Баған

Надандықтың иісі

Көптен көрмеген бір көкемізбен біраз көкідік. Көкідік дейтінім, әңгімеміздің берекесі, дәмі болмады. Себебін айтып көрейін. Көкеміз кеңес өкіметінің бар қызығын бір кісідей емес, бірнеше кісідей көрген адам. «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген аталы сөз бар. Көңіліңде осы ұлық сөз тұрғанымен, аса көп жасамаса да (Алланың берген жасын жасай берсін) бұл кісіні көпті көргендердің қатарына қосамыз.

Көпті көрген адам көп білуші еді, ақыл-ойы озық болушы еді. Жоқ, олай емес. Бұл кісі қазіргі өмірге разы емес. Кеңес өкіметін асты-үстіне түсіп мақтайды келіп. Мақтасын-ақ. Кім қой дейді. Ол өкіметтің де жақсылығы болды. Оған кім қарсы?

Әңгіменің бір тұсында «Газетке жазылдыңыз ба?» дедім.

Ол кісі біртүрлі жаман сөз естігендей селт ете қалды.

  • Неге жазыламын, кеңсеге келеді ғой, – деді.
  • Жазылып қойғанның артығы болмайды, өзіңіз болмаса да, балашаға бар бар дегендей, – дейміз үлкен кісінің көңіліне қарағансып.
  • Кезінде атынан ат үркетін қызметтерде болған көкеміздің қазіргі жағдайы да сорлы емес. Бірақ, баяғы сол өзі мақтап отырған кеңес өкіметінен қалған әркімнен сый күту әдетінен арылмаған. Өмірі бір кітапты тауысып оқымаған, өмірі өз қалтасынан ақша шығарып тамақ ішпеген адаммен келісімге келу қиын, әрине. Оған газетті де біреу жаздырып беруі керек, т.б. Болмаса бес бірдей отбасы болған бес ұлы бар. Сол бес ұлына бес дана ұлттық басылым жаздырып беру қазіргі зейнет жасының өзінде аса ірі корпорацияда қызмет істейтін кісіге түкке де тұрмайды.
  • «Ұлттық басылымға жазылғаның, ұлтқа қызмет еткенің» деп көпті көрген кісіге ділмәрсіп сөйлеп отыру да қисынсыз екен.
  • P.S. Есіл уақыт! Әйтеуір, көкемізбен де қоштастық-ау. Бөлменің ауасы тарылып, надандықтың иісі аңқып кетті. Есіктерезені ашып тастап, желдетіп алдым.

  • Қали СӘРСЕНБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button