Науқан аяқталар күн жақын

Қырдағы орақ науқаны тәмамдалуға жақын. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 7 қазанда таратқан мәліметіне сүйенсек, орылған жер көлемі 94,3 пайызды еңсерді.

Биыл облыс бойынша егіс алқабы ұлғайғаны белгілі. Былтыр 794,7 мың гектарға бидай мен арпа дәні себілсе, биылғы көрсеткіш – 830,5 мың гектар.

Бүгінде бірнеше ауданда орақ науқаны мәреге жетті. Бұлардың қатарында Абай (28,6 мың гектар), Жаңаарқа (12 мың гектар), Ұлытау (25 мың гектар) және Шет (20,4 мың гектар) аудандары бар. Өзге өңірлер жақын уақытта аяқтауды жоспарлауда.

Астық түсіміне диқандардың көңілі толып отыр. Облыс бойынша орта есеппен гектарына 12,3 центнерден айналуда. Былтыр 9,2 центнерді місе тұтқан едік.

Картоп алқаптары да былтырғыға қарағанда кеңейе түсті. 8375 гектардан 9287 гектарға артты. Абай (97,1 пайыз), Бұқар жырау (96,1 пайыз) және Осакаров (96,5 пайыз) аудандарынан басқа өңірлердегі науқанға нүкте қойылды. Яғни, облыс бойынша – 97,6 пайыз. Орташа түсім – гектарына 246 центнер (2017 жылы – 252 ц/га).

Қазіргі таңда қамбаға 223059 тонна картоп құйылды. Мұндағы ең қомақты үлес – абайлықтардың еншісінде. 100855 тонна.

1142 гектар жерге егілген көкөністің 94,4 пайызы жиналды. Қазір қамбада 39099 тонна өнім бар. Аудандарға шаққандағы түсім – 290 ц/га. Бұл орайда, гектарына 336 центнер көкөніс жинап отырған ұлытаулық диқандардың еңбегін ерекше атап өту қажет. Ал, ең үлкен егістік – Абай ауданында. 840 гектар.

Майлы дақылдарды өсірумен Бұқар жырау, Абай, Нұра, Осакаров және Шет аудандары айналысады. Диқандар 17109 гектар алқаптың жартысынан астамын орып үлгерді.

Таяу арада комбайнды доғаруды жоспарлап қойған диқандардың басты уайымы – ауа райы. Күн жылы қабақ танытса болғаны. Орақ та уақытында түйінделмек.

 

Нұрқанат ҚАНАФИН,

«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.