Нiлдi

      Ауыл десе, өңіме де, түсіме де Нілді кіреді. Осы таудың күнгей жазығынан орын тепкен біздің ауылдың іргетасы алғаш 1847 жылы «Успен» мыс кеніші негізінде қаланған деседі. Оған дейін Ақмола округі, Енең-Түнқатар болысының құрамында, кейіннен Нілді болысының орталығы (1864 ж.) болған бұл жерде 1847 жылға дейін ел отырмады деу ақылға сыймайды. Себебі, 1845 жылы Нілдіде мыс рудасы барын анықтап, 1847 жылы «Успен руднигі» деген атпен кеніш ашқан орыс көпесі Никон Ушаков 1852 жылы көлемі 25 шаршы шақырым кенді аумақты Енең-Түнқатар болысындағы Қарабақсы Боздақұлынан келісім-шарт арқылы 86 теңге күміс ақшаға сатып алған. Елбасының өзі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» демекші, бүгін біз осы ауылдың өткені мен бүгінін сараламақпыз.

Содан бергі 170 жылда құты үзіліп, қаңырап бос қалып көрмеген ауыл аталған датаға байланысты биыл мерейтойын атап өткелі отыр. Қазір Өспен ауылдық округі, Нілді бекеті аталатын елді мекеннің негізгі төл атауы – Нілді. Қазақстан тарихындағы Ақмола уезіне қарасты Нілді болысы мен Успен мыс кеніші екеуі – бір жер. Тоғыз жолдың торабындағы Нілді болысының аты тарихқа осында 1906-1909 жылдары екі кластық бастауыш орыс-қазақ мектебінде Сәкен Сейфуллиннің оқығандығымен енген. Аталған мектептің ғимараты бүгінде ауылдағы айтарлықтай мәдениет ошағы, «Сәкен мұражайы» ретінде сақтаулы. Ішінде өлкенің тарихына қатысты құнды жәдігер, құжаттар жетерлік. Дәл осы тұста сәкентанушылар тарапынан «бала Сәкен Нілдіде 1905-1908 жылдары оқыды ғой?» деген талас тууы мүмкін. Бұл – қате дерек. Оны сол мектепте ақыннан кейін оқыған Қамажан Омаровтың естелігі дәлелдейді. Екі кластық мектепті 1912 жылы бітірген ол кісінің куәлігі Нілдідегі Сәкен мұражайында күні бүгінге дейін сақтаулы. Тарихта «Сәкен мұнда 1905 жылы оқыды» деп бұрмалануының себебі – ақын сол жылы Успен мыс кенішінде өткен жұмысшылар ереуілін көрген соң барып, көзі ашылды деген кеңестік саясаттың бұратартушылығы болса керек.

Бала Сәкеннің қатарластарын шенеп жазған алғашқы балауса жырлары осы Нілді топырағында дүниеге келген. Кейіннен ақындықпен қатар жазушылыққа ден қойған Сәкен «Айша», «Жер қазғандар» повестері мен тағы басқа әңгімелерінде «Нілді зауыты» жайлы аз айтпайды. Орыстардың «Успенский» шахтасына байланысты қойған «рудник Успен» дегенін, кейіннен тұрғылықты халық таққан «Өспен» атауын аузына алмайды.

1927 жылдары бұл топыраққа атақты Қаныш Сәтбаевтың табаны тиген. Оны академиктің Нілді жайлы жазбаларынан бөлек, әйеліне жазған хаттарынан-ақ аңғаруға болады: «Успенде төрт күн аялдап, ақыры кәдуілгі арбамен аттандық. Сірә, бұл жолғы сапарды Успен руднигін, Сарысу байыту фабрикасын, Спасск зауыты мен Қарағанды көмірін көрумен шектеуге тура келеді. 13 қыркүйек, 1927 жыл.» делінген бір хатында. Сондай-ақ, Қаныш атамыз 1935 жылдары Жезқазған кен орнына қатысты жазған мақалаларында Нілді станциясын (Қарағанды-Балқаш темір жолының бойында) бірнеше рет тілге тиек етеді. Сонда «Нілді-Жезқазған» темір жолын салу туралы бастама көтерген Қаныш Имантайұлы бұл жердің төл атауын (Нілді) алдына шығарып, соңынан «Успен руднигін» жақшаға алып жазады (Академиктің бұл ұсынысы кейін сәл өзгеріп, Жезқазған-Қарағанды темір жолы Нілдіден Қарағандыға қарай 25 шақырым жердегі Жарық (С.Сейфуллин) станциясында түйісті). Айналып келгенде, «Ніл» сөзінің бір баламасы «көк» түсті білдіреді. Ертеректе кеніштің айналасы (Нілдінің бауыры) бірыңғай көкпеңкөк болып жатады екен. Сол көк тастардың сарқыншағы бүгінге дейін бар. Бұл жердің Нілді аты содан шықса керек. Бала күнімізде «ХХ ғасырдың басында мұнда мыс өндірген ағылшын капиталисінің Нельда деген қызы ауырып өліпті. Соны осында қойғандықтан, қазақтардың тілі келмей, Нілді атап кетіпті» деген сандыраққа да сеніп өстік. Ағылшындар келмей тұрып ауыл 1864 жылдан бері Нілді болысының орталығы болғанын ол кезде біз қайдан білейік?! Сондықтан, орыстар қойған Өспен атауынан гөрі ауылға өзінің төл атауы жарасымды, меніңше. «Барман», «жүрмен» деген сияқты «өспен» сөзі қазақша мағынасында болымсыз етістік екенін ескерген де жөн…

Нілді ауылының өткенін мұнда 1847 жылы Успен мыс кеніші ашылуымен байланыстырғанымызбен, бұл өлкенің тарихы одан тереңде. Олай дейтініміз, 1822-1924 жылдары Сібір қазақтарының жарғысы бойынша Қарқаралы, Көкшетау округтері құрылып, қазақ даласына болыстық басқару жүйесі келгендегі әңгімелер ел ішінде жақсы сақталған. Ең алғаш Енең-Түнқатар болысы ретінде құрылған өлке тарихында тұңғыш болыс сайлауы туралы мынадай әңгіме бар. Елге болыстық басқару жүйесі келгенде Енең (Енең Тоқасы) балалары кімді болыс сайлаймыз деп абдырапты. Ауыл ақсақалдары мен билері ақсүйек төре-қожаның бірін ұйғаралық деген сыңай танытқан екен. Сөйтсе, сол кезде жұрт ішінде жақсы аталып жүрген Балапанның Балтасы шығып: «Баяғының қартының аузынан бал тамшылаушы еді, қазіргінің қарты қайдағы жоқты қайдан шығарады? Мына Ескененің Құлбегі тұрғанда, болыстық кімге жарасқандай?» деп Құлбекті болыс сайлатқызып жіберген деседі. Балапанның Балтасы заманының қайраткер тұлғасы, баласы Тоқа-Тойынбек атақты атбегі, би-шешен болса, Ескененің Құлбегі Сәкеннің тікелей атасы Байбекпен бір туады. «Бабаларыма» өлеңінде ақынның «Ескене, Байбек, Жәнібек – бергі атам, Қайырлы деуші еді ғой берген батаң» дегені дәлел бұған. Дәл осы Құлбек болыс болып тұрған кезде Енең-Түнқатар болысындағылар тұтасымен Кенесары хан бастаған Ұлт-азаттық көтерілісті қолдап шыққанын тарихшы Жамбыл Артықбаев пен Ібіраһым Ісләмұлы жазады. Тарихшылар жазбаларында «Кенесары взял с собой в волости Кульбека Искенина» деген сияқты бірнеше мұрағаттық деректер келтіреді.

Құлбектен соң онымен бірге туған Байбектің ұлы Жәнібек – Енең-Түнқатар елінің болысы 1858 жылы Ақмола уезінің басшысы, подполковник Фроловтан Қотырабадан мешіт салуға рұқсат сұрайды. Мешіттің жобасы 1861 жылы бір-ақ жасалып, генерал-мойор фон Фридрихске ұсынылады. Сөйтіп, әкесінің бастаған ісін 1869 жылы Нілді болысының билеушісі Мұстафа Жәнібекұлы аяқтап, мешіт тұрғызады. Қотырабада салынған мешіттің орны әлі күнге сақтаулы, «Қожа көңі» аталады. Енең-Түнқатар, оның жалғасы Нілді болысының билеушілері Құлбек, Жәнібек, Мұстафалардың бәрі – Сәкен Сейфуллиннің аталары. Мәселен, осылардың арасындағы Мұстафа болыс орысша сауатты, Омбыдан бергі қазақ танитын өте ықпалды кісі болған. Жоғарыда аты аталған Тоқа-Тойынбек екеуі өмір бойы бақталасып өтсе керек. Мұстафа Омбы қаласында жүріп дүние салғанда, Тойнекеңнің онымен бақталастығын білетін шабарманы қайғылы қазаны қуанышты көңілмен жеткізіпті. Сонда Тотаң: «Тәйт, найсап! Араз болсам, бағым араз. Қаным араз емес! Бауырың өлді деп көрісіп келудің орнына сүйінші сұрағаны несі?!» деп қамшымен тартып жіберген екен… Сәкен айдауда қашқылықты-қуғылықты жүргенде «маған мінер ат, киер киім, ішер ас та Тоқа-Тойынбектің беделі болды. Біздің елдегі басқасының бәрі – ауыл арасынан ұзап шықпаған сасық байлар екен. Қайран Тотамның аты Алатаудың асқарына, Көкшенің сеңгіріне кеткен екен» деп еске алатыны – осы Тойынбек. Аты аталып отырған Балапанның Балтасынан бастап, Жәнібек, Мұстафа, Тоқа-Тойынбек – бұлардың бәрі ертедегі Нілді болысының беткеұстар ықпалды би-шешендері.

Нілді болысындағы Успен кенішінде 1905 жылы қазақ даласында тұңғыш рет орыс-қазақ жұмысшыларының ереуілі болған. Ауыр еңбек пен азғантай жалақыға төзбеген жұмысшыларды бастап шыққан Байшағырдың Әлісі мен Петр Топорнин, тағы басқа орыстар ереуіл кезінде Нілді зауытының жұмысын бірер күн тоқтатып қоюға шейін барған. Сөйтіп, петиция жариялаған олар кен орнының сол кездегі басшысы, ағылшын капиталисі Нельсон Фельге талап-тілектерін еріксіз орындатқаны тарихтан белгілі. Заманында ықпалды азамат болғандығынан шығар, Нілді тауының батыстағы біте берісі әлі күнге дейін «Әлінің жалы» аталады.

1847 жылы ашылған Өспен мыс кеніші арасындағы аздаған үзілістерді есептемегенде, 1964 жылға дейін бір жарым ғасырға жуық жұмыс істеп тұрған. 1914 жылғы округтік инженердің есебінше, кеннің әрбір тоннасынан 15 пайыз таза мыс шығып отырған. Рудасының әрбір тоннасында мыстан бөлек бір грамға дейін алтын, 582 грамм күміс бары анықталған. Сонымен қатар, табиғи таза мыс та (медь самородная) кездесіп отырғанын Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» романынан аңғару қиын емес. Шығармада Н.Ушаковтың жұмыс орнында 37 пұттық самородок тұрды деген суреттеу бар. Тіпті, қазіргі алпауыт Қарағанды көмір кені мен кезіндегі Спасск мыс қорыту зауыты заманында Нілді рудасын өндіру мақсатында ашылғанын екінің бірі біле бермейді.

Өспен кенішінен бір ғана 1901 жылы 247616 пұт кен алыныпты. 1900-1903 жылдары зауытты қайта жабдықтаған кәсіпкерлердің ақша қоры сарқылып, патша үкіметінен 100 мың рубль несие сұрайды. Патша үкіметі ақша бермей қысылып жүргенде, ағылшын компаниясынан жалға беру жөнінде ұсыныс түседі. Нәтижесінде, Қарағанды, Спасск, Өспен өндіріс орындары Париж қаласының тұрғыны, тау өндірісінің инженері Клод-Эрнест Жан Карноға әуелі үш жылға, одан соң 1905 жылы ұзақ мерзімге 776000 сомға сатылып кетеді. Содан Кеңес үкіметі мықтап орнағанша, 1920 жылға дейін кен өндірген шетел (Франция, Англия) капиталистері 1916 жылы төменгі сортты кенді байыту үшін Нілдіден 12 шақырымдағы Жақсы Сарысу өзенінің бойынан кен байыту фабрикасын салады. Орталық Қазақстанда тұңғыш салынған Сарысу кен байыту фабрикасы бірақ, жиырма жеті-ақ ай жұмыс істеп, 1919 жылы беймәлім жағдайда өртеніп кеткен. 27 айда мұнда 30 мың тоннадан астам руда өңделіп, 4733 тонна концентрат алынған екен. Қабырғалары күні бүгінге дейін жақсы сақталған.

Айта берсе, Нілді туралы әңгіме көп. Бұрынғы зауыт нысандары мен темір қаңқалары өткен күннің белгісіндей қарайып әлі күнге тұр. Кен игерілген ашық карьерге су толып кеткен. Ауыл халқының тең жартысы теміржол бойында қызмет етіп, мал бағады. Сәкен орта мектебі (бабамыз осында оқығандықтан, атындағы емес), мәдениет үйі мен дәрігерлік амбулаториясы бар ауылдағы үй саны – 220, адам саны – 930. Ауылдық округ құрамында Айса, Еркіндік, Айғыржал сияқты елді мекендер шоғырланған. «Туған жерге туың тік» демекші, ауыл тұрғындары биылғы 170 жылдық мерейтой аясында әбден тозығы жеткен көше жолдары жөнделсе деген ниетте. «170 жылдық не керек, жолы көлік жүргісіз нашар болса?!» дейтіндер де бар. Мұндағы жұрттың мұң-мұқтажының бір парасы – осы. Әкім-қараларда көретін көз, еститін құлақ барда бұл да болар. Бастысы, көнеден керуен тартқан көш үзілмесін.

Суреттерді топтастырған

 Сағынтай Аққожин.

Жәнібек ӘЛИМАН,

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.