Жаңалықтар

Нысан қызметі кеңейеді

Жекешелендіруге кеткен Теміртау қаласындағы «Спорт клубының» жабылуы ондағы  әкімшілік команда мен жаттықтырушыларға, құрылым бөлімдерінің қызметіне қиындық тудырмайды. Қайта облыстың қарамағына өткен нысан қанатын кеңге жаймақшы. Жүзу бассейні, Мұз айдыны сарайы, сондай-ақ, басқа да спорттық нысандар бұрынғыша жұмысын жалғастырады.  Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Наталья СУХОРУКОВА баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Теміртау қаласы әкімінің орынбасарының міндетін атқарушы Дәурен Есімхановтың айтуынша, 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендіру аясында Теміртау қаласының «Спорт клубы» бәсекелік ортаға берілуге тиісті нысандар тізіміне енгізілген. 2016 жылдың 29 желтоқсанына белгіленіп,нысанның бастапқы құны 1,1 млрд. теңгеге бағаланған. Содан кейін, бағасы 50%-ға төмендетілген екінші сауда 2017 жылдың 9 ақпанында өткен көрінеді. 23 наурызда өткен үшінші саудада баға 228 млн. теңгеге дейін төмендетілген. Бірақ, «Спорт клубын» сатып алушылар табылмаған. Сондықтан, ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңы бойынша, егер сатуға, қойылған мекеме үш мәрте саудаға шығарылғанда өтпейтін болса, таратылуға тиісті. Атаулы Азаматтық Кодекстің талабы бойынша, таратумен айналысатын ұйымның қарамағанда тұрған мекеме мемлекеттің меншігіне қайтарылады. Бұдан соң нысанның болашағы Үкіметтің шешімімен шешіледі.

– Жекешелендірудің берері мол. Біз Сәтбаев қаласындағы спорттық-сауықтыру кешенін өзімізге қабылдап алғанда оңтайлы жолмен шешкенбіз. Теміртау қаласының «Спорт клубының» барлық спорттық нысандар мен жұмыс орындары басы бүтін сақталады. Бапкерлер, жұмысшылар мен техникалық қызметкерлер құрамы – баршасы бұрынғыша жұмыстарын атқарады. Нысандар болса, облыстың меншігіне өтеді. Алдағы уақытта, Теміртау қаласындағы Олимпиадалық резерв бағытындағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің құрамына енгізіледі, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Наталья Сухорукова.

Айта кетейік,Теміртау қаласындағы «Спорт клубының» құрамында 50 метрлік жүзу бассейні, Мұз айдыны сарайы, «Металлург» стадионы  және Ақтау кентінің спорт кешені бар. Теміртаудың спорт клубының қызметкерлер саны – 270 адам, ал, клуб секцияларына қатысатын – 1727 бала 29 спорт түрі бойынша шынығуда. 1 желтоқсаннан бастап барлық жұмысшылардың құжаттарын қайта қабылдап, жаңа орындарға орналастырылады. Балалар мен жасөспірімдердің Олимпиадалық резерв спорт мектебін кеңейту мақсатында қосымша қаражат қарастырылуда.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button