Облыс – үздіктер сапында

Қарағанды облысы «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының көрсеткіштері бойынша үздіктер үштігіне енді. Жағымды жаңалықты облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуды көздейтін «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының алға қойған міндеттерін орындау бойынша аймақтардың рейтінгісі құрылды. ҚР ДСМ Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының ақпараты бойынша, ең жоғары көрсеткіштерге Астана, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары қол жеткізген.

Қарағанды облысында «Денсаулық» бағдарламасын жүзеге асыруға 2017 жылы 11,8 млрд. теңге бөлінген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, жарты жылда 6,4 млрд. теңге игерілген. Бұл қаражат халықты иммундауға, тегін медициналық көмек көрсетудің кепілді көлемі аясында дәрілік препараттармен қамтамасыз етуге, Ұлттық скринингтік бағдарламаны дамытуға бағытталған.

Заманауи ақпараттық технологияларды пайдалануға қатысты мінез-құлыққа қауіп тудыратын факторлардың алдын алу бойынша ақпараттандыру жұмыстары да жүргізілуде. Мысалы, облыста жүкті әйелдерге арналған SOS атқарымы бар «Босанғанға дейінгі қашықтықтан патронаж жасау» мобильді қосымшасы жасалған. Бұл қызмет түрінің көмегімен жүкті әйелдерге өздерінің учаскелік гинекологтарына қабылдауға онлайн-режимде жазылуға болады. Егер, жағдайы нашарласа SOS пернесі басылады және дабыл қоңырауы автоматты түрде жедел жәрдем станциясына түседі.

Жалпы, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы Елбасының тапсырмасы бойынша іске қосылған болатын. Стратегиялық құжат 2016 жылғы 15 қаңтардағы ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген. Бағдарлама 2021 жылға дейін көптеген мақсатты индикаторларға қол жеткізуді көздейді. Мәселен, Қазақстан Республикасы тұрғындарының өміршендігін 73 жасқа дейін ұлғайту, нәрестелер өлімін 2009 жылғы көрсеткіштен екі есеге төмендету, халықтың жалпы өлім көрсеткішін 2010 жылмен салыстырғанда 30%-ға азайту міндеті тұр. Туберкулез салдарынан өлім көрсеткішін 100 мың адам арасында 3,8-ге дейін төмендету, АИТВ-инфекциясының 15-49 жас аралығындағы топта таралуын 0,2-0,6% көлемінде ұстап қалу мәселесі де құжатта нақты айтылған.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.