Абай

Өнеге – өзімізден

Бала – адам баласына тән қасиеттердің бәрін дерлік ең алдымен ата-анасынан қабылдайды. Олардың әрқайсысының еңбекке,  өмірге, өзге адамдарға  көзқарасы, қай  ортада болмасын өзін-өзі  ұстауы – балаға үлкен өнеге.

 

Әрбір  отбасының  өзіндік  тіршілік  дағдысы, қалыптасқан күнделікті әдеті барын ескерсек өзін айнытпай қайталайтын бала барына мән беру керек. Кейбір ата-аналар балаға сөз жүзінде ақыл-кеңес айтқанымен, күнделікті іс-әрекеті кезінде үйдегі тәрбие иесі екенін көп жағдайда ескере бермейді. Мәселен, ер адам күнде жұмыстан  келген соң жантая жатып теледидар көруден, газет-журнал  оқудан  басқа еш нәрсемен айналыспаса әсіресе, баламен шаруасы болмаса, оны көрген ұлының зердесіне ер адамның үйдегі міндеті осы екен деген ұғым қалыптаспай ма? Бір жолы қонақта отырғанымызда жиналған кішкентай балалардың ойынын сырттай бақылап, олардың әрқайсысы өзінің үйіндегі «тәртіпті» қайталағанының куәсі болдық. Бір қыз  бала:  «Папасы мен, тамақ жасайын, сен үйді жинай бер» дегенде, оған үш жасар ер бала таңырқап: «Ой, папалар үй жинамайды ғой, тамақ ішкен  соң теледидар көріп жатады» демесі бар ма?! «Балабақшаға апарайын» деп құлшынған әке болып ойнаған ер балаға екінші ұл «Ой қызықсың ғой, балабақшаға баланы мамалары апарады» деп жауап берді. Ойнап жүрген 3-4 отбасы бүлдіршіндерінің ойыны арқылы әрқайсысының үйдегі ата-анасының атқаратын қызметі мен орны жөніндегі пікірлері әртүрлі екенін аңғардық. Білуге, көруге, тануға ықыласының дамитын кезеңі 3-5 жас аралығында десек, сол кезде қабылданған әдетінен кейіннен оны айыру өте қиынға соғатыны өмірде сан мәрте дәлелденіп жүр. Бала өскен ортасына, үлкендердің өнегесіне қарап тәлім алады. Әр отбасының қалыптасқан әдет-дағдысы, ережесі ұстанған үлгісі, көзқарасы бір-біріне мүлде ұқсамайды. Бір үйде әкенің рөлі басымдау болса, екінші бір үйде шешенің айтқаны заң екені байқалады. Осындай әртүрлі жағдайда тәрбиеленген сәбилердің де мінез-құлық дағдылары түрлі болып келеді. Бұған қарағанда ерлі-зайыптылар күнделікті тіршілігінде қарым-қатынасымен  сыйласымында өздерінің бала өсіріп, оларға үлгі көрсетіп отырғанына онша мән бермейтіні  байқалады. Негізінде отбасындағы ересектердің әрбір іс-әрекеті, сөзі араласатын адамдармен қарым-қатынасы олар жайындағы пікірлері балаға өнеге. Соған қарай баланың тәрбиесі, жалпы өмірге деген көзқарасы қалыптасады. Айталық, үйде ата-ана уақытты мазмұнсыз бос сөз, біреулерді сыртынан  жеңіл-желпі әңгіме етумен немесе өзара бірін-бірі іліп-қағытып, зілді сөйлеп, өзгелер туралы ғайбат сөздер айтумен өткізсе мұның бәрі баланың мінезіне кері әсер етеді. Еріншек, босбелбеу ешнәрсеге қырсыз балалар осындай ортадан өсіп шығады. Әкесінің үй ішіне беделі жоқ болса, сөзі өрге баспай үнемі  ұнжырғасы түсіп  жүрсе, оны көрген балалары әкені сыйлап, сөзін тыңдай қоя ма? Әрине, өмірде бұған мүлде керісінше бірін-бірі сыйлап, қолдап, демеу болып жүретін ата-аналар да баршылық. Мұндай ортадан тәрбие көрген балалары әсем, әдепті, байсалды, биязы, еркін болып өседі. Демек, ерлі зайыптылардың сыйласып үндесуі, түсінісе өмір кешуі, бала өсіруде үлкен тәрбие бесігі.

Жалпы, ата-ана балаға ісімен, күнделікті жақсы өнегесімен әсер ететінін ескеруі керек. Кейін опық жеп, бармақ тістемес үшін ата-ана баланың қаршадайынан дұрыс өнегеге тәрбиелеуге, бала бақытының  шынайы бағбаны болуға ерекше мән бергенде ғана ұрпақ алдындағы азаматтық парызын өтей алады.

 

Қарлығаш ИСАКОВА,

Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің

 педагог-психологы.

 АБАЙ ауданы.

 Сурет ғаламтордан алынды.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button