Жаңалықтар

Оқырманмен 22 269 мәрте қауышу

      Осыдан тура 85 жыл бұрын газетіміздің тұңғыш нөмірі жарық көрген. Кімге болсын мәлім – СССР деген алып империяның Қарағандыдағы үшінші көмір ошағы ашылған сол кезде. Большевиктер экономикадан бұрын идеологияны алға салып отырған. Қайламен көмір шауып, шахтада еңбектеп жүріп қол арбамен тасып, жер үстіне түйемен «қара алтынды» тартып шығарған қазақтар көп болған. Соған орай «копай город» аталған, жер кепелер жыпырлаған ескі қалада «Қарағанды пролетариаты» деген атпен латын қарпінде қазақша газет шыға бастаған. 1931 жылғы 4 қазанда. Мың өліп, мың тірілген қазағымен бірге газет ашаршылықты да, саяси қуғын-сүргінді де, соғысты да, индустрияландыруды да, тың көтеруді де, кемелденген социализмді де бастан өткерді.
Газет аты содан кейін «Советтік Қарағанды» болып өзгерген. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап бүгінгі «Орталық Қазақстан» атауымен шығып келеді. Атауындағы қарпі де, бүгінгі тілмен айтсақ, фирмасы, логотипі де сол пішінін сақтады. Рас, тәуелсіздік алғаннан кейін қилы-қилы өзгерістерге ұшырады. 1997 жылы қарашадан бастап, ағаларымыз жасап кеткен бұрынғы түрін қайта қалыптап, Қаздауысты Қазыбектің «Сөздің атасы – бірлік, анасы – шындық» деген даналығын ұранға айналдырдық. Газетті ұлы бабамыздың рухы қолдап тұрсын деген ақ ниетпен.
Ал, ең бастысы – екі тізгін, бір шылбырын қолға алған еліміздің Тәуелсіздік таңы атқанын «Орталық Қазақстан» ақсақал жасы – алпысқа келгенде Алашынан алақайлап сүйінші сұраған. Содан бері елімен бірге Тәуелсіздік тұғырын нығайту, жаһандық жарыста жолда қалмау қамымен өз тарихын ақ қағазға қалдырып жатыр. Қанша сия, қанша бояу жұмсалды екен осы уақыт ішінде? 85 жылда талай аталарымыз бен ағаларымыздың, апаларымыздың қаншама жүйке тамырлары, көз майлары таусылды екен? Оқырманмен 22 269 мәрте қауышу оңай ма?
Құдайы көршіміз – орыста «Мономахтың бөркі ауыр» (шапка Мономаха тяжелый) деген тәмсіл бар. Анығы – Алтын Орда хандарының өзі түгілі, мініп келген атын да жайылып жастық, иіліп төсек болып күтеді екен орыс князьдары. Шалғайдан шалдығып жеткен ханның астындағы  атына бөркін толтырып, жем берген. Қазақы аттар ашқарақ емес. Асықпай баппен жейді екен. Князьдің қолы талады, әрине. Бөрікті «ауыр» деп жүргендері содан.
Менің қолымда «Орталық Қазақстанның» баяғыда латуннан құйылған клишесі бар. Бүкіл газет компьютерге көшіп, қорғасынмен бет жасау доғарылғанда осы баспаханаға барып, шашылып жатқан жерінен алақаныма салып, аялап алған едім. Ауыр-ақ. Салмағына қарай жауапкершілігі де жүз, мың тонналық деуге болады. Көтеріп келеміз бе, жоқ па, оны оқырмандарымыздың патша көңілі біледі. Біздің алдымыздағы ағаларымыз бен апаларымыз қара нардай қайыспай көтерген. Бүгінгі мерейтойда оларға біз бас иіп, мың тағзым дейміз.
Осы 85 жыл ішінде «Орталықты» оқыр­манымен бүгінге шейін 22 269 мәрте қауыштырған 468 қызметкер тер төгіпті. Ешқайсысын алаламаймыз. Бәрі еңбек сіңірді. Арамызда жоғын да, барын да бүгін құрметтеу парыз. Жоқтардың аруағы разы болсын. Барларының мерейі тасысын.

Мағауия СЕМБАЕВ,
Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері,
Г.Толмачев атындағы республикалық байқаудың “2009 жылғы таңдаулы БАҚ редакторы”
сыйлығының иегері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button