Оқулықтағы олқылық он қадам арқылы түзеледі

1 қыркүйектен бастап Білім және ғылым министрлігінің сайтында EPUB форматындағы (кітаптардың электронды нұсқасының ашық форматы) 1-10-сыныптарға арналған оқулықтардың электронды нұсқалары шығады. Ол білім алушыларға электронды құрылғылар арқылы оқулықтарды қолдануға және оқушы сөмкесінің салмағын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұл туралы биылғы Тамыз кеңесінде Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ мәлім етті.

Сондай-ақ, министр оқулықтардың сапасын жақсартудың 10 қадамын ұсынған болатын. Оның ішінде, алдымен мұғалімдерді іріктеп, арнайы курстардан өткізу жоспарланған. Оқулық авторларын курстан өткізу арқылы, сараптама жүргізу ісін жақсарту көзделген. Бұдан бөлек, электронды платформа арқылы баспаларға айтылған ескертулердің нәтижесін бақылауға да мүмкіндік бар. Оған қоса, кітаптардың электронды нұсқасының ашық форматы арқылы оқулықтардың көлемін кішірейту және белгілі бір оқулықтардағы қате бағдарламаларды қайта жөндеуге болады.

Жүйе талабы бойынша алдымен сарапшылар оқулық сынақтан өтпей тұрып макетімен танысулары керек. Ол үшін арнайы электронды платформа құрылады. Сол арқылы ақпарат алмасып, жүйелі негізде жұмыс жүреді. Бұрын қате табылғанда оқулықты мемлекет өз есебінен қайта шығарса, енді бар жауапкершілік баспаға жүктелмек. Бұл туралы министр «Қателікті баспа жіберетін болса, өздері түзетуі тиіс. Санкция болу керек. Біз бюджеттегі қаражатты есепсіз шаша алмаймыз» – деген болатын.

Бұл орайда, әуелі оқулық сапасын сараптайтын мамандар оқытылатын болады. Осы мақсатта елдегі мың үздік мұғалім іріктеліп, арнайы курстан өтеді. 1 қыркүйектен бастап Білім және ғылым министрлігінің сайтында 1-10 сынып оқулықтарының электронды нұсқасы қолжетімді болады. «Әзірге биыл жіберілген қателіктерді тек электронды нұсқада түзетіп қояды. Келер жылдан бастап қателіктер болмайды» – дейді Білім және ғылым министрлігінің мамандары.

Облыстың білім басқармасы мамандарының айтуынша, биыл облыстағы мектептерді оқулықтармен қамтуға 2 млрд. 832 млн. 792 мың теңге бөлінді. Жаңа білім беру бағдарламасы бойынша 1,4,6 сыныптарға жаңа оқулықтар беріледі. Сондай-ақ, 1, 2 сынып оқушылары жұмыс дәптерлерімен және информатика, химия, физика, биология оқулықтарымен, арнайы мектептерге арналған өлкетану хрестоматиясымен қамтылады. Қазіргі таңда облыс бойынша оқулықтарды жеткізумен 10 мекеме айналысуда. Оқу әдебиеттерін жөнелту 5 тамыздан басталған.

Осы орайда, Денсаулық сақтау министрлігі 1-3 сынып оқушысының сөмкесінің салмағы екі келіден аспауы керек екенін мақұлдады. Сондай-ақ, 4-5 сынып оқушыларына әрі кетсе 2,5 келі көтеруге рұқсат. Ал, 6, 7 сынып оқушысының сөмкесі 3-4 келіден аспауы керек болса, 8-11 сыныптарға 4-4,5 келі деп бекітілген.

Аяулым СОВЕТ