Тұлға

«Қоғам тәртібі назарда»

    Еліміз жыл санап қарыштап, өркен жайып дамып келе жатқаны қалың жұртқа белгілі. Елбасымыздың салиқалы саясатының нәтижесінде, 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тату-тәтті өмір кешуде. Осы бейбіт өміріміздегі тыныштықты сақтап жүрген тәртіп сақшыларының еңбегі елеусіз қалып жатқан жоқ. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің жұмысы қаншалықты ауыр болса, соған тиісті еңбекақы алып, мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Халқына адал қызмет етіп, есімдері дүйім жұртқа белгілі болып жүрген тәртіп сақшыларымыз да аз емес. Солардың ерлігін естіген жас өрендеріміздің бойларына асқақ рух пен асқан жігерлік сезімдері ұялары анық. Міне, ендеше, халқына адал қызмет етіп, қылмыс пен құқық бұзушылықпен күрес жүргізуге ниет танытып жүрген жастарымыздың саны күн санап артпаса, кеміген емес. Демек, бүгінгі әңгімеміз осы ішкі істер органдарына қызмет еткісі келетін жастарымызға арналады.

    «Заманына қарай адамы» демекші, күннен-күнге заң да өзгеруде, заңның талаптары да күшеюде. Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңына 2017 жылдың 11 шілдесінен бастап өзгерістер енгізілген болатын. Сол өзгерістер жайында егжей-тегжейлі білу үшін Қарағанды қаласының Ішкі істер басқарамасы Оңтүстік-шығыс полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ерлан Сәдуақасовты әңгімеге тарттық.

Ерлан Темірханұлы, алдымен құқық қорғау органдары қызметіне тұру шарттарымен таныстырып өтсеңіз.

Құқық қорғау органдарына қызметке жасы он сегізге толған, өзінің жеке, моральдік, іскерлік, кәсіби қасиеттері, денсаулығы мен дене бітімінің даму жағдайы, білім деңгейі жөнінен өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді атқаруға қабілетті Қазақстан Республикасының азаматтары ерікті негізде қабылданады. Ал заңмен белгіленген тәртіппен іс-әрекетке қабілетсіз немесе іс-әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған; әскери-дәрігерлік комиссиясының қорытындысына сәйкес лауазымдық өкілеттіктерді орындауға кедергі келтіретін сырқаты бар; қызметке жарамдылығын анықтау үшін әскери-дәрігерлік комиссияларда медициналық немесе психофизиологиялық куәландырудан, оның ішінде полиграфологиялық зерттеуден өтпеген; қызметкер құқық қорғау қызметінде болуына байланысты шектеулерді және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдаудан бас тартқан; құқық қорғау қызметіне тұрар алдында бір жыл ішінде қасақана құқық бұзушылығы үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданған; құқық қорғау қызметіне тұрғанға дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданған; қызметке тұрғанға дейін өзіне қатысты үш жылдың ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе қызметке орналасқанға дейін үш жылдың ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3, 4, 9, 10 және 12 тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған; сыбайлас жемқорлық жасаған; сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жұмыстан шығарылған; бұрын сотталған не қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35 бабы бірінші бөлігі 3, 4, 9, 10 және 12 тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған, сондай-ақ, мемлекеттік қызметтен, өзге де құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан, соттардан және әділет органдарынан теріс себептер бойынша шығарылған адам қабылданбайды.

Құқық қорғау органдарына үміткерлер қалай іріктеледі?

Құқық қорғау органдарына қызметке қабылданатын кандидаттарды іріктеуді, оларды алдын ала зерделеуді кадр қызметтері құқық қорғау органдарының нормативтік-құқықтық актілерінде айқындалатын тәртіппен жүзеге асырады. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға түсетіндерді қоспағанда, құқық қорғау органдарына қызметке алғаш рет кіретін азаматтар мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органда тесттен, оның ішінде жеке қасиеттерін бағалаудан өтеді. Құқық қорғау органдарына қызметке тұру кандидаттың бәсекеге қабілеттігінің көрсеткіші және оның кәсіби құзыреттерге сай келу дәрежесі ескеріле отырып, конкурстық негізде жүзеге асырылады. Бұрын құқық қорғау органдарының қызметкерлері болған адамдарды қоспағанда, қызметке кандидаттар тағылымдамадан өтуге міндетті. Құқық қорғау органдарының орталық аппараттарында, ведомстволарында конкурс өткізу кезінде хабарландырулар құқық қорғау органдарының интернет-ресурстарында, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз беттерінде жарияланады.

Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау қалай жүзеге асырылады?

Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында оқуға орта білімі бар, жасы он алтыға толған адамдар қабылдана алады. Жоғары білімі бар адамдар құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына қысқартылған оқу мерзімдерін көздейтін кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша оқыту үшін қабылдануы мүмкін. Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға түсетін адамдар, сондай-ақ, бюджет қаражаты есебінен оқу ақысын төлей отырып, құқық қорғау органдарының жолдамасы бойынша шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарының жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына түсетін адамдар білім беру ұйымдарындағы оқу мерзіміне және сонымен бір мезгілде білім беру ұйымдарында оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарында орта және аға басшы құрам лауазымдарында қызмет өткеру туралы күнтізбелік есеппен бес жылға келісімшарт жасасады. Келісімшартта тараптардың (оқуға түсетін адамның және құқық қорғау органының лауазымды адамының) өзара міндеттемелері мен жауапкершілігі белгіленеді және білім беру ұйымын бітіргеннен кейін құқық қорғау органында қызметті одан әрі атқарудың шарттары мен мерзімдері көзделеді. Жасы он сегізге толмаған адамдармен келісімшарт жасалған жағдайда, олардың ата-аналарының, бала асырап алушыларының немесе қамқоршыларының келісімі қажет. Құқық қорғау органдарының жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламасын іске асыратын білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқуын бітірген қызметкерлер құқық қорғау органдарында кемінде бес жыл, жалпы орта және кәсіптік білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламасын іске асыратын қызметкерлер кемінде үш жыл қызмет өткеруге міндетті. Қызметкер құқық қорғау органының білім беру ұйымын аяқтағаннан кейін құқық қорғау органдарында одан әрі қызмет өткеруден бас тартқан не келісімшартты мерзімінен бұрын бұзған жағдайда, ол өзін оқыту кезеңінде оқуға, степендия төлеуге, тамақтандыруға, заттай жабдықталымына және каникулдық демалыс кезеңінде оқу орнына бару және қайту жолақысы шығыстарына жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өткеруге міндетті. Ұсталуға тиісті сома келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейінгі қызмет атқарылмаған әрбір толық айға пропорционалды түрде есептеледі. Осы міндет қызметкер денсаулық жағдайы бойынша әскери-дәрігерлік комиссияның қызметке жарамсыздығы немесе шектеулі жарамдылығы туралы қорытындысы негізінде не құқық қорғау органы штаттарының қысқартылуына немесе оның қайта ұйымдастырылуына не таратылуына басқа лауазымға пайдаланудың, сондай-ақ, оны басқа құқық қорғау органы не арнаулы мемлекеттік органға ауыстыруы мүмкін болмаған жағдайларда қызметтен босатылған болса, оған қолданылмайды. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының курсанттарына каникулдық демалыс кезеңінде қалааралық автомобиль (таксиді қоспағанда), теміржол және су көлігімен тұрақты тұратын жеріне баруға және кейін қайтуға жол жүру ақысы төленеді.

Осыдан бұрын азаматтарды ішкі істер органдарына қабылдауда жас ерекшеліктеріне байланысты шектеулер болған. Қазір жас ерекшеліктеріне байланысты қандай өзгерістер болды?

Өте орынды сұрақ. Осыдан бұрын қатардағы және кіші басшы құрамға жиырма бестен аспаған тиісті білімі бар, әскер қатарында болған немесе Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери-оқу резерві дайындығынан өткен, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес әскери қызметтен босатылған немесе кейінгіге қалдырылған азаматтар алынса, қазіргі заңнамадағы өзгерістерге сәйкес қатардағы және кіші басшы құрамға үміткер азаматтардың жасы 35-ке дейін ұзартылды. Бұл дегеніміз – кадрларды жасақтау мәселелерінің ауқымы біршама кеңейіп, жасы 35-ке дейін азаматтарға да үлкен мүмкіндік ашылды деген сөз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, тәртіп сақшысы болам деп ниет білдірген әр жас оқырманға айтарым, Қарағанды қаласы Гапеев көшесі 7 үй мекен-жайында орналасқан Қарағанды қаласының ІІБ Оңтүстік-шығыс полиция бөліміне келіп немесе 34-80-18 телефоны арқылы жүгінуіңізге болады. Қоғам тәртібі назарда.

Сұхбатыңызға рахмет!.

Сұхбаттасқан: Оңтүстік-шығыс ПБ

МТАТ жетекші маманы

Индира Ерданқызы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button