Тарих

Құнды дерекке толы жинақ

Ағыбай батырмен «ауыратындардың» біріміз. Жұмағұл Шөженовтің «Ақжолтайдың Ақ жолы» атты кітабын бас алмай оқып шығып, көңілім бір марқайған пендемін. Есіме сонау 1984 жылдың күзі, қараша айының 27 күні келе берген. Қаһарынан қан тамып тұрған заманның өзінде қазақтың рухын қайтсек көтереміз деген жас азаматтар болған…

Т.Есенбеков дайындап әкелген Ағыбай батырға арналған көктас Ағадырда досым Ерғалидің үйінде жатқанына біраз болған. Қаһарлы заманда сол көктасты батыр басына апарып қоюға кімнің жүрегі дауаласын. Менің әр қадамым аңдулы. Бір-екі күн бойы машинамнан түсе қоймай әрлі-берлі жүйткіп келемін де, қас қарая орнына қоямын. КГБнің жансыздарын осылай алдаусыратып, бой үйретіп алып, түн ішінде Ағадырға жетіп, Ерғалы үйіндегі көктасты алып, Ағыбай ұрпағы Серік Ісмақов ағаны ертіп, аттанып кеткенбіз. Жолда Бестамақ-Ешкіөлместегі Тасболаттың үйіне қонып, ертемен әрі аттандық. Сол кездегі Босаға совхозының директоры Дәулет те бізге ілесе кетті. Ағыбай батыр басына алғаш көктас осылай қайылған еді. Бұл әрекетіміз партияға ұнай қоймады. Облысты басқарған Давыдов үлкен жиналыста «ұлтшылдар бас көтерді» деп, тағы да лаң салды

Иә, Ағыбайды айта отырып Жұмағұл Кенесарыны да жеріне жеткізе жазған екен. Ағыбайды Кенесарысыз, Кенесарыны Ағыбайсыз атау мүмкін емес. Аттап өте алмайсың. Патша империясы қазақты ұлт ретінде жоюға ұмтылса, Кенесары, Ағыбайлар ұлтты сақтау үшін жанталасып, өзінен әлдеқайда мықты, есепсіз жаумен арпалысты.

 Өлім уақыты келгендегі Кенесарының арманы қандай! Көзіңе жас аласың. «Еділ мен Жайықтың бойында патшалық Ресеймен күресу үшін қазақ пен қырғыздың басын қосуға үлгере алмадым» деген екен қазақтың соңғы ханы.

Ағыбай батырдың Кенесары қозғалысының соңғы сәтіне дейін ханмен бірге дұшпанмен арпалысқанын да оқырман осы кітаптан таба алады. Ағыбай елін қорғай алатын қайраткер боп ерте қалыптасқан. Ол Саржанның заманында онымен бірге болып, Қарқаралы бекінісіне, ондағы отаршыл казак-орысқа сан шабуылдаған батыр. Ол ұлттық туды көтерген, жаншылып бара жатқан қазақтың мүддесін жоқтай алған тұлға екеніне кітапты оқыған оқырманның көзі жете түседі.

Кітапты оқи отырып Ағыбайдың жан алып, жан беріскен шайқастағы сан ерлігіне разы боласың. Бір қырғын соғыста азғантай ғана қолмен қалған Кенесарыны жау қоршап алған. Қостан бөлектеу жатқан Ағыбай мен Жанайдар батыр қырғын ұрыс салып, қоршауды бұзып, ханға жеткен. Ағыбай «Тақсыр, қылыш үстінде сыпайгершілік жүрмейді» деп хан атының шылбырын алып, жетектеп алып шыққан. Жанайдар осы ұрыста кеңірдегіне найза кіріп, өте ауыр жараланыпты. Жанайдарды жаралаған дұшпанды Ағыбай батыр найза ұшына ілген екен. Бұл кітапқа енген көзсіз ерліктің бір ұшқыны ғана.

Кітап тарихи деректерге толы. Соның бірі 1844 жылы наурыз айының басында Ұлытау маңын қыстап жүрген Кенесарының ел жағдайын білмек болып, ауылынан алыстап кеткен шағында, мұны жансыздары арқылы білген орыстар шабуылдап, ханның бәйбішесі Күнімжанды тұтқындаған. Иә, халық арасында ауылдан жансауғалап қашып шыққан Күнімжан бір атақты бидің ауылына келіп баспана сұрағанын, ал оның Күнімжанды ұстап бергені туралы әңгіме әлі айтылып та жүр.

Академик А.Панкратованың тарихи шындық үшін Кенесары хан бастаған қазақтың азаттық үшін арпалысын қолдаған пікірі кітаптың маңыздылығын арттыра түскен. Сол азаттық үшін айқасты, оның басшысы Кенесарыны, Ағыбай бастаған батырлары туралы тарихи шындықты жазған Е.Бекмаханов 1952 жылы 25 жылға сотталған. Сонда да академик А.Панкратова пікірінен қайтпайды. «Неге грузин патшалары мен өзбек хандары сол бірдей тарихи жағдайда алдыңғы қатарлы тұлғалар болып саналады, ал қазақтар неге Абылай мен Кенесары Қасымовты қаралауы керек?» деп ашына жазады А.Панкратова.

Түйенің қомында туып, аттың жалында өсіп-жетілген қазақ ұлы азаттық үшін жаумен арпалысып баққан. 1773 жылы Сырым батыр бастаған айқас 143 жылға созылып 1916 жылғы Амангелді Иманұлының көтерілісімен аяқталғанын да оқырман осы кітаптан табады.

Сатқындықтың салдарынан Кенесары хан ауыр қазаға ұшырап, азаттық үшін айқас жеңіліс тапса да, Ағыбай батырдың дұшпанымен арпалысуы тоқталмаған. Бұл далалық партизан соғысы еді. Арқадан қол жинаған Ағыбай батыр Кенесары мен Наурызбайдың кегі үшін орыстың алдауына көнген қырғыз манаптары мен солардың әскерімен қайта-қайта шайқасқан. Ағыбай күресті жүргізе берген. Ж.Шөженов бұл туралы орыс архивінен дерек келтіреді. Генерал Фон-Фридрихқа Қарқаралының Трустов дегені жасырын берген рапортында «приехали мазутчики от сына Кенесары Касымова с предложением, чтобы Ағыбай… присоединился к Кенесарину для возобновления набегов» деп көрсетіп онан әрі «приехал от сына Кенесары (Садық. К.Ж.) кожа от имени Жанқожа, с давних лет служивший Кенесары… что сын Кенесары желает жить с ним как жил отец и просит со всем Чубартпалинским родом присоединится к нему. Этот хожа Жанқожа в сумке привез к Ағыбаю какие-то бумаги. … по приезду упомянутого хожи Ағыбай со всеми Чубиртпалинцами тотчас укочевал на озера Балхаш к урочишу Аққұм и Сарықұм, в удаленный от прочих волостей» деп көрсеткен.

Ұлы шайқас жеңіліске ұшырап, қазақтың ержүрек ханы Кенесары қазаға ұшыраса да азаттық үшін атқа мінген қазақтың қайтпас батыры Ағыбай қаруын тастамаған, тізе бүкпеген. Иә, ол Кенесарының ұлы Садық Төренің шақыруын құп көрген. Оның жанынан Шұбыртпалының да, қазақтың басқа руларының да азаматтары табылған. Кешегі біздің ауылдың ақсақалдары Асан қожа атты бір бабамыздың Ағыбайға ілесіп, Садық төренің жасағында болып, Түркістанды қорғау ұрыстарына қатынасқанын айтып отырушы еді. Бұл уақилар менің де кітаптарыма кірген.

Ерін жастанып, тоқымын төсек етіп, қылышына сүйенген даланың соңғы көкжалы Садық Төре 1864 жылдан 1877 жылға дейін азаттық үшін Ресейдің озбыр отаршылдарымен атусыз күресті. Талай-талай сатқындыққа да ұшырады. Ол туралы Е.Смирновтың «Султан Кенесары и Сыздық» деген кітабындағы мына суреттемені Ж.Шөженов лайықты келтірген екен. «Очень известен в Туркестанском крае как энергичный предводители киргизких и туркменских наездников бившихся с русским воисками. … этот последний боец за независимость киргизкого народа перешел на наши пределы… после взятия г. Кашкара китайскими войсками и уничтожения мусулманского государства в бассеине Тарим. Деятельность Садыка… представляет интересы и ценный материал для истории покорение Кокандского и Хивинского ханства, воин с Бухарой».

«Ақжолтайдың Ақжолы» кітабының тағы бір ерекше құндылығы – қазақ хандығының құқықтық мемлекет болуын дәлелдей түсуі. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысынан» талай ұтымды мысалдар келтірілген. «Жеті жарғының» 1832 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген толық нұсқасында осы кітаптан табамыз. Соның бір ғана әйел затына байланысты тармағына көз жүгіртейікші:

– Әйелді зорлау – кісі өлтірумен бірдей қылмыс.

– Егер, екі қабат әйелді аттылы қағып кетсе – жүз түйе, не үш жүз ат, не мың қой жаза.

– Біреудің әйелін алып қашқан адам өлімге бұйырылады.

 – Әйелді ренжіткен адам, онан кешірім сұрауға тиіс, болмаса айып салынады.

 – Әйел ерінің көзіне шөп салса, ері оны өлтіруге хақылы. Тағы мынандай тарауларына көз жүгіртсек.

– Ұрлық, қарақшылық, зорлықзомбылық жасаған адам өлім жазасына кесіледі.

 – Қан алмастыру (7 ата ішінде) өлімге бұйырылады.

– Құдайға тіл тигізген таспен атып өлтіріледі.

– Өсиет ағайындар мен молланың қатысуы арқылы жасалады.

– Барымта малы төлімен қайтарылады.

– Дауды билер мен ақсақалдар шешеді.

Бұдан басқа көшпелілер үшін ар сотының болғаны да кітапқа енген. Жазаның ең көп қолданылатын түрі кінәлі адамды сабау болған. Осы сабау тап біздің тұсымызда енсе, артықтығы жоқ. Сәл қылмыспен соттап, неше алуан бұзықтарға қосып, сәл тентекті бұзатар жолға салғаннан сабап есін кіргізген де дұрыс шығар.

Иә, патша үкіметі ғасырлар бойы қалыптасқан ішкі тәртіп жүйесі бар, мемлекеттік заңы бар темірдей бірлікте қалыптасқан қазақты бағындыру үшін қазақы қоғамды құртуы керектігін әбден түсінген. Сол үшін хандықты жойса, ендігі кезек қазақы сот жүйесі билікті құрту керек еді. «Билер институтын жою, тума таланттарды жою» деп Ж.Шөженов дұрыс жазған. Би дегендерді енді орыс билігі өздеріне ұнамды адамдардан өздері тағайындайтын болды. Шортанбай жыраудың

«Шұнақ бидің тұсында,

Шананы мінді күймелі» – дейтін шұнақ билері, яғни, «указной билері» мен төрде «шөмейіп» отыратын указной моллалары осы. Қазақты өзара дай-дай ету үшін, болыс, аға сұлтан сайлауы дегенді де енгізген еді. «Реформа… терең ойды, байыпты тұжырымды қажет етеді, өйткені, халықтың «өмір сүру-сүрмеуі» соған байланысты» деп жазған ғалым Шоқан да аға сұлтан сайлауына қатысқан. Ол аға сұлтандықты пайдаланып, билікті қазақы жолға қарай бұрғысы келген еді. Шоқан жеңіп кетсе, сол сияқты пікірдегі қазақ азаматтары қазақтың басқа өлкелерінде де билік басына отыруы мүмкін. Орыс осыдан қорықты. Сайлауда Шоқан 30 дауыс алса да, 14 дауыс алған Ерден Аға сұлтан болып шықты. Иә, ол қай қылығымен орысқа жақты екен?

Кітапта бар халықтың аузындағы Сенкібай, Жидебай, Алшынбай, Шортанбайлардан басқа көп ел тани қоймайтын Ағыбай батырдың замандастары Бегалы би, Естай, Ершыман, Дүйсенбай, Көпбай, Боранқұл батырлар туралы жақсы деректердің келтірілуі сол заманның өзінде елдің қамын жеген ел жақсыларының болғанына қазақ ұғымынан айырылып қалған талайдың көзін жеткізеді.

Осы жерде кітапты жазған Жұмағұлдың көзіне ілікпеген бір жағдайды айтып өткенді жөн көрдім. Ағыбай мазарының жанынан өтетін өзенді кесіп қара жол өтеді. Сол жолдың сол жағында биіктігі де, жуандығы да 7-8 жастағы баладай үш қызыл тас ошақтың үш бұтындай жерге қадалып тұрушы еді. Кешегі маған алғаш көрсеткен Қасен жыршы, Қази ақындар бұл үш тасты Ағыбай әкеліп орнатқан. Бұл Кенесары ханның тайқазаны тұрған тастар деген еді. Кейін осы үш тасты таба алмай қалдым. Сол жерге үй салғандар фундаментке пайдаланып кетті ме деген ой келеді.

Жұмағұл Шөженов жалпы жұрт біле бермейтін, жаңалық ретінде қабылдайтын тағы бір тың деректі де келтірген екен. Оқудан жазғы демалысқа шыққан жас Әлихан Бөкейхан Тайатқан-Шұнақты жайлап отырған Ағыбайдың жүзін көріп, сәлем беруді мақсат етеді. Жолбасшылыққа Жанқұтты биді қалаған екен, Жәкең осының алдында ғана Меккеге кетіпті. Сонымен Әлихан Жуасбай ақынды алып Ағекеңе жеткен. Қартайған Ағыбай Жанқұтты туралы «Жылдан асып қалды, хабарласқан жоқ, аман болсын» деген екен. Бұл 1885 жыл. Бұл Жанқұттының өмірінің соңы туралы нақты дерек. Кейбіреулер ештеңені зерттеместен «Жәкең 1870 жылы өлген» деп ажалынан бір мүшел бұрын өлтіріп қоюшы еді.

Ақмола жақтан келе жатқан әкесіне ерген мүшел жастағы Әлихан Бөкейхантегінің Жанқұттыға сәлем бергені туралы әңгімені шежіреші қарт Мәді Бейбітов те айтушы еді. Тек жыл жағдайын келтіре алмайтын.

Сондай бір деректі ұстазым болған, ғасырдан артық жасаған Жұматай Құтжанов та жеткізген. Жанқұтты Меккеге кеткеннен соң, сол ауыл тізгінін інісі Аймағанбет алған екен. Аймағанбет тұсында ел іші тыншыған, біраз ырыс қонған уақыт болса керек. Ол туралы Төлеубек ақын өлең де арнапты. Аймағанбет елді он жылдай басқарыпты. Сол тұста осы әңгімені айтушы Жұматай ұстазымыздың туған әкесі Қожабай Аймағанбетке қызмет етіпті. Еті тірі, кісілігі бар Қожабайды Аймағанбет те ұнатса керек. Жұматай ұстаз өзі туралы шыққан кітапқа журналист Серғазы Әбдібековке берген сұхбатында 1896 жылы, мешін жылы қатты болып, елдің жұтқа ұшырағанын жаз тағы құрғақ болып, шаруашылық әбден шайқалған соң Аймағанбеттің Қожабайды «өз күніңді өзің көр» деп босатқанын жазады.

Сөйтіп, Аймағанбеттің елді билегеніне 1896 жылы он жыл толады. Сонда Жанқұтты Меккеге 1884 жыл немесе 1885 жылы кеткен болып шығады. Бұл да Жанқұттының 1870 жылы өлмегенінің нақты дәлелі, яғни, 1882-1883 жылдар аралығында Меккеге аттанған.

Біз орысқа бағынған сұлтан атаулы Кенесарыға қарсы соғысты деген пікірдеміз. Жұмағұл жаңа дерек келтіріпті. Жетісулық Али сұлтан «… мы обязаны быть верными Россий, но не сражаться со своим кровным родственником» дейді генерал Н.Вишневскийге. Бұл сұлтандардың іштей Кенесарыны қолдаса да, елін қанға боямас үшін орысқа бағынуға мәжбүрлігінің айқын айғағы.

Ағыбай батыр суретінің Ж.Қуанышбековтің қалай тапқаны да дерекпен келтірілген. Біз «Құба белдер» романында бұл жағдайды қазақтың ауызша тарихы, ақсақалдардың жүйелі сөзі арқылы жазған едік. Екеуі де сәйкес әңгіме, деректер.

Ағыбай мен Кенесарыны қазақ ақындары жоқтап баққан. Нысанбай ақынның жыры жүректі тебірентеді. Шортанбай жырау «Ақжолтай батыр» дастанын қазақтың көне үлгісі түрінде жырласа, Кенесары туралы бізге зорға жеткен нұсқасында «Хан Кенедей ер қайда… күркіреп солар тұрғанда, қазақты жау жеңбеді» деп жырлаған.

Арнайы зерттелген, құнды деректерге толы кітаптың жұртқа берері көп, танымдылығы жеткілікті туынды боп шыққанына оқырманның риза болары даусыз.

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,

жазушы,

«Құрмет» орденінің иегері.

Басқа материалдар

Back to top button