Бас тақырыпЖаңалықтар

Қойдың жүні шіріп қотанда, пайдасыз болды шопанға

«Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға да кірісуіміз қажет. Осыған байланысты арнайы «Ауыл – ел бесігі» атты жобаны жүзеге асыру қажет. Бұл арқылы қазақстандықтардың жергілікті жердегі еңбегіне қатысты идеологияны қолға алуымыз керек. Бұл әкімшіліктердің міндеті». Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына айрықша тоқталып, «Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығаруымыз керек» деген еді. Осы жолғы «Қазақстандықтардың әлауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» атты жобаны жүзеге асыру қажет» – деп Мемлекет басшысы тапсырма берді. Ауылдық жерлерді қолдау бойынша бастамалар, айранын ұрттап, қойын құрттаған ағайынның үмітін үкіледі.


Осы орайда, біздің де айтпағымыз: ауыл тұрғындарының ақ адал еңбегі ақталып, төккен тері далаға кетпесе игі. Өйткені, ауылдағы ағайын бүгінгі күнге дейін көптеген қиындықпен қиюласып, мехнат тартып келе жатқандығы сөзсіз. Басқа жаққа тоқталмай, бірден қотанға оралайын. Қой өсіру – қазақ халқының ежелгі ата кәсібі. Сан ғасырлар бойы қазақтың басты байлығы, төрт түлік малдың ішіндегі қойдың жөні бөлек болған. «Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген аталы сөз де сол кезден қалған. Қой шаруашылығының дамуы елімізде соңғы жылдары кенжелеп қалғаны рас. Оның да бірнеше себебі бар. Малдың құнсыздығы, рәсуаның көптігі. Бір кезде малдың өзі де, еті мен терісі, жүні, сүті де түгел кәдеге асырылатын. Қазір малдың жүні мен терісі керексіз болып қалды. Теріні айтпағанда, қойдың жүні қотанда шіріп, немесе өртеліп, далаға лақтырылып жатыр. Бұл өтірік емес. Сонда қой жүні қажетсіз болғаны ма? Статистикалық мәліметке сүйенсек, Қазақстанда жүннен иірілген жіпке деген сұраныс жыл сайын 200 тоннадан асады екен. Өкінішке орай, бүгінгі таңда жеңіл өнеркәсіп өнімдерімен халық сұранысының тоғыз пайызы ғана өтейді. Келмеске кеткен Кеңес одағының соңғы жылдарында елімізде қой саны 30-35 миллионға жетіп, 100-105 мың тонна жүн өндіріліпті. Оның 60 пайыздан астамы сапалы, бағасы қымбат биязы жүн болып, әлемнің 12 еліне экспортталған көрінеді. Ал, қазір ше? Ауылдарды ала бұлттардай қойдың жүні басқан. Шаруа қожалықтары үшін қойдың жүні маңыздылығын жоғалтқан. Жүннің бағасы тиын тұрады. Тіпті, қойдың қырқыны шығын. Қойдың қамы үшін қырықтықшыға қыруар қаржы беріп отыр. Табыстың көзі болған қолдағы бар бағалы шикізатымызды пайдалана алмай, қоқысқа тастап жатқанымызда, қой жүні мен терісін пайдаланып, күреп табыс тауып жатқан елдер де бар. Мәселен, Аустралияда қой басы 50 миллионға жетіпті. Ал, алақандай Англияда 10 миллион қой бағылады. Бұл елдер қойдың етін ғана емес, негізінен жүнін пайдаланудың арқасында қыруар пайда табуда. Бізде бәрі керісінше. Себебі, қой жүнін өңдейтін өнеркәсіп қат және қой жүнінің 1 келісі 40 теңге тұрады. Оның өзінде сапасына қарай бағаланады
Бұл жағдаймен жете таныспын. Өйткені, қойшының баласымын. Көзімді ашқалы қой көрдім. Атам – Базар Қияшов қырық жыл қой бақты, әкем – Марат Кәрімов атамның таяғын ұстап қалды. Әлі де, асыл тұқымды қой өсіріп отыр. Сүйіндік Ақанов жетекшілік ететін асыл тұқымды мал басын сақтаушы «Жәмші» ЖШС құрамында кәсібінен нәсіп тауып отыр. Ақтоғай ауданына бара қалсаң, тұрғындар түйіні шешілмеген мәселе қойдың жүнін тілге тиек етеді.
Тарихты тарқата сөйлейік. 1975 жылы Ақтоғай ауданы қой шаруашылығын өркендетуде ең жоғарғы нәтижеге қол жеткізгені үшін Қазақстан КП Орталық комитеті, Қазақ КССР Министрлер Кеңесі, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің ауыспалы Қызыл Туымен наградталды. Ал, 1982 жылы «Жәмші» совхозы (бүгінгі Нұркен ауылы) аудан бойынша ең алғашқы болып республикалық деңгейдегі асыл тұқымды дегерес қойын өсіру шаруашылығы авторлық мәртебесін алды. Ол кезде «Жәмші» совхозының директоры Қауаз Мұқажанов еді. Осы жерде «Дала академигі» атанған атақты шопан Зікірия Көпбаевты айтпай кету мүмкін емес. Елбасымен кездесуге барған Зікірия ақсақал биязы жүнді дегерес қой мәселесін көтерген болатын.
Енді, дегерес қойының тарихына тоқталайық. Дегерес қойы – биязы жүнді, құйрықты қой тұқымы. Ол 1930 -1980 жылдар аралығында Алматы облысында жергілікті қылшық жүнді, құйрықты қой саулығын шропшир және прекос қошқарларымен күрделі зауыттық будандастыру арқылы шығарылған. Жаңа тұқым ретінде 1980 жылы бекітілді. Дене бітімі шымыр, сүйегі берік, кеудесі кең, құйрығы орташа. Жыл бойы жайылымда бағуға бейімделген, ұзақ жүруге төзімді. Қошқары тірідей 100 – 110 келі, саулығы 58 – 63 келі салмақ тартады. Қошқардан 6 – 7 келі, саулықтан 3 – 3,5 келі жүн қырқылады. Жүн талшығының ұзындығы 9 – 16 см. Таза жүн түсімі 66 – 68%. Дегерес қойы Қазақстан мен Орта Азияда өсірілетін жергілікті қылшық жүнді қойлардың жүн өнімділігін көбейту мен оның сапасын арттыруға кеңінен пайдаланылады. Оның ішінде, Алматы облысындағы «Бақанас», Қарағанды облысындағы «Жәмші» совхозында асыл тұқымды қой шаруашылықтарында, Қазақтың мал өсіру ғылыми-зерттеу институтының Мыңбаев атындағы тәжірибе шаруашылығында өсірілді.
Кезінде қой малының табыс көзі екенін зерттеген Кеңес үкіметі Қазақстандағы қой санын 50 миллионға жеткіземіз деп жоспар қабылдады. 1990 жылы қой саны 37 млн. болды. Негізінде, еділбай, дегерес, сарыарқа қойлары жерсіндірілді. Сонда басқа өңірлерден бөлек, облысымыздағы Ақтоғайдың Жәмші, ХХІІ партсъезд, Ақтоғай шаруашылықтарында 150 мың қой болды. Қазір Ақтоғай ауданында 97 мыңнан астам қой бар екен. Қой санының кемігенін осыдан-ақ, бағамдай беріңіз. Бұл жерде өңірде қой мен жүннің терісі ешқайда өтпегендіктен босқа рәсуа болып, далаға тасталып келгендіктен қой санының төмендеуіне де белгілі бір мөлшерде әсерін тигізгенін ешкім жоққа шығара қоймас.
Мұны бүгінгі күннің нарығымен пайымдайық. Қой жүнінің бағасы 1 келі етке қарағанда 32,5 есе арзан. Яғни, жүннің бағасы 40 теңге болса, еттің бағасы1300 теңге. Қазақта «Ала қойды бөле қырықсаң, жүнге жарымайсың» деген сөз бар. Біз қалай қырықсақ та жүнге жарығанымызбен, жарата алмай отырмыз. Біз танып, білетін қойдың жүнін «жабағы», «күзем жүні», «қозы жүні», «өлі жүн» және «шет-пұшпақ» деп бес түрге бөліп атайды. Қойдың жабағы жүнінен шидем шапан, күпі күседі, ішпек, терілік жасайды, тыстап күпсек (бөстек), көпшік, жеңіл байпақ тігеді. Қойдың жабағы жүнін түтіп, одан кейін матаның сыртына шықпас үшін қылшықтарын бүріп қайнатады. Бұл жүнді шайырынан тазарту үшін де істеледі. Жабағы жүнді киімнің, көрпенің арасына салады, неше түрлі иіру ісіне, бізбен, сыммен тоқу жұмысына қолданады. Түтілген жабағы жүннен шүйке жасалып, бау-шу есіледі, өрмек жіптері, неше түрлі жиектер ширатылады. Ал, күзем жүнінен, қозы жүнінен киіз басылады, текемет, сырмақ, қалпақ, кебенек, киіз етік, пима сияқты киім-кешектер жасалады. Турасын айтқанда, малмен ғана күнелткен ата-бабамыз қой жүнін киім де, төсеніш те, баспана да етті. Кейіннен осындай тамаша дүниелерімізден көз жазып қалдық. Оның ақиқатын айтсақ, себебі де, салдары да көп.
Бүгінде қой қотыр болмасын деп жабағы жүнін еріксіз қырқып жүр. Себебі, жүн өтпейді, керексіз шикізат болып қалды. Қазір Шәутеннің аяғында шәутиген шәркейді («Шәркей» Ілияс Жансүгіровтің әңгімесі) шығара алмайтын жағдайға жеттік. Біреулердің мәдениеттілікке жат деп қой жүнінен безінгендігінен бүгінгінің сыйқы осы. Келешекте жүн өндіру де халықаралық деңгейге көтерілер деп үміттенейік.
Үмітсіз – шайтан.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button