Обалың АИБА-ға, Левит!

Василий ЛЕВИТ пен ресейлік Евгений ТИЩЕНКОНЫҢ арасындағы финалдық жекпе-жекке қатысты күллі әлем АИБА-ға айып тағуда. Қазақстандық БАҚ емес, бұл жолы әлемдік басылымдар халықаралық қауымдастық төрешілерінің әділетсіздігін сынға алуда.

Левит

Сын негізсіз емес. Бүгінде екі боксшы арасындағы жек­пе-жектің статистикалық көр­сет­кіші жарияланды. «CompuBox» жүйесінің есебі бойынша жасалған мәлімет­терге сүйенсек, біздің Василий қарсыласына екі есе артық соққы жасаған. Дәлдігі жағынан да Василий алда тұр.

Үш раунд бойы Василий Ресей боксшысына 234 соққы жұмсапты. Оның 62-сі (26,5 пайыз) дөп тиген. 179 ауыр соққысының 57-сі (31,8 пайыз) көздеген жеріне жеткен.

Ал, Тищенко небары 175 мәрте жұдырық сермеген. Оның, тек, 35-і (22,3 пайыз) ғана діттеген жеріне тиіпті. 109 ауыр соққысының 31-і (28,4 пайыз) ғана Василийге дарыған.

Аталған деректі қаперге алған халықаралық спорт басылымдары «Василийдің алтыны ұрланды» деп шу көтеруде. Алайда, Қа­зақстан бокс федерациясы бұл дауға қатысты арыз-шағым түсірмейтіндігін айтуда. Себебі, АИБА-ның мүшелік келісім-шартында «халықаралық қауымдастық шешімдері қайта қарас­тырылмайды» деген талап бар.

Десе де, еліміздің бокс федерациясы Левиттің күмісін алтынға бағалап отыр. Сондықтан, күміс медаль үшін мемлекет беретін 150 мың АҚШ долларынан бөлек, федерация президенті Тимур Құлыбаевтың шешімімен қосымша 100 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы берілмек. Осылайша, қазақ елі батырға лайық құрметті танытуда.

Тек, қазақстандық бокс­шының Рио Олимпиадасының тарихында күміс жүлдегер ретінде қалатыны өзекті өртейді. Обалың АИБА-ға, Левит!

Нұрқанат ҚАНАФИН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.