Жаңалықтар

Наурыз келді еліме

Ізгілік пен берекенің мерекесі алдымен бұлақ көзін ашудан басталды. Бірнеше ай бойы қар құрсауында жатқан тасбұлақтың көзі ашылып, арнасы тазартылды. Осынау мерекеде алдағы күннен тек үміт күтіп, жақсы тілектер тілейтін аудан халқы бұл жолы да сол жақсы әдетінен жаңылмады. Аудан әкімі Халел Мақсұтов бастаған «Қайран жастық» ардагерлер ансамблінің мүшелері ақ жаулықты әжелер мен ақсақалды аталар ұлттық киім киіп, бар сән-салтанатымен қалың қарағаймен көмкерілген тау бөктеріндегі бұлаққа барып салт-жоралғыны жасады. Қариялар бата беріп, келер күннен тек тыныштық тілеп, бірлігі мен берекесі артқан елдің ізгілікке толы мерекесі көп бола берсін деген игі тілегін жеткізді. Өнерпаздардың әуезді әндері мен ақжарма тілектері сылдырай аққан бұлақтың үнімен астасып жатты. Көнеден атадан балаға мұра болып келе жатқан жоралғы орындалғаннан кейін ата дәстүрмен қыстан қалған сүбелі мүшелерден дайындалған наурыз көжеден ауыз тиген ел, орталық алаңдағы көркемөнерпаздардың сазды бағдарламасына куә болды.

Ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлерде ұлттық құндылықтарымыз кеңінен көрініс тапты. Ертеден жетіп, бүгінгі күнге дейін сақталып келе жатқан текемет, түскиіз, сырмақтар, кебежелермен киіз үйлерді көріктендірсе, рухани байлығымыз құнды кітаптардан көрмелер ұйымдастырылды. Қазыналы аймақта кездесетін аң-құстардың экспонаттары мен талантты оқушылардың қолөнер туындылары кеңінен насихатталды. Әрбір мекеме өзіне тиесілі жерде қазан көтерді. Алыстан ат арытып келген қонағына адал асын ұсынатын игі дәстүрді қарқаралылықтар берік ұстанды. Құрт пен ірімшік, шелпек, бауырсақ, түрлі тәттілер, ас атасы нан тағамдарының неше түрі, наурыз көженің молдығы дайындаған адамдардың шынайы ықыласы екендігін көрсетті. Мерекенің көрігін бір шетте ұлттық ойындарымыз қыздырды. Білекті жігіттердің аударыспағы, күштілердің қол күресі, арқан тартысы, нағыз қара күштің иелері бір шетте қой көтеріп жатты. Алтыбақанның аясындағы ән-думан өзінше бөлек. Әуелеген ән, сылқым би, күмбірлеген күй, қызыққа толы тартысты тамашалап, киіз үйлерді аралап, түрлі астан дәм тартқан жұрттың қарасы қалың болды бұл күні. Мерекелік шара барысында мекемелер арасында «Астанаға 20 жыл», «Рухани жаңғырған Қазақ елі», «Бауырсақ, Наурыз көже» атты фестиваль ұйымдастырылды. Нәтижесінде, М.Бәпиұлы атындағы N44 орта мектеп ұжымы, М.Әдекенов атындағы ауыл шаруашылық колледжі және жастар ресурстық орталығы, «киіз үй безендіру» сайысында Қарқаралы ұлттық табиғи паркі, балалар мен жасөспірімдер орталығы, орталық кітапхана жүлделі орындарды иеленді. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, мерекелік шара «Қарқаралы барысы» атты қазақ күресімен жалғасты. Жауырыны жерге тимеген кешегі Қоянды жәрмеңкесінде өнер көрсеткен Қажымұқандардың ізбасарлары, білекті де жүректі балуандар он салмақ дәреже бойынша белдесті. Қарқаралылық тұрғын, спорт жанашыры Талғат Жүнісов абсолют салмақтағы балуанға арнайы «Қарқаралы барысы» белбеуін тағайындады. Жарыс нәтижесінде, Қ.Тілеуқор (55 келі), А Бәкіш (60 келі), М.Дүйсетай (66 келі), Д.Қауымбек (74 келі), С.Сүлейменов (82 келі), А. Құрманбай (90 келі), Т.Пүштаев (100 келі), 30 жастан асқандар арасында Е.Мыңбайлар бірінші орынды иеленді. Абсолют салмақ дәрежесінде бас жүлдені яғни «Қарқаралы барысы» белбеуін А.Құрманбай жеңіп алды.

Бірнеше күнге жалғасқан айтулы мереке аудан тұрғындарының есінде нағыз халықтық мереке болып сақталары сөзсіз.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Сағыныш Әбілова.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button