Бас тақырыпРесми

Үнем мен пайда – басты назарда

Мемлекеттік органдардың алып отырған алаңдарын оңтайландыру нәтижесінде облыс бюджеті шамамен 29 миллион теңгеге үнемделмек. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаменті Әдеп кеңесі хатшылығының меңгерушісі Берік АХМЕТОВ мәлімдеді.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Қарағанды облысына жұмыс сапарында Теміртау қаласының Мемлекеттік кірістер департаменті ауданы 500 шаршы метрді қамтитын алаңды көріп, шара қолдануды тапсырған. Оңтайландыру аясында аталған артық алаңға бірнеше мекемелер орналастырылған, нәтижесінде бюджеттің 2 538 мың теңгесі үнемделген.

Осындай түгендеу жұмыстары облыстағы 609 мемлекеттік мекемеге жүргізілді. Нәтижесінде 20 мың шаршы метрден астам жер анықталған. Артық алаңның 5 810,92 шаршы метрі басшыларға, 10 280, 47 шаршы метрі қызметкерлерге, ал 4 897,33 шаршы метрі жалпы ауданға тиесілі.

Жергілікті атқарушы органдар арасынан алаңды артығымен иеленгендер – Ұлытау, Қарқаралы аудандарының, Шахтинск қаласының және Қарағанды облысы әкімінің аппараттары.

Дегенмен, бірқатар жағдайларда алаңдарды әдейі иемденбейтін кездер де кездеседі. Бұған Кеңес үкіметі кезінде салынған және бұзуға келмейтін құрылыс нысандарының да ықпалы бар, – дейді Берік Ахметов.

Тексеру барысында анықталған 7 500, 98 шаршы метр артық алаңдар бизнес субъектілерінен орынды жалға алатын мемлекеттік органдарға, болмаса жеке және заңды тұлғаларға жалға беріледі. Айтарлығы, кабинеттің шаршы метрін нормаға келтіру жұмыстарын артық алаңда отырған мекеменің өзі жүргізеді. Яғни, ол үшін арнайы қаржы бөлінбейді. Дұрысы – әуел бастан қызмет орнының оңтайлы болуы, әйтпесе, мекеменің біраз қаржысын шығындауға тура келеді.

Айта кету керек, норма бойынша облыс әкімінің кабинеті – 60 шаршы метр, қабылдау бөлмесі – 12 шаршы метр болуы керек. ал, департамент басшыларының кабинеті 25 шаршы метрден аспаса, орынбасарларына 20, құрылымдық бөлімше басшыларына 9 шаршы метр тиесілі. Қызметкерлерге тиесілі көлем – 7,5 шаршы метр.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button