«Әннің де естісі бар, есері бар…»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін, рухани діңгегін нығайтатын, тамырына нәр беретін мәдени дүниетанымдық кешенді бағдарлама ұсынды. Дәл осындай бағыттарды өздеріне бағдаршам, мызғымас темірқазық еткен ел ұлттық жаңғырудың кемеліне жететіндігін атады. «Рухани жаңғыру» аясында мәдениетінің бүгінгі даму деңгейі қандай, ақсап тұрған кейбір салаларды қалай аяқтан тұрғызуға болады? Міне, осындай сауалдарға жауап табу үшін Қарағанды Тәттімбет атындағы өнер колледжінің халық әндері бөлімінің оқытушысы, әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Дәуренбек Әркеновпен аз-кем сұхбаттасқан едік.

Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарасаңында сізге жолығудың сәті түсті. Айтулы мерекеңіз құтты болсын!

Рахмет! Өнер әлемінсіз, қандай мәдениеттің болсын рухын сезіне алмаймыз. Сондықтан, баршамызға ортақ мереке ғой. Сізді де мерекемен құттықтаймын.

Елдің рухани дамуы мен кемелденуі үшін ең маңыздысы мәдениет саласы екені мәлім. Негізгі әңгімемізге арқау «Рухани жаңғыру» мақаласына қатысты сұраққа көшейік. Сіздер Елбасының бастамасына сәйкес, өз тараптарыңыздан қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?

Мәдениеттің өзегі – өнер. Өнерін сүйген, өнерпазын үкілеген елдің мәртебесі жоғары. Ақсүйек өнерін бармақтың басына, тілдің ұшына қондырған халқымыздың шежіресі, көнекөз естелігі ең алдымен оның әні мен күйінде, жыр-толғауында жатыр. Осы үрдісті жалғастырушы, халықтың шығармашылық рухынан туған талай сұлу дүниелерді бүгінге жеткізуші өнер адамдары екендігі белгілі. Біз Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген мәселелерді қолға алып, кәсіби бағдар жұмысын үнемі жандандыруға күш салып келеміз. Мәселен, «Елім-айдан», Абайдың, Қасымның әндеріне дейін қаншама ғасырлардың жолы жатыр. Абайдың әні – ел тарихының сөзі, көненің көзі. Өйткені, ақының әні мен сөзінде қазақ даласы тұр. Туындыларында қазақтың қуанышы, мұңы, тауқыметі, өмір өнегесі, болмысы, ән мен жыр жұптасқан ғажап музыка бар. Осы дүниені біз ұрпақ санасында жаңғыртсақ рухани жаңғыру дегеніңіз осы. «Әннің де естісі бар, есері бар» дейді һәкім Абай. Ақын сөзінде ел болашағы тұр. Неге? Қасым ақын жалғыз қалғанда үнемі Мәдидің әндерін орындап көңіліне медеу тапты. Себебі, Мәдидің әнінде шексіздік, сөзінде ұлы рух болды. Сол арқылы ақынның рухы сынбай, өлмес өлең тудырды. Біздің міндет елге, оның ішінде, жас ұрпаққа ұлағатты іс атқару.

Сөз басында халқымыздың шежіресі әні мен күйінде, жыр-толғауында жатыр дедіңіз. Бүгінде сол әнді бұрмалап, сөзін басқа мәтінге ауыстырып айтып жүрген әншілерді көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Сіз бұған не дейсіз?

Оныңыз рас. Егер, біз ежелден келе жатқан әнді бұзып, сөзін өзгертсек рухани жаңғыруымыз құр әңгімеге айналады. Бір кезде Ақселеу Сейдімбек пен Жәнібек Кәрменовтің сыр-сұхбаттық әдеби-сазды бағдарламасы болды. Сонда ақын Жарасқан Әбдіраштың «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады» деген сөзі елдің арасында афоризмге айналды. Сол бағдарламада көнеден жеткен әннің шығу тарихы, мәтінінің түп негізі терең талданып, көрерменге, өнерсүйер қауымға рухани азық сыйлады. Қазір ондай бағдарламалар жоқтың қасы. Жүрген жерімізде әннің траихын жеткізіп, әуеннің, сөздің бұзылмауын айтып дәріптейміз. Колледждегі шәкірттерге үнемі айтып ескертеміз.

Өзіңіз білім беріп жатқан колледж жұмысы туралы тоқталып өтсеңіз?

Арқадағы білім мен мәдениеттің ошағына айналған өнер ордасы – Қарағанды Тәттімбет атындағы өнер колледжі. Облыстың алды, руханияттың үлгісі болып отырған айтулы білім ұясының мәдениеттің ордасы екенін, бүгінде облыс емес, республика мойындап отыр. Осал болуы да мүмкін емес. Өйткені, біздің бөлімде дәріс беретін білім ордасының басшысы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, Арқа ән мектебінің дарабоздары Мейірхан Адамбеков, Жақсыгелді Кемалов, «Құрмет» орденінің иегері Сержан Мұсайын және өзім барынша әр шәкіртке білгенімізді үйретіп жатырмыз. Арқаның аспандаған, мың бұралған, үкілі, айдарлы әндерін үйретіп дәріс береміз. Тіпті, бүгінде аталған ұстаздардың шәкірттері Гүлмира Тапай сынды талантты әншілер сабақ беріп жатыр. Одан бөлек, осы бөлімді бітірген түлек Алтынай Ақшалова Қарағанды облыстық мамандандырылған музыка мектеп интернатында домбыра мен ән салу бойынша, класс ашқан. Қазіргі таңда ол жерде Үміт Есмағамбетова, Азамат Түсіпбеков сынды түлектеріміз сабақ беріп жүр. Колледж мақтаныштарының бірі – Қазыбек Әдікенов. Сондай-ақ, Жандос Иманбай өнер магистрі, Азат Әбдіғалым шәкірт тәрбиелеп, білімі мен біліктілігін танытуда. Сырым Хордин, Медет Осатаев, Эльмира Әбілқасымова, Ануар Адамбаев, Жасұлан Базарбеков, Сәкен Әлімханов, Гүлбану Серікова өнердің қайнаған ортасында жүр. Аты аталғандардың барлығы колледжде оқыған төрт жылдың ішінде дәстүрлі және халық композиторларының әнімен сусындағандар. Қазірдің өзінде, студенттеріміз Нұрболат Ұзақбай, Еркебұлан Манарбек, Мадияр Өмірғалы, Динара Нығметжанова үлкен ән додаларында топ жарып, жүлделі болды. Сондай-ақ, академия мен консерваторияларда қаншама дарындарымыз оқып жатыр. Алыс ауылдардан келіп оқитын талапкерлер жатақханамен қамтамасыз етіліп, үлгерімі үздіктерге шәкіртақы төленеді. Таланттарды тәрбиелеп, талабын ұштап, қанатын қатайтуға зор мүмкіндік жасалған. Аймақ басшысы Ерлан Қошанов мырзаның тікелей басшылығымен ұзақ жылдар бойы көшпендінің күйін кешіп, әр ғимаратқа бір көшіп жүрген оқу ордасы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің №10 корпусына орналастырылды. Ғимарат республикалық баланстан облысқа ауыстырылды және Тәттімбет колледжінің меншігіне берілді. Сондықтан, талапкердің оқуға түсіп, ән өнеріне қадам басуына мүмкіндігі бар деп айта аламын.

Әңгіме соңында айтар тілегіңіз?

Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы мен парасаты. Қазақ әні халқымызбен бірге жанданып келе жатқан өнер болғандықтан, осы саланы дамыту үшін үйірмелер ашып, оқу орындарында терең насихаттап, жастарды кеңінен тарту қажет. Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Бізде қазір көзбен көретін көрермен көп. Көзді жұмып, жүрекпен қабылдайтын тыңдарман қалыптастыру қажет.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Нұрдос КӘРІМ.