Мағауия Сембай

Ойсырап тұр орының

Бәріміз де пендеміз. Бірге жүрген адамның қадір-қасиетін тірі кезінде терең пайымдап, оған тиісті құрмет көрсете бермейміз. Тек, одан мәңгі бақи айырылған кезде ғана оның орны үңірейіп, ащы өксік өзекті өртейді.

Әрбір өлім өкінішті. Тіпті, өмірдің барлық қызығын көріп, жасарын жасаған адамдардың мына жалған дүниеден бақилыққа аттануы да олардың жақындары түгілі сырттай жақсы білетін, әсіресе, оның жақсылығын көрген, мейір-шапағатын, қамқор алақанының ыстық табын сезінген қаймана қазақтың да көңілін жабырқатады.

Ал, кемеліне келмей, жетпіске де жетпей, алпыстан енді асқанда, ойда жоқта кезіккен Мағаш достың өлімі оны білетін барша жұртты, әсіресе бес жыл бірге оқыған курстас достарды қатты есеңгіретіп кетті. Үлкенге ізет, кішіге ілтипат көрсете білген бауырмал, досқа адал, туысқа жанашыр Мағаштың қазасына халық көп жиналды. Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, тұңғыш ғарышкеріміз, Мағаудың жанашыр ағасы Тоқтар Әубәкіровтің қаралы жиында сөйлей алмай, көзіне жас алғанын көрдім.

Сонау Америкадан классик жазушымыз, Мағашпен сырлас, етене жақын болып кеткен ағасы Мұхтар Мағауиннің егіле жазған қазанамасын оқыдым. Еліміздің қай газеті болмасын Мағаш қайтқанда оның өнегелі, көргенді, текті жерден шыққандығын, оның биік адамгершілігін, жайдары мінезін көп жазды. Ақындар жырын арнады. Бәрі дұрыс, бәрі шын, бәрі ақиқат.

…1971 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне 41 ұл, 9 қыз түстік. Бүгінде соның тең жартысы бұл дүниеден озып кетті. Тіпті, кейінгі 5-6 жылда жыл аралатып қайтты біраз курстастарымыз. Солардың бәрімен болмаса да көбісімен қарым-қатынасты үзбеген осы Мағаш. Мен Абыралыдан, ол Қарқаралыдан еді. Ауылымыз онша қашық болмаған соң, әрі сол жылы мектеп бітіріп түскен 9 ұл-қыздың ең жасы екеуіміз болғандықтан, әрі бір Қаракесектің баласы болғандықтан екеуіміз, тіпті, жақын араласып кеттік. Ауырып қалғанда да Қарағандыға барып, көңілін сұрап қайттым. Телефонмен сөйлесіп тұрдық. Қазан айының соңына қарай көңілсіздеу сөйлесті. Ондай кезде мен де жабырқап қалып жүрдім. 1 қараша күні жіберген хатыма жауап болмады. Сол күні қатты ауырып, жан сақтау бөліміне түсіпті. Содан үш күн өткеннен кейін Сағат досы таңертең ерте Мағаштың өтіп кеткендігін айтып, хабарласты. Екеуіміз де жылап дұрыс сөйлесе алмадық.

Мен бұл естелігімде Мағаштың қызметіне, атқарған істеріне тоқталуды жөн санамадым. Ол туралы қаралы жиында, қонақасында, қайтқан күні өзі 22 жыл басқарған «Орталық Қазақстан» газетінің айқарма бетінде жеткілікті айтылды. Сондықтан, Мағаш досымның адами қасиеттерін көбірек сөз етейін деп қолыма қалам алдым.

Мен Мағаштың ұшқыр ойлы пікірлеріне, таным-түсінігінің алабөтен өзгешелігіне, кең зердесі мен қабілет-қарымына куә болған адаммын. Сондықтан да, мен оған үлкен құрметпен қарап келгенім тағы рас. Өз басым Мағаштың алдаспандай жарқылдаған шырайлы келбетіне, мұзжарғыш кемедей жарып жүретін екпінді жүрісі, ширақ қимылдарына қарап, ұзақ жасайтынның өзі деп ойлаушы едім. Амал не?! Шынымен «Алладан бұйрық келсе, аспандағы жұлдыз да жерге түсер» деген қағиданың растығын сан мәрте мойындауға тура келіп жатады. Мағаштың кездейсоқ қазасы сол ойымды тағы да растай түскендей.

«Тумақ бар да, өлмек бар» дейміз тағы да. Бірақ, бұл сөзді өзіңнің ең жақын досыңа қарата айтқанда, қабырғаң қайысып, ортаң ойсырап, қатарың селдіреп, жан дүниең қайғыдан қан жылап тұрады екен. Қариялар айтқандай, «опасыз жалған дүние-ай» деп аһ ұрады екенсің. Ол Қарағандыдан, мен Астанадан жиі хабарласып жүрген досыңның енді болашақта сенің қасыңда болмайтынына қалай иланасың?! Бірақ, ажалға шара бар ма? Алланың пәрменіне қалай қарсы тұра аласың?

Қарапайым тірлік кешіп, өзгені мойындата білу кез келген пенденің маңдайына жазыла бермейтін сирек құбылыс. Қай-қайсымызды болсын, бірде мойындап, бірде елегісі бірге жүрген кезде көзім жетті. Бірі білімділігіне табынатын, бірі ойының тереңдігіне бас ұратын. Ол мінезді азамат болатын. Ең бастысы – ол ағайынды, бауырды, дос-жаранды, тіпті, жатты да жақындастырып жүретін көсегелі жігіт еді. Бәрімізді іздеп жүруші еді. Бір ай хабарласпай кетсек, телефон соғып, ұрсып та алушы еді. Соның бәрін бүгін сағынышпен еске аламын. Мағаш бәрімізді сағындыртып, өмірден тым ерте кете барғаны қандай өкінішті десеңізші! Мұндайда әйтеуір «орнында бар оңалар» дегенді дәтке қуат етеміз.

Мағаш досқа адал, парасатты, кең қолтық азамат еді. Оның өн бойынан, жүріс-тұрысынан өмірге құштарлық есіп тұратын. Мағашта шалқыған даланың шуағы бар еді, заңғар таудың биіктігі бар еді. Қасиетті Қарқаралысына тартқан тұлғалық қасиеті бар еді. Ашынса, ашуынан – адалдық, кішілігінен – кісілік, ширықса, ызғарынан – ірілік, қаламынан – қасиетті Қарқаралысының лебі есіп тұрушы еді. Қарағанды өңірінде Мағаштың шапағатын көрмеген, қамқорлығын сезінбеген зиялы қауым өкілдері, әсіресе, жастар кемде-кем. Оны бәрі біледі.

Ол қашан көрсең де жалындап, ешкімге бас имей жүретін. Ұлтым дегенде, тілім дегенде қолды-аяққа тұрмай кететін. Ол – ескінің дана сөзі мен қазақтың қара сөзін бойына терең сіңіріп, жанына тоқып жетілген, өлең дейтін сөз патшасын құлағымен емес, жүрегімен тыңдап өскен зерделі азамат еді. Ол – қазақтың азаматына тән бауырмалдық, туған Қарқаралысын жақсы көру, туған-туысқа, достарына етінен ет кесіп беретін асыл қасиеттердің бәрін бойына жинаған. Ол – жан жары Мейрашын, қызы Айнұрын, әріптес достары – Ерсінді, Ерғазыны, Сағатты жанындай жақсы көрді.

Тау халқында «Сенің кім екеніңді көрейін, өліп көрші» деген сөз бар екен. Осы реттен келгенде Мағаш өзінің кім екенін көрсетіп кетті. «Өлгенін, жерленгенін күтіп жүрмей, талантты қадірлеңдер тірісінде» деп Қадыр ақын айтқандай, бір-біріміздің қадірімізге тірімізде жете жүрсек қой, шіркін! Мына бес күндік дүниенің жалған екенін Мағаштың мезгілсіз қазасы тағы да дәлелдеп өтті емес пе… «Тау алыстаған сайын биіктейді» дегендей, Мағаштың да артында қалған таудай істері уақыт өткен сайын айшықтала түседі. Мағаш туралы қысқа естелігімді бір шумақ өлеңмен аяқтайын…

Жоғалтып ап елге сыйлы
досымды,
Жылайды жүрек,
ұрғылайды төсімді.
Қарағанды елі мәңгі
Сені ұмытпас,
Мағауия Сембаев деген есімді.

Бейбітбек ӘБДІКӘРІМОВ,
курстас досы.

Басқа материалдар

Back to top button