Руханият

Ой – өріс, оқу – шеберлік

    Қазақ руханиятының қабырғалы тұлғаларының бірі – Жайық мұраларына арналған «Бектұров оқулары» жазушы-журналист атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында осы аптаның ортасында өтті. Ордалы шаңырақтағы мазмұнды шараға облыс көлеміндегі отыздан астам оқу орнынан елуге жуық үміткер қатысып, рухани айдында сынға түсті. Мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің ой өрісі мен оқу шеберлігі кімді болсын бейжай қалдырмады бұл жолы…

Жастардың рухани айдыннан табылғаны ғанибет қой. Оның үстіне Жайық атамыздай кемелдіктің көш-керуенін кейінгіге жалғап кеткен біртуар тұлғаның шығармашылығы болса, қайтіп мағмұрланбассың! Редакторлық қызметі кезінде техникалық ақаудан «Ұлы Сталиннің» бір әрпі (ұ) ұшып кетіп, қияметтің қайымын кешкен Жәкең өзі ақтала алмай жүріп, Алаш арыстарын ақтау жолында басын бәйгіге тіккен. Қазақ басындағы ХХ ғасыр қасіретін білгің келсе, Жайықты оқы! «Енеден ерте айрылған төл сияқты…» немесе «Таңбасы» қандай! «Кеше жауыр аттың терлігіндей ауыр бушлат әкеп берді. Сауыс-сауыс. Балшық қаптап қойғандай, не басыма, не аяғыма жетпейді. Ызғарлы суық жан-жағымнан қасқырша шабады…» дейді ғой «Таңба» романының екінші бөлімінде. Бұл – қамауда жатқан Жәкеңнің өзі ғана емес, сол кездегі қазақ ұлтының азапты өміріндей… Биыл екінші рет өтіп тұрған «Бектұров оқуларының» І кезеңінде оқушылар мен студенттер осы тектес үзінділер оқығанда… Жан дүниеміздің астан-кес­тені шықты! Ал, ІІ кезең – «Жайық – жазықсыз жайсаңдар жоқтаушысы» аталымында қатысушылар жазушы тұлғасы мен оның шежірелі шығармалары төңірегінде ойтолғау, эссе жазып келіпті. Бұл кезең бойынша тапсырылған шығармаларды филология ғылымдарының докторы, профессор Жандос Смағұлов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ардагер журналист Сүйіндік Жанысбай мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қоғам қайраткері Бақытқали Мұсабеков саралап, бағасын берді. Қаламгер шығармасынан үзінді оқу аталымына халықаралық ардагер журналист, С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры баспасөз қызметінің хатшысы Сағат Батырханова мен аталған театрдың актеры Бекмұхамет Киікбаев қазылық етті.

Шара барысында жазушы шығармашылық мұрасына қатысты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Ашылуында Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Нұргүл Қасымханқызы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушы жастарға ақ жол тіледі.

Мазмұнды дүниенің маңызды тұсы – қазылар алқасы үміткерлер өнерін саралаған үзілісте жиылған көпшілік назарына шағын концерт қойылды. Онда Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері, «БОТА» интеллектуал жастар орталығы мен «Кәусар» өнер мектебінің өкілдері өнер көрсетті.

Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен өткен «ІІ Бектұров оқуларының» қорытындысында қазылар шешімінше, алғашқы аталым – «Тағдыр таңбасында» қаламгер шығармашылығынан үзінді оқудан Нариман Ахметов І дәрежелі дипломмен марапатталды. «Болашақ» маңызды білім беру колледжінің студенті Нарғыз Қабыкеш ІІ орыннан көрінсе, ІІІ орын Рәбиға Төлеуханға бұйырды. Ал, «Жайық – жазықсыз жайсаңдар жоқтаушысы» эссе жазу кезеңінде Жібек Хавсил ІІІ орын, Гүлнұр Арапбекова ІІ орын, М.Жұмабаев атындағы №39 гимназия оқушысы Фатима Нұренова І орын алды. Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталды.

Жәнібек ӘЛИМАН

ҚАРАҒАНДЫ қаласы 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button