Жаңалықтар

Оқшау жартас

Екінің біріне бұйыра бермейтін жауапты мемлекеттік қызметтерді де, халық қалауымен сайланатын депутаттықты да, баспасөзге басшылық жасау, қаламгерлікке төреші болу дегеннің бәрін де сұңғыла білім, талмас қажырымен басынан өткерген ардақты Марал ағамыз – қоғамдағы статусынан, басқалардың өзі туралы пікірінен бойы мен ойын тәуелсіз ұстайтын, жоталы тау жүйесіндегі көркіне көз тоймас оқшау жартастай сирек тұлғалар типінен еді (сексенінші жылдардың аяғына қарай, Қуаныш Сұлтанов обкомда идеология хатшысы болып тұрған кезде «Баспасөз секторы» бөлімі ашылып, соған «барлық жағынан компетентті» мінездемесімен тұңғыш басшы болған да – Марал Хасен болатын). Сол кісі өмірден өткенімен, балалары мен асыл жары Рымбала бұрынғы жазбалары мен жинақтарына ілігіп үлгермеген кейбір мақалалары мен аудармаларын топтастырып, «Жалғасқан ғұмыр» атауымен «Арко» баспасынан таяуда фолиант-кітап шығарды.

Жинақтың беташары секілді, қаламгердің өзі шығарған «Көңіл күйін тарқатқанда…» атты он бір буынды, жеті шумақты ғұмырнамалық фәлсафа-өлеңіндегі «көсіліп, бауыр жазып шаба алмадым» дегеніне, қарындасындай болған мына мен келіскім келмейді. Неге десеңіз, құдіреті күшті Тәңіріміз оған талант сыйлағанда, ғылым-білім негіздерін мектеп қабырғасынан үздік меңгерген, адамзатқа тән гуманитарлық құндылықты отбасы тәрбиесінен санасына сіңірген ол кеңестік тоталитарлық дәуірдің өзінде жоғарыдағы лауазымдардың бәрін жаратылысына тән ажарымен ердің жасы – елуге дейін ар-ожданы кристалдай замандастарын сүйіндіре, қара басының қамымен орынтаққа ұмтылғандарды күйіндіре отырып, абыройлы атқарды. Бюро мүшесі Маркеңнің үнемі атүстінде жүргенде машина апатынан тапқан сырқаты жылдар өткен сайын белсенді көрініс беріп, Тәңіріміз оның ендігі ғұмырында «қызмет» деп, «кеңсе» деп шапқыламай үйде отырып, соны тақырыпқа сарыла қалам тербеуін бұйырғандай көрінеді маған. Өйтпегенде, мұншама аудармашылық жемісі қолымызға тиер ме еді, бірінен соң бірі мұншама кітап баспадан шығар ма еді?!

Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың: «Алланың берген ризығына разы бол – басқалардан гөрі дәулеттірек өмір сүресің» дегеніндей, ұлы Абайдың: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дегеніндей, телегей-теңіз білімімен ақылды кітаптар түзіп, қоғамға білім-таным сыйлаған Марал Хасен бәрімізден бай, бәрімізден бақытты!

«Ибадаттың жеңілі – кемсөзділік пен кішіпейілдік» деп білетін Маркең өзіне сәлем беруге, әңгіме-дүкен құруға келген кісінің қадала қойған әлдебір сауалына ұғынықты жауап қайтарғаны болмаса, айнала жұртты аузына қаратып ұзын-сонар ақыл айтудан, білімімен жарқыраудан бойын аулақ ұстайтын. Әдетте әңгіме бастаған жанның сөзі, ортаға салған пікірі өз пікірімен үндеспейтініне қарамастан, сөз таластырмай күлімсіреп отырып тыңдайтын да, оған: «мүмкін, мұныңыз жөн шығар, ә!?» дейтін де, әманда қасында тұратын домбырасын қолына алып, қос ішектен мақпалдай жұмсақ үн шығара қаға бастайтын. Жасында «Ара» сатира журналында, Оспанхан Әубәкіровтің өзімен сайысқа қатар түскен Маркең емес пе, қарымта пікірін «Масадан әміршің болса, піл де болсаң қызмет етерсің» секілді сарказмға бергісіз қазақы мәтелмен, иә болмаса Лев Толстой сынды классиктің: «Во все времена главной чертой нравственности человека было его отношение к труду» тәріздес нақылымен елеусіз ғана түйіндей қоятын. Мұндай сәтте Рымбала бәйбіше мейманды жасаулы дастарқанға шақыратын да, жайма-шуақ көңіл ауанын тапқан аға: «ал қане, жайғаса беріңдер» деп алып, құлаққа жағымды үнімен сырлы әндердің бірін шырқай жөнелетін…

Адамгершілік қарым-қатынастың алуан қырын күнделікті өмір өнегесімен ұрпағына да, дос-замандасына да, әріптесіне де аңғарта білетін сұңғыла қаламгер Маркең тілдік-эрудициялық арсеналының молдығы, мінсіз стилистік шеберлігі, өзін-өзі әжуалай да білетін көркем мінезі, ерік-жігерінің мықтылығы арқасында, сырқатын алдарқатып-адастырып ұстау тәсілін еңбеккерліктен таба отырып, өлшеулі ғұмырының соңғы жылдарында аса жемісті жұмыс атқарды. Көкірек көкжиегі кең Марал Хасендей гуманитарияның тарих, саясат, филология, философия, жаратылыстану, қоғамтану салаларынан хабарының молдығы нәтижесінде шығарма мәтінін орыс тілінен қазақшаға, қазақ тілінен орысшаға еркін тәржімалайтын аударма ісінің профессоры арамызда көп емес. Осы кітапта М.Хасеннің өзі де, әріптестері де атап көрсеткендей, аудармашылық ісі әлеуметтік-экономикалық реформа жылдары ақсап қалды. Марал Хасен кейінгілерге рухани мұра қалдырмақ мақсатымен тіршіліктің әр күнін тиімді пайдалана біліпті. Осы бірегей өнегені неге жеткіншектерге үлгі етпеске!

Жүсіп Баласағұнның «Адамды екі нәрсе қартайтпайды. Бірі – жақсы мінез, екіншісі – жақсы сөз» дегеніндей, Маркеңнің бет-бейнесінен жетпіс жасты артқа салған кісіге тән кәріліктің табы білінбей-ақ кетті. Қағазы мен қаламы, оқи бастаған кітабы кереуетіне жақын тұратын үстелінен жиналмай-ақ өмірден өтті.

Рымбала ханымдай адал жардың қырағы күтімі арқасында Маркеңнің күрделі сырқаты оның аудармашылық қарекетіне кедергі бола алмай, кейінгі жылдар мұғдарында Буниннен бастап Хемингуэй, Хименес, Камю, Кавабата, Солженицын, Канетти, Маркес, Махфуз, Памук, Алексиевич, Мунро (барлығы 16 нобельдік сыйлық иелерінің) көркем туындыларын қазақшалап шығуына, Б.Қанапиянов сынды орыстілді қазақтың маңдайалды ақын-жазушысының екі том шығармаларын ұлт тілінде сөйлетуге, Сая Қасымбек сынды драматургтің бірнеше сахналығын орыс тіліне аударып беруіне сәтті мүмкіндік берді. Қаншама тіл өкілінің шығармасымен жұмыс жасаса, соншама халықтың мәдениетіне терең бойлайтын Маркең қазақтілді оқырман үшін архаизмге айналып бара жатқан «байбатша, бибі, арбакеш, бәдірет, ымырттау, алауошақ, масаттану, бәдендес, тақылеттес» секілді көптеген сөздерді қолданысқа қайтарды.

«Марал Хасен феномені неде?» деп, кейде өзіме сұрақ қойғанымда, соған жауапты замананың заңғар тұлғаларының бірі Олжас Сүлейменовтің: «То, что в нашей стране каждый казах по-русски говорит свободно, а многие этот язык знают в совершенстве – огромное преимущество нации» дегенінен табатын сияқтымын. Қос тілдің «жілігін шағып, майын ішкеннің» бірі де бірегейі Марал Хасен аудармаларындағы өзге ұлт авторлары шығармаларының қазақ оқырманына жол табуының сыры – өзге тілдің бояуын солғындатпай сапалы жеткізе алуында болатын.

Кітаптың сүбелі бір тарауы Марал Хасеннің анасы Әлкен Оспанованың бейнесін әспеттейтін, ол кісінің 110 жасқа толу құрметіне арналған конференциядан алынған әңгімелерге арналыпты.

Маркең мен Рекеңнің балалары, әкелерінің ісін жалғастырып, осы кітапқа кейбір тәржімелері енген, аудармашылықты қоса атқарып жүрген Тоғжан, Хорлан, Дархан, Дастан, Раушанның ата-анасына қамқорлық жасау дәстүрі де басқаға өнеге боларлықтай. Шетелге барған әр сапарынан жазылған «Хасен шалдың жалғызының Құддысқа сапары», «Бауырлас ел Болгария», «Франция еліне Алтын тойлық саяхат», басқа да очерктері де – оқырманның олжасы. Осыдан екі жыл бұрын Маркеңнің балалары ата-анасының кезекті датасына тарту қылып Нобель сыйлығына ие болған әлем жазушыларының кәсіби аудармашы Маркеңнің қалам қарымымен қазақшаланған шығармаларын «Нобель сыйлығының лауреаттары» айдарымен топтастырып, «Ұршықтайын иірген сөз мәйегін…» атты қалың кітап түрінде баспадан шығарып берді.

Арқаға кең танымал атақты қаламгерлердің 480 беттік жаңа жинаққа енген естеліктерін оқығанымызда, олардың М.Хасен қаламгерлігіне сырмақ өрнегіндей кестелі сөзбен, саф алтындай салмақты пікірмен баға бергеніне аса риза болдық. Қалың қазаққа танымал, облыс идеологиясының шаңырағына бақан болған бауырлар Марал Хасен мұраларын жеткіншек ұрпаққа жеткізу үшін, өз ішіміздегі жауһарларды да кеңірек таныту тұрғысында нақты практикалық қадамға барса, тіпті, керемет болар еді! Неге десеңіздер, газеттің очерк, фельетон, публицистика, интервью, саяси шолу, журналистік зерттеу сияқты жанрларына қалам сілтеудегі Марал Хасеннің тәсілі жас қаламгерлерге өнеге ғой.

М.Хасеннің осы кітапқа енген «Ортақол қазақ», «Қызыл етік», «Асыранды қаз» очерктері, ғалым Ақжан Машановпен сұхбатынан туған «Өмірдің мәні құштарлықта», Ш.Оразалиновпен жүргізген «Қарағанды – өндірісті қала» әңгімелеріндей еңбегі, сондай-ақ, оның әлем әдебиеттерінен аударған мұрасы «М.Хасеннің кітаптары жоғары, арнаулы білім беретін оқу орындарының тіл-әдебиетке, қаламгерлікке, тарих пен қоғамтануға қатысты кафедраларында хрестоматиялық оқулық сапасында тізіліп тұруы керек!» деген ұсынысты ортаға тастауыма жетелейді.

Сондай-ақ, қаламгерлік, аудармашылық өнерімен мәшһүрленген жанның рухына бағыштап бір сыйлық тағайындалса ләзім болар еді. Марал Хасеннің халықтың мәдениеті мен руханиятқа сіңірген орасан еңбегін, аудармашылық ісіне қосқан көрнекті үлесін атап көрсетіп, марқұмның көзі барында алмаған атағын отбасына табыстаса жарасар еді.

Ал, Рымбала бике болса, «Сапагерейдің аруағына арнап күйдірілген қызыл кірпіштен өрілген жеті қабат мұнара орнатқан Сүйінбике бола алмайтыным айдан анық, бірақ менің бар қолымнан келгені – мына жаңа кітаптың тысын қызыл гранит түстес сақтиянмен қаптаттым, менің граниттен соққан ескерткішім осы деп қабылдаңыздар!» деп-ақ отыр.

Назипа АСҚАР,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button