Жаңалықтар

Не артық: қой баққан, әлде ой баққан?

     Әлемнің озық отыз елінің қатарынан қалмаймыз деп, барымызды киіп, бақанымызды асынған қазіргі тұста экономиканың бар саласы көштен қалмай, керуенін түзеуі тиіс. Берісі – қойын құрттап, қозысын жамыратқан алақандай ауылдар, әрісі – инвесторлар үшін бәсекеге түсетін әйдік қалалардың «ақылдылығына» дейін. Әлбетте, әлемнің отыз елі десек, құс сүтінен басқа игілік пен жақсылықтың бәрі табылатын өркениеттің өрінде тұрған елдер көзге елестейді.

«Қазақстандық

«ковбой»

немесе

АҚШ журналисінің

жазбасынан неге

жүрек езілді?

Осыдан біраз бұрын дүние жүзінде атағынан ат үріккен басылым ««The New York Timesте» Эндрю Хиггинстің қазақтың фермерлері туралы материалы жарық көрді. Сырт елдің, мыңғырған малды айдаған фермерлеріміз хақында аузында дуасы бар басылым тілшісінің не дегенін білуге ынтықтық. Оқып шықтық. Ден қоя, дем алмастан. Американдық Алматы облысы маңайындағы фермерлердің тұрмысына тоқталыпты. Балаларының қалада оқитынын, бірақ олардың шопан таяғын ұстағысы келмейтінін, фермерлердің жұпыны тірлігін суретке басып алыпты. Сол баяғы өзіміз күнде көріп, көзіміз де, көңіліміз де әбден үйреніп кеткен көрініс. Жапанда жалғыз қыстақ. Қора-қопсысы аңғал-саңғал. Үй-жайы жұпыны. Суреттегі дастарқаны да аста-төк емес. Мал соңында жүріп, әбден суық пен ыстық қаққан жандар. Американың фермерлері секілді шіреніп емес, бүгжиіп тірлік кешкен қазақ. Жалпы, жазбадағы, суреттегі бейнеленген көрініс осы. Сенбесеңіз, интернеттен оқып көруіңізге болады. Американдық кейіпкер-фермерін «қазақстандық ковбой» депті. Басқаны қайдам, осы жазбаны оқып отырып, фермерлеріміздің осынау тіршілігіне өз басым жаным ашып, жүрегім езіліп қоя берді. Неге дейсіз ғой?!

Үкіметіміз бар, өзіміз бар «фермер» деп аузымызды толтыратын шаруа қожалықтарымыздың ХХІ ғасырда өркениеттен құралақан екенін американдық айтпаса да, көзге шұқып көрсетіп кетіпті. Қожалықтарда пәленбай мың түлік бар деп қомпиатын басымыз олардың тұрмыс-тіршілігінің талапқа сай, сай еместігіне мүлде назар аудармайтынымыз және бір мәлім болды. Мыңғыртып мал өсірсе, соның соңында кір-қожалақ, аш-жалаңаш жүрсе де бәрібір. Малға мәзбіз. Ал, ол адам секілді ғұмыр кешіп жүр ме, жоқ па, оған бас ауыртып, балтыр сыздатып көрмеппіз. Үкімет те, мемлекет те, біз де.

Бұған дейін бізге мәлім деректер бойынша, еңбек өнімділігінің ең төменгі деңгейі – ауылда, яғни, ауыл шаруашылығының бар ауыртпалығын көтерген шаруада. Мәліметтерге сенсек, ауыл шаруашылығында жылына бір адамға 3 мың АҚШ долларына жуық еңбек өнімі тең келсе, дамыған елдерде бұл көрсеткіш – 50-70 мың АҚШ доллары шамасында екен.

«Сырт көз – сыншы» дейді ғой қазақ. Сол рас екен. Американдық таң қала жазса, біз қайраңда қалғандай налыдық. Намыстың отына өртеніп, күл боп ұшып кетуге айналдық. Американың фермаларына өркениет ұя салса, біздің ферма түгілі, ауылдарды цивилизация сырт айналып кеткенін ол қайдан білсін?! Сосын… ойладық… не артық? қой баққан…әлде…

Ой бағудың өзегі –

адами капитал

Адами капитал бізге таңсық. Бірақ дамыған жұртқа емес. Оларда қалыпты жағдай. Үйреншікті үрдіс. Жалпақ тілмен айтқанда, әлем елінде миды жұмыс істетіп, миллионер атануға әбден болады. АҚШ-тың «Егер ақылды болсаң, неге бай емессің?» деген мәтелі сол елдерге тән һәм сән. Алайда, бізге емес. Шыны керек, әзірше бізге бұл мәтел жат. Бұл жаттық алдағы уақытта жойылады деген дәмеміз бар. Өйткені, Мемлекет басшысы кейінгі жылдары адами капиталды дамытуға тікелей өзі тапсырма берді. Президент тапсырғанша, тырп етпейтін, атқамінерлер енді қазақтың тұлымды ұлы мен бұрымды қызының қауашығында қайнап шыққан озық ойларды қолдайды деген есек дәме ғой.

Ал, сарапшылардың пайымдауынша, адам капиталының бір пайызға өсуі еңбек өнімділігін 3,81 пайызға арттырады екен. Қазіргі кезде дамыған елдердегі экономикадағы белсенді азаматтардың – 50%-ы, АҚШ, Жапония тұрғындарының үштен екісі ой еңбегімен айналысады. Күншығыс елінің екінші дүниежүзілік соғыстан кейін күрт дамуының бір ұшығы да осы адами капиталда жатыр. Қазақтың 47 пайызы ауылда екенін ескерсек, жағдайымыздың Жапониядай емес екенін ұғыну онша қиынға соқпайды. Қалада тұратындар да ми капиталын пайдаланып жүр дей алмаймыз.

Ал, дамыған мемлекеттерде жылдық табыстың 70 пайызы адам капиталынан – жаңа білім, ғылым, технологиядан түсетінін айтады отандық ғалымдар. Сонда қазба, табиғи байлықтың үлесі 25 пайыз ғана екен. Яғни, газ, мұнай, кен, өзге де қазба байлықтар.

Демек, қазіргі уақыт адам капиталына жүгінетін уақыт. Шикізат барда қазанымыз оттан түспейді деу – озық ойдың бәсекесінің бәсі қызған кезеңде – бекер.

Жалпы, әлемдік тәжірибе адам капиталына жұмсалған инвестиция экономикалық өсімнің басты құралы дейді. Дауласатын дәрмен жоқ. Осыдан соң ойлаңыз ой баққанның берерін…

Нүкте

Сөзіміздің әлқиссасын қой баққан мен ой баққанның аражігін ажыратудан бастадық. Ойлансақ, екеуінің де қазаққа бөтендігі жоқ. Төрт түлікті түлету – ата кәсіп. Тек сол кәсіптің жаңа дәуірде жаңаруын, жаңғыруын көкседік. Әлемнің бәрі «ақылды» технологияға жүгініп жатқанда, фермерлерімізге «ақылды» технология түгілі «ақымақ Иванның» өзі жуымайды. Себебі, өркениет дегеннің ол қыстақ, шағын ауылдарда иісі де жоқ. Осындайда ойладық. Мал басын асылдандыруға, көбейтуге берілетін субсидия дейтін суалмайтын сауын сиырдың инфрақұрылымға неге бүйрегі бұрмайды екен деп.

Ой бағуға келсек, бұл енді төртінші өнеркәсіптік революция кезінде басты қару. Ал, осы қару-жарағымыз сай ма? Сақадай сай болады егер…

Қазақтың өнертапқыштық ресурсы – түрен тимеген тыңдай дәл осы сәт. Қазақтың өнертапқыштары өңір-өңірде, ел ішінде жыртылып артылады. Өкініштісі, тап басып, дер кезінде қолдау кем. Демек, төртінші өнеркәсіптік революцияда тезек теріп қалғымыз келмесе, қазақтың қауашығындағы тың идеяларға түрен тиюі тап осы күні ауадай қажет.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button