Несібесін халықтың еселеген

Жұма күні Қарағандыдағы К.Станиславский атындағы орыс драма театрында Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Айтулы шараға ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, еңбек озаттары, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытындағы озық кәсіпорындардың басшылары мен алдыңғы қатарлы мамандар жиналды. Жиынға облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ арнайы қатысып, ауыл шаруашылығы қызметкерлерін мерекесімен құттықтады. Ерен еңбектері үшін алғыс білдірді.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов әуелі мерекеге орай ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Облыстың барлық ауданынан әкелінген ауыл шаруашылығының ең озық өнімдері көпшіліктің көңілінен шықты.

Облысымызды елімізге аграрлы етіп танытқан диқандар үшін биылғы жыл қолайлы болды. 1 млн. 26 мың тонна бидай орылып, 91,7 мың тонна қажетті тұқым қамбаға құйылды. Жалпы биылғы жылы шаруалар 814,7 мың гектар жерге егін сепкен. Егін алқабы өткен жылмен салыстырғанда 54, 4 мың гектарға ұлғайған. Ал, картоп алқабы – 14,5 мың гектарға, көкөніс – 2,9 мың гектарға жеткен. Дәнді және майлы дақылдарды егуді, одан қалды, мал шаруашылығын да бірге дамытып отырған шаруалардың еңбегі ерен. Осы жылы 9 айдың қорытындысы бойынша, 92,2 тонна ет, 368,5 тонна сүт және 541 дана жұмыртқа өндірілген.

Аймақ басшысы Ерлан Қошанов өзінің құттықтау сөзінде ауыл шаруашылығына қатысты әр салаға тоқталды.

– Құрметті ауыл шаруашылығының қызметкерлері, қымбатты жерлестер, сіздерді мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Ұлттың тамыры, халықтың түбірі қайда десе, ең алдымен туған ауылымыз есімізге түседі. Биыл Елбасының өзі кезекті Жолдауында «Ауыл – Ел бесігі» деген жоба құрды. Бұл – жалпы ұлттық деңгейдегі өте үлкен жоба. Басты мақсат ауылдың тұрмыстық ахуалын көтеру, оған жаңа тыныс, жаңа серпін беру. Аграрлық салаға мемлекеттік қолдау көрсету. Оның ішінде, жергілікті билік екі бағдарламаға жете назар аударып отырмыз. Оның біріншісі – ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталды. Биыл облысқа шағын несиелендіру бойынша 6 миллиард бөлінсе, соның 4,5 миллиарды ауылға жіберіліп отыр, – деді Ерлан Қошанов.

 Өңір басшысы мемлекеттің фермерлерге барынша көмектесіп жатқанын атап өтті. Тек, биылғы жылдың өзінде облыс аграрларына арналған субсидиялар мен шағын несиелерге 19,2 млрд. теңге бөлінген. Ол сондай-ақ, егіншілік пен мал шаруашылығында сандық технологияларды енгізудің маңыздылығын айтты.

Осы күнi ауыл шаруашылығы саласының мамандары салтанатты түрде «Еңбек ардагерi», «Ауыл шаруашылығы саласының үздiгi» төсбелгiлерi және облыс әкiмiнiң «Құрмет» грамотасымен сондай-ақ, номинациялар бойынша марапатталды.

Ел экономикасын еселеуге тер төгіп жүрген Нұра ауданының «Отқанжар» шаруа қожалығының механизаторы Рыспай Шалабеков пен Осакаровка ауданының «Ясная поляна» шаруа қожалығының механизаторы Владислав Пудов «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі «Аралқұм» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрша Игенбаевқа, Шет ауданының ауыл шаруашылығы саласының еңбек ардагері Мұхтар Мағауовқа, «Астра-Агро LTD» компаниясының директоры Амангелді Мұқашевқа және «Сарышоқы» шаруа қожалығының жетекшісі Қамза Хасеновке табысталды. Сонымен қатар, саланың 5 үздік қызметкері Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен ал, 8 маман облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сонымен қоса, биылғы жылы «Дәнді-дақылдар бойынша жоғары өнімге қол жеткізген шаруашылық» номинациясын 60,1 мың тонна өнім жинаған Нұра ауданының «Шахтерское» ЖШС басшысы Георгий Прокоп, «Мал басын асылдандыру бойынша көшбасшы шаруашылық» номинациясымен 350-400 келі тартатын 140-150 басқа дейінгі бұқашықтарды өсіріп, сату арқылы тұқымдардың түлеуіне үлес қосып отырған Жаңаарқа ауданының «Жанболат» шаруа қожалығының жетекшісі Раушан Серікқызы иеленді. «Бидай оруда жоғары жетістікке қол жеткізген комбайнер» номинациясымен Осакаров ауданындағы «Найдаровское» ЖШС қызметкері Владимир Чаус, «Ауыл шаруашылығына жоғарғы инвестиция салғаны үшін» номинациясымен Абай ауданындағы «Шанс» шаруа қожалығының басшысы Игорь Жабяк, «Ауылды абаттандыру бойынша үздік шаруашылық» номинациясымен Нұра ауданының «Қайнар» ЖШС басшысы Сейітжаппар Нығметов, «Агроөнеркәсіптік кешенін цифрландырудағы көшбасшы» номинациясымен Осакаров ауданының «Найдаровское» ЖШС басшысы Павел Лущак, «Эскпортқа мал басын шығару бойынша үздік шаруашылық» номинациясымен Қарқаралы ауданының «Майтан» шаруа қожалығының жетекшісі Ерлан Исбеков, «Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы бойынша ең үздік кәсіпорын» номинациясымен Ақтоғай ауданының «Балхашбалық» ЖШС директоры Ахат Құспаев, «Ауыл шаруашылығы саласындағы ең жас кәсіпкер» номинациясымен Ұлытау ауданының «Азамат-Агро» шаруа қожалығының жетекшісі Азамат Бегенов марапатталды.

Іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Мерекемен құттықтай келген облысымыздың көркемөнерпаздар ұжымдары, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің кәсіби артистері және Қазақстан эстрадасының жұлдыздары Сәкен Майғазиев, Тамара Асар, Қуандық Рақым өз өнерлерімен халықты тамсантты.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.