін бастаған Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті биыл ойын терминалдарының иелерін анықтау арқылы облыстағы құмар ойындар автоматтарының заңсыз қызметін анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлаған.

Сары және жасыл түсті ойын автоматтарын әдетте халық жиі кіретін дүкендердің қалтарыстарынан көруге болады. Әлбетте, орын жалға алынатындықтан, дүкен иесіне де тиімді. Заңдылығына бас ауыртпастан автоматты қоюға рұқсат етіп, ақшасын алса болғаны. Бірақ, осындай терминалдар қойылатын ғимарат иелері жалға алушылардың құжаттарының заңды екенін, аталған құрылғыларға заңмен рұқсат етілгендігі туралы құзырлы органнан қағаздар әкелгенін айтады. Мәселен, «Алтын арба» базарындағы контейнерлердің бірінде жасыл және сары түсті бірнеше терминал қойылған. Контейнер иесін таппаған департамент қызметкерлеріне жауапты аталған орынның жалға алушылармен жұмыс жөніндегі маманы берді. Оның айтуынша, базар иесі терминалдарға заңмен тыйым салынғаны туралы бейхабар. Жалға алған адам заңмен рұқсат етілген лото ойындары ойнатылатын терминалдарды ғана орнататыны туралы құзырлы органнан қағаз әкелген.

– Біз өз тарапымыздан шара қолданамыз, ал, істің заңсыздығын құқық қорғау органдары тексерсін, – дейді Владимир Романьков.

Заңмен тыйым салынған автоматтар бұл жерде сегіз ай бұрын орнатылған. Департамент қызметкерлері іс-шара барысында базар басшылығына ресми хабарлама қалдырып, 10 күн ішінде шара қолдануға ұсыныс жасады.

Қызметін заңды түрде жүзеге асыратын «Лото-клуб» та тексерістен тыс қалған жоқ. Рейд нәтижесі бойынша аталған орынның ҚР заңнамасы аясында жұмыс жасайтыны және лотерея қызметімен ғана айналысатыны анықталды.

Сәбит Рысқұлов, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі:

– Рейд нәтижесінде 3 қылмыстық іс қозғалып, 125 ойын терминалы заңсыз айналыстан алынды. Сондай-ақ, Теміртау және Абай қалаларында жүргізілген тексеру бойынша заңсыз бизнеспен айналысқандарға 2 525 000 теңге көлемінде айыппұл салынып, 46 терминал жойылды. Шахтинск қаласында да 14 автомат тәркіленіп, сотқа дейінгі тергептексеру жүргізілуде.

Айта кету керек, ҚР ҚК 307-бабына сәйкес, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға үй-жай ұсынғаны үшін жалға берушінің жауапкершілігі қарастырылған. Сондай-ақ, құмар ойыншылар да кінәлі деп танылып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 444-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылады.

Салтанат ІЛИЯШ