Тұлға

Өнер көгінен аққан жұлдыз

Қазақтың ән өнерінде өшпес із қалдырған дарынды тұлғаларымыздың бірі, талантты композитор әрі әнші Жақсыкелді Сейіловтің туғанына биыл 70 жыл толып отыр. Ол осыдан тура 22 жыл бұрын елуге де жетпестен өмірден өтті. Артында сыршыл әндері қалды. Еліне ерте танылған тума талант өнер көгінде жарқырай жанып, аққан жұлдыздай із тастап кете барды. Ізі ізгілікті, мұрасы мол – жауҺардай құнды таза әндер болатын. Жақсыкелді әндерінің болмысы бөлек, бояуы қанық, жасандылықтан ада екені белгілі. Өмірдің өзіндей мұң мен сырға толы, шынайылығының арқасында талай жылдан бері халқымыздың жүрегінен өшпей бірге жасап келеді.

Таланты да, тағдыры да ешкімге ұқсамайтын айрықша дара тұлға Жақсыкелді Уәлиұлы 1949 жылы, 26 қыркүйекте Ұлытау ауданының Алғабас аулында дүниеге келген еді. Жақсыкелдіге тағдыр зіл батпан ауыр салмағын жастайынан салды. Ол бесікте жатқан шағында аяулы анасынан, енді жүре бастаған екі-үш жасында қос жанарынан айырылды. Ағайынның қамқор тілегі, ыстық жүрегімен сүйемелденіп есейіп, ер жеткен ол өмірді шексіз сүйіп өтті. Сегіз жасында Қарағанды қаласындағы мүгедек балаларға арналған мектеп-интернатқа орналасып, сол жерде білім алды. Мектептің көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене қатысты. Музыкаға бейім болды. Мектепинтернаттағы оқуын 1965 жылы аяқтағанда баян аспабында жетік ойнайтын болып шыққан еді.

Бұралаң тартқан өмір соқпағы Жақсыкелдіні бойдағы талантының арқасында өнер жолына әкелді. Ол 1968-1978 жылдары Жезқазған қаласындағы №8 қазақ орта мектебінде ән-күй пәнінен сабақ берді. Мектеп оқушыларын ән өнеріне баули жүріп бірнеше мәрте қалалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, 1970 жылдардан бастап «Металлургтер» Мәдениет сарайы жанынан құрылған көркемөнерпаздар тобына жетекшілік жасады. Сол жылы «Қаракөз» ансамблі құрылып, қаламен қатар маңайдағы ауылдарға өнер көрсете бастады. Тек Жезқазған өңірі ғана емес, барша өнер сүйер қауым жақсы біледі, Жақсыкелді Сейілов есімі жетпісінші жылдары «Қаракөз» ансамблімен бірге көктегі жарық жұлдыздай жарқырай көрінген болатын. Ол кезде қазақ өнер ұжымдарының онша қанат жая қоймаған кезі. Жәкең қазақ эстрада ансамблін 1969 жылы ұйымдастырып, Сәлімжан Сейілов екеуі оның құрамына талантты жастарды топтастыра білді. Ансамбль «Қаракөз» атауымен елге жетпісінші жылдары таныла бастады. Болат Есмұқанов, Роза Байбосынова және көптеген басқа да жас өнерпаздар үлкен өнерге осы ансамбльден қанат қаққаны белгілі. Жәкеңнің шығармашылықтың шыңына өрлеуі де осы ортадан бастау алды. Қазақтың кең даласына сыршыл әнімен танылып, өнер жолында өміршең мұраларын қалдырды.

Талантымен таңдай қақтырған Ж.Сейілов 1973 жылы Бүкілодақтық саяси әндер конкурсының, 1979 жылы республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арналған Бүкілодақтық көркемөнерпаздар байқауының және Шәмші Қалдаяқов атындағы республикалық конкурстың лауреаты атанды. Орындаушылығымен қатар талай тамылжыған тамаша әндер туды. Ол жолдастарын әскер қатарына шығарып салып, толғанып отырғанда «Ана туралы баллада» әнін шығарыпты. Бұл әнді анасы Ақбалаға деген өшпес ескерткіш деп бағаласа болады. «Әке туралы ой» әні 1973 жылы дүниеге келген. Әр әнінің өзіндік тарихы бар. Алғашқы әні «Дала жолынан» бастап, «Әке дауысы», «Кездесу», «Жезқазған маршы», «Жезкиік» болып кете береді. Осылайша ел жүрегін елжіреткен өміршең әндер бірінен соң бірі туып, Жақсыкелді әндерін тек қазақ даласы емес, көршілес елдердің өнер сүйер қауымдары да ауыздарынан тастамайтын халге жетті. Оған 1990 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағы берілген болатын. Жәкең өмірінің соңына дейін облыстық филармония жанынан құрылған «Жезкиік» ансамблінің құрамында Қырғызстан, Түркменстан, Қарақалпақ, Прибалтика республикалары, Моңғолия, Германия, Исландия сияқты көптеген елдерді аралап, ерекше өнерімен тыңдарманын тәнті етті. «Жезкиік», «Байқоңыр» «Ой, тамаша», «Ән көңілдің ажары» ансамбльдерінің музыкалық көркемдеушісі болып Жезқазған өнерінің өркен жаюына көп еңбек сіңірді.

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, біз арамызда жүргенде өнер өлкесінің «Жезкиігі» атанған Жәкеңді жете бағалай алдық па деген ой қылаңдайды кейде. Жарқ етіп көрініп, жалт етіп өмірден өткеннен кейінгі құрметіміз қандай болды деген сауал да сананы қамшылайды. Осындайда Жезқазған облысын 1994-1996 жылдары басқарған іскер де өжет әкім Қажымұрат Нағымановтың бір мәрттігі еске түседі. Концертке келіп «Жезкиік» әнін тыңдаған Қажымұрат Ыбырайұлы ерекше әсермен сүйсініп, қолындағы алтын сағатын Жақсыкелдіге шешіп берген еді. Бұдан соң қуықтай 2 бөлмелі пәтерде тұратынын білгеннен кейін көп кешікпей 4 бөлмелі жаңа үйге кіргізді. Сол кезеңде Қайырбек Сәдуақасов ағамыз облыстық мәдениет бөлімін басқаратын. «Осындай талантты жанды тар екі бөлмеге қамап қойғандарың қалай?» деп ренішін білдіріп, Қажекеңнің мәселені оңынан шешкенін көпке дейін сүйсіне айтып жүргеніміз есте. Ал, «өнер көгіндегі жарық жұлдызға өмірден өткеннен кейінгі құрметіміз қандай?» дегенде күмілжи береріміз анық. Қажекең берген үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылғанын дәтке қуат еттік әйтеуір. Жақаңмен филармонияда бірге еңбек етіп, 20 жылдай қатар жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Береке Көшенов былай дейді:

  • Жақсыкелдінің қай әндері болмасын ұлттық, классикалық талаптарға толық жауап бере алады. Ұлттық ән өнерімізді барынша байытып кеткен айтулы композитор. Қадіріне жете алмай жүрміз. Тек іздеушісі жоқ, насихат аз демесек. Өмірден өткеніне жиырма жылдан асты, не бір көшеге, немесе өнер ошағына есімі берілмеді. Филармония ұжымының қолдауымен еске алу кештерін өткізіп жүрміз. Осыдан екі жыл бұрын облыста өткізілді. Бар қолдан келгені сол. Енді биыл туғанына 70 жыл толуына орай республикалық ән байқауы өткізілмекші екен. Осындай шаралар жалғасып, дәстүрге айналса деп отырмыз.

Иә, Береке әнші айтса айтқандай, біраз жылдар қаламызда Жақсыкелді есімін жаңғыртатын жарастықты шаралар кемшін қалғаны жасырын емес. Көзі тірісінде, 1981 жылы «Өнер» баспасынан 11 әні топтастырылған «Жезкиік» әндер жинағы жарық көрген еді. Алғысөзін ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, композитор Нұрғиса Тілендиев жазып, сәттілік тілеген болатын. Кейінде әндерін нотаға түсіріп, жинақтау немесе әндерінің таспаларын шығару сияқты ізгі шаралар қолға алынбады. Осы кейінгі төрт-бес жылдың ішінде ептеп бетбұрыс жасалып жатыр. Еске алу кештері ұйымдастырылып, 2017 жылдың қыркүйек айында «Өнер өлкесінің «Жезкиігі» атты Ж.Сейілов атындағы І облыстық әншілер конкурсы өткізілді. Енді міне, айтылған тілектер қабыл болып, бұл шараның биылғы 18 қазанда өткелі отырған Жақсыкелді әндерінің республикалық байқауына жалғасатындығы қуантады.

Иә, насихаттай білсек, Жақсыкелдінің ән мұрасы бай. Тыңдаған жанның ой сезімін мұңға бөлейтін лирикалық әуендері мен жігер отын қайрап, ой тереңіне бойлататын әуезі бөлек саздары да ерекше. Кезінде Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев сынды айтулы композиторлар әндерін жақсы бағалап, пікірлерін білдірген. Өнертанушы әрі композитор Ілия Жақанов: «Әр сазгердің өз биігі бар. Жақсыкелді үшін ең биік шың ол – «Жезкиік». «Жезкиік» махаббат поэмасы және сұлулық әні» деп баға берген екен. Шындығында Жәкең жалғыз «Жезкиік» әнімен-ақ қазақ өнерінің көгінде жарқыраған жарық жұлдыз болып қалар еді. Осы мәтінге ән шығарған Н.Тілендиев те Жақсыкелді әнін айрықша бағалаған ғой. Бұл әннің әсемдігі өзінің эпикалық кең тынысында жатыр. Ал, «Ұлытау» әні ше? Ақын Сайлаухан Нәкенов ағамыз сөзін жазған, алғашында «Туған жер» аталған әнді тыңдаған ұлы композитордың бірі Нұрғиса: «Бұл ән нағыз Ұлытаудың гимні ғой. Ұлытауға бұдан асырып не ән жазуға болады?!» деп, өзінің Ұлытауға арнап ән жазуға келген ойынан айныған көрінеді. Міне, Жәкеңнің қай әніне болмасын өнер тарландары да, қарапайым жұртшылық та осындай тамаша баға беріп, сүйсіне тыңдары сөзсіз.

Баянын бебеулете тартып, әнді үзілдіре, үздіктіре орындайтын Жақсыкелдінің әншілік қабілеті де ерекше еді. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, ақындығы және бар. «Айналайын Қанатымның» сөзін өзі жазған. Қайын жұртының қарашаңырағында Қанат есімді сәби дүниеге келгенде Жәкең ерекше қуанып, шілдеханасына осы әнін тарту етіпті. Қазақтың көрнекті ақыны Аманжол Шәмкеновтің өлеңдеріне көптеген ән жазғаны белгілі. Кейін ақынның өзімен де кездесіп, сырлас дос-жар болып кетеді. Ақын ағасына сүйсіністен туған жеті-сегіз ауыз өлеңі де оқыған жанға ойлы, әсерлі.

…Міне, Жақсыкелді ағамыздың «Неге солай?» әні шырқалып жатыр. Құлаққа да, жүрекке де шымырлап жол тауып, бойды балбыратып, ойды шарықтатып барады. «Неге солай жаратты екен адамды, Айтшы жаным махаббатта шек бар ма?» дейді әуезді ән жанды баурап. Енді бір сәтте: «Бір-біріне ынтығады неге адам? Жауап іздей жүрші осы бір сұраққа» деп үздіктіреді. Адам сезімін әлдилейтін, өлмейтін, өміршең ән осы болса керек, сірә. Иә, неге солай, жаратты екен адамды…

Амандық РАХҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Басқа материалдар

Back to top button