Қарқаралы

Құнар – құрт пен майда

Талай нәубетті бастан өткерген қазақ халқы үшін «ақ» сөзінің астарында үлкен мән бар. «Ақты төкпе, ақты баспа!» деген тыйымдар, ақтан жасалған тағамдардың адам арқауы екенін меңзейді. Сондай тағамның бірі – құрт.

Сүт өнімінен жасалатын құрт бүгінге дейін өзінің маңызын жойған емес. Құнарын сақтап келе жатқан ұлттық тағам. Құрттың бірнеше түрі бар. Солардың ішінде біздің білетініміз – сықпа құрт пен көже құрты. Аналарымыздың сауылған сүтті арнайы ыдысқа құйып, ашытып, қапқа салып сорғытып қоятынын көрдік. Әбден көк суынан арылған қоймалжың өнімге қажетінше тұз қосып, жайып, күн көзіне кептіреді. Кепкен құртты қапқа салып, қысқа жинайды. Ал, көже құртты үлкен ыдысқа қойып, көк суы бойына сіңгенше пешке әбден қайнатып, ыдыстарға салып қояды. Екеуінің де адам ағзасына пайдасы зор. Ашаршылық уақытында адамдардың сықпа құртты бірнеше күн талғажау еткендігі туралы деректерді жиі кездестіреміз. Ал, көже құртты сорпаға қосып ішсе, денедегі суықты шығарады екен. Себебі, көк суы өз бойында қалған құрт буын сырқатына таптырмас бірден-бір ем.

Бүгінде құрттың бірнеше түрін шығарып, халыққа ұсынып отырған жеке кәсіпкер Сламбек Қинаяттың «Атамекен» сүт өңдеу цехынан шыққан өнімдері сұранысқа ие. 2017 жылы құрылған цех тәулігіне екі тонна сүт қабылдап, құрт, ірімшік, сары май өнімдерін шығарады. Цех жұмысы арнайы автоматтандырылған құрылғылар арқылы жүзеге асады. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 18 млн. теңге қаражат алып, Қытайдан аппараттар әкелді. Қондырғылар Тибет технологиясы негізінде жасалған.

  • Тибет технологиясын қолдануымыздың өзіндік себебі, бізде ұқсастық бар. Біздің ата-бабаларымыз көшпенділер болды. Біз қазақ болсақ, оларда таңғыт деген ру бар. Жаугершілік заманда қазақпен бірге атқа қонып, жауға бірге шапқан. Қазаны бірге қайнаған, түңілігі бірге ашылып, бірге жабылған халықпыз. Бүгінде олар мал өнімдерін емге кеңінен пайдаланып отыр, – дейді шаруашылық басшысы Сламбек Қинаят.

Қазақи салт-сананы негізге ала отырып, сүт өнімдерінен көбіне құрт, сондай-ақ, май және ірімшік жасауда. Мәселен, сары майдың қасиетін жоғалтпау үшін сүтті күбіде пісіп, май алады. Ал құрт жасауда, алдымен сүт арнайы суытатын сыйымдылығы екі тонналық танкерде сақтайды. Кейіннен, сүт бактериядан залалсыздандыратын аппараттан, сүттің майын шығаратын күбіге өтеді. Сүт 100 градус температурада қайнатылып, арнайы ашытқы қосылады. Дайын өнім, яғни, құрт түтікшелер арқылы, түрлі формада құйылып, кептіру машинасына өтеді. 24 табақтан тұратын машина 60-70 градуста 1 сағатта 50 келі құртты кептіріп шығарады. Ешқандай қоспасыз, таза табиғи түрде жасалған өнім сүттен құртқа айналады. Ал, май шайқағаннан қалған су да сұраусыз қалмайды. Оны малдың жеміне қосып береді. Ол сүттің майлылығын арттырады. Әдетте сүттің майлылығы 2,5 процент болса, қоспа қосылған азықты жеген мал сүтінің майлылығы 4,7 процентке дейін барады. Бұл құрттың құнарлылығын арттыра түседі.

Міне, осындай заманауи технология негізінде дайындалған «Атамекен» цехының құрттарына деген сұраныс өте зор. Ешкі және түйе сүтінен жасалған құрт және Алтай тауы арасының балы қосылып жасалған емдік құртты арнайы тапсырыс арқылы алатындар саны артып келеді. Автоматтандырылған технология негізінде жұмыс жүргізілсе де, құрттың жасалу жолы, табиғилығы және құнарлылығы сақталған.

«Кальцийдің нағыз көзі болып саналатын құртты алдағы уақытта әлемдік нарыққа шығарамын» дейді шаруашылық басшысы. Сонымен қатар, ешкі сүті мен түйе шұбатын Түркістаннан тасымалдамай, ешкі мен түйені де қолда өсірмек. Ақуыз бен дәруменге өте бай ұлттық тағам – құртты өндіруде іргелі істі қолға алған Сламбек Қинаяттың кәсібіне береке тілейміз.

Сағыныш ӘБІЛ

Басқа материалдар

Back to top button