Қоңырқұлжаның сауыты

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейіне алғаш тапсырылған құнды жәдігердің бірі – Қоңырқұлжа ҚҰДАЙМЕНДЕҰЛЫНЫҢ сауыты. Оны мұнда Ақмола сыртқы округінің алғашқы аға сұлтаны Қоңырқұлжаның қызынан туған осы музейдің екінші директоры Леонид СЕМЕНОВ тапсырған.

Мұражайдағы құжатында «Жуан темір сымнан тоқылған торкөз сауытты Ақмола қаласына 1924 жылы Тұнғатаров деген азамат әкелген. Қоңыр әулетіне тиесілі болған сауыт Ақмола округінің 1832 жылы аға сұлтаны болған Қоңырқұлжа Құдаймендеұлыныкі» деп жазылған жәдігер Қарағандыдағы тарихи-өлкетану музейінің компьютерлік-анимациялық «Бабалар бейнесі» залында тұр. «Леонид Федорович Семенов – Қарағанды облыстық өлкетану музейінің екінші директоры 1935 жылы сауытты өзімен бірге ала келген. Екі жүз жылдан астам тарихы бар торкөз сауыттың салмағы 16 келі, жиырма мыңға тарта шығыршық белгілі бір тәртіппен сәнді тоқылған» дейді музейдің бас қор сақтаушысы Меруерт Қадырқызы. Сауыттың құжатында көрсетілгендей, жеңінің диаметрі 21 сантиметр, жағасының диаметрі – 28 сантиметр.

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Новосібір университетінің доценті, тарих ғылымдарының докторы Леонид Бобров атты орыс ғалымы Қарағандыдағы музейде болып, ортағасырлық қару-жарақты зерттеуші білгір маман ретінде Қоңырқұлжаның сауытын зерттеуге уәде беріпті. Артынша Новосібір университетінің хабаршысына сауыт жайлы шағын мақала жазады. Онда Қоңырқұлжаның сауытындағы берік бекітілген шығыршықтардың құрылымы мен дизайны XVII-ХІХ ғасырдың басына тиесілі екені, кіреукенің орта Азия қолөнершілерінің қолынан шыққан бұйым болғаны ғылыми дәлелмен айтылған. Және сауыттың нешеме соғыстарда батыр-сұлтандарды ажалдан қорғап, бірнеше жерден оқ-найза тигені айтылған. Мақалада мұндай сауыттың арнайы текті әулеттерге ғана атап тоқылатыны, ХХ ғасырдың басына дейін Қоңыр әулетінде болып келгені, сонымен қатар, ұқсас аналогтары Өзбекстан мен Қазақстанның кейбір аймақтарындағы музейлер мен жеке қорларда сақталғандығы баяндалған.

Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының бас директоры болған Марат Әпсеметовтің «Астана – мыңжылдықтар тарихы бар қала» атты кітабында Ақмола музейі жайлы «Астананың музей және мұрағат ісінің қайнар көзінде көптеген жылдар бойы Леонид Федорович Семенов болды. Ол 1923 жылы 1 наурызда Халық үйі жанындағы музейдің меңгерушісі болып тағайындалады. Әжесі Күләш жағынан оның нағашы ағасы Тұнғатаров оған батыр сауытын әкеп беріп: «бір кесе қымыз берсең болды» дейді. Музейдің алғашқы жәдігерлерінің бірі осылайша келген еді» деген дерек бар. Сонда М.Әпсеметов келтірген деректен сауыт иесі Қоңырқұлжа сұлтан екенін, Күләш – Қоңырқұлжаның қызы, ал, Тұнғатаров сол Күләштің сіңлісінен туған жиеншар, дәулетті көпес, есімі Нұрмұхамед екені айғақтала түседі. Түптеп келгенде, Леонид Семеновтың өзі Қоңырқұлжа сұлтанға жиен болып шығады. Сауыт сол кезде Батыс Сібір губернаторлығына қарасты 4-ші округтегі, яғни, Ақмоладағы музейдің алғашқы жәдігерлерінің бірі болған. Оны музейге орналастырған – музей ісінің жетік маманы Леонид Семенов. Кейін Қарағанды музейіне Р.Бекметовтен кейін директор болып келгенде, сауытты өзімен бірге ала келген.

Материалды мұражай және ғаламтор

деректері негізінде әзірлеген Жәнібек ӘЛИМАН.