«Қоқысты әкім шашты ма?»

Футболды кім ұнатпасын?! Және ол жаһандық дода болса… Былтыр Ресейде өткен әлем чемпионатын төрткүл дүние тамашалады. Көппен бірге мыңдаған жапон жанкүйері де осы футбол тойының ортасынан табылды. Сонда жапондардың тәртібіне сүйсінгенім бар. Кезекті матчтан кейін үлкен-кішісі өздері отырған жердегі қоқысты жинап, шелектерге салып жатқанын көргенде тәнті болдым. Жапонның мәдениетіндей мәдениет біздің қанымызға сіңбегенін мойындау керек.

Кез келген бұқаралық шараның соңында әлгі орын қоқысқа көмілетіні өтірік емес. Наурыз, Жаңа жыл мейрамдарынан кейін қаланың орталық алаңында аяқ алып жүре алмайсыз. Жазда өзен-көлдің жағасына барсақ та сол. Топырағына аунап тұрып, соңымызда қалған қағаз-қапшықты, құты-шөлмекті ала кетуге ерінеміз. Кеше ғана елордада өткен марафоннан кейінгі көше сиқын көріп, ішім ашыды. Журналист Қайнар Олжай ағамыз парақшасына салып қойыпты. «Марафонға да мәдениет керек, бауырлар!».

Мәдениетіміздің кемшін екеніне жақында тағы бір мәрте көз жеткіздім…

Жексенбі. Күн еңкейіп келе жатқан. Ұлды жетектеп, «самокатын» бір қолыма ұстап, есік алдына шықтым. Қоқыс жәшігінің жанында топ кісі тұр екен. Арасында ақ жағалы жігіттер бар. Қыңқылдаған ұлды жөніне жіберіп, жиынға жақындадым. Әңгіме тақырыбы – әбден таныс. Қоқыс жайы. Үй алдындағы қоқыс жәшігінің жанында құрылыс қалдықтары мен көне жиһаздың үйіліп жатқанына екі-үш айдың жүзі өткен. Көршілерім әкімдік жағынан келген екі жігітті ортаға алып, сол қоқыс шығарып тастау мәселесін талқылап жатыр екен. Билік өкілдері қоқысты тастаған тұрғындарды тауып, жауапқа тарту мақсатында келіпті. Біздікілер қоқыс қожайынын дөп басып айтып бере алмай дал. Мына қызықты қараңыз… «Ол адамды тапқанша қоқыс жата бере ме? Әкімдік бір көлік ұйымдастырып, шығарып тастамай ма?» – деп бір әжеміз шала бүлінсін сонда. Қарап тұрып, зығырданым қайнады. «Қоқысты әкім шашты ма?» – дедім әлгі шешемізге…

Бір жарым айдай бұрын әлеуметтік желідегі парақшамызда «Қызыл диван кімдікі?» деген тақырыпта шағын жазба қалдырған едік.

«Бар бәле өзімізден. Дәп осы жолы «Акимат қайда қарап отыр?» деп кіжінудің қажеті шамалы-ау… Менің көршілерім қоқыс контейнерінің жанына үйдегі керексіздің бәрін үйіп тастапты. Мынау біздің үйдің балконынан қарағандағы көрініс. Жаздың басынан бері құрылыс қалдықтары салынған қаптар төбедей болып жатыр. Ал, қызыл диван жақында пайда болды. Бір-екі жыл бұрын коммуналшылар «қоқыс контейнерлерінің маңына камера орнатамыз» деген-ді. Сол камера болса, таспасын қарап көру керек еді. Қызыл диванның қожайынын танитын шығармын, бәлкім…» деппіз.

Әлгі топтың қандай ұйғарымға келгенінен бейхабармын. Тұра берсем, көршілермен арамызда ши шығып қаларын сезіп, кетіп қалып едім. Сыңайы – қоқыс қожайынын таппаған. Өйткені, арада апта өтсе де қызыл диванды ортаға алған таутау құрылыс қалдығы әлі жатыр…

Нұрқанат ҚАНАПИЯ,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің жауапты хатшысы.