Бас тақырып

Офицер – әскер абыройы

Дүйсенбі күні облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Vogue» мейрамханасында Тәуелсіздік күніне орай және Астананың 20 жылдығы аясында он екінші мәрте жас офицерлер балы өтті. Офицерлер балының басты мақсаты – әскери азматтарды ептілікке, әдептілікке, ұстамдылықа, төзімділікке баули отырып, эстетикалық тәрбие, рухани дамуына сеп болу. Салтанатты шараға облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ арнайы қатысып, құттықтады.

Аталмыш шара барысында патриотизм, Отан үшін қызмет ету – мемлекет дамуы үшін маңызды құндылықтар алтын қазық болды.

– Келе жатқан Тәуелсіздік күні құтты болсын! Құрметті жас офицерлер, бүгінгі күн әдемі сәтімен өмірлеріңіздің жарқын тұстары болып естеріңізде қалары анық. Жас офицерлерге қарап, қазақтың нар тұлғасы Шоқан Уәлиханов есіме түсіп тұр. Шоқан өзі сияқты әскерилердің қатарында парасаттылығымен, болмысымен ерекше көрінеді екен. Бұл біздің ұлттың бойындағы тектілік пен асқақ рухты білдіреді деп ойлаймын. Сол тектілік, асқақ рух сіздердің бойларыңыздан табылатындығына сенімдімін. Тәуелсіз елдің қорғаны болатындарыңызға сенім артамын. Елбасы «Өз Отаныңның патриоты болу дегеніміз – Қазақстанды жан-жүрегіңмен сүйе білу» деген еді. Сондықтан, бірлігіміз бекем, қорғанысымыз мықты болуға еңбек етейік, – деді Ерлан Қошанов.

Офицерлік бал – әскерилер арасында ежелден қалыптасқан үрдіс. Қай заманның әскерилері болмасын, жылына бір мәрте бас қосып, салтанатты кеште би билеп, көңіл көтеруді міндет санаған. Міне, осындай тарихы тереңде жатқан мерекелік шараға жиылған жұрт ерекше әсер алды.

Айта кетейік, офицерлер балына тек үздік деп танылған сарбаздар іріктеліпті. Әдетте қатаң тәртіпке бой үйреткен сардарлар бұл кеште ару қыздармен бірге вальс биледі. Эстетикалық әдеміліктің үлгісі бола білді. Вена вальсі концерттік бағдарламаның мәні мен сәнін келтірді. Көктемдей құлпырған сұлулар мен қайратты жігіттердің биі көпшілікті тәнті етсе, ҚР Қорғаныс министрлігі Ұлттық әскери патриоттық орталығының солисі Ағыбай Үдешов бастаған өнерпаздар жұртты тамсандырып, рухты ән шырқады.

Әскери азаматтардың Отанға деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімін арттырып, Ұлттық әскер сапында адал қызмет атқаруға үндеген шарада тәуелсіздік атты ұғымның маңыздылығы айтылды. Егемендікке қол жеткізу үшін жанын пида еткен бабаларымыздың батырлығы, ерлігі жастарға үлгі етіліп, ел мен жердің қасиеті әспеттелді.

Мерекелік шара соңында жас офицерлер естелікке суретке түсті.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button