Нақты істер баяндалды

Кеше Үкімет үйінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының төртінші бағыты «Біртектілік пен бірлік» бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

Жиында алғаш болып сөз алған Арыстанбек Мұ­хамедиұлы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 85, 86 және 87-қадамдары толығымен жүзеге асырылғанын, ал 89, 90-қадамдары орындалып жатқанын мәлімдеді.

– Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының 2016 жылы өткен ХХІV сессиясында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық актісі бекітілді. Бұл қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту және дамытуға қатысты маңызды оқиға болды. Шын мәнінде, бұл – бірегей құжат. Онда еліміздің әрбір азаматы үшін маңызды құндылықтар, яғни, отбасының амандығы, қонақжайлылық, еңбек­сүй­гіштік, тұрақтылық, қауіп­сіздік, бірлік, сондай-ақ, ертең­гі күнге деген сенімділік және өзге де мәселелер қам­тыл­ған, – деді Мәдениет және спорт министрі.

Сондай-ақ, ол 86-қадам ая­сында Қазақстан халқы Ассамб­леясының «Үлкен ел – үл­кен отбасы» жалпыұлт­тық жобасы әзір­леніп, толығымен жүзеге асы­рыл­ғанын жеткізді. Со­ны­мен қатар, еліміздің бар­лық өңірлерінде 30-дан астам Достық үйі ашылғанын ерекше атап өтті.

Оның айтуынша, өткен айда ғана, яғни, 30 мау­сымда «Қазақстан Республикасының туристік саласын 2023 жылға дейін дамыту тұжы­рымдамасын бекіту туралы» Үкімет қаулысы шыққан. Бұған қоса, Үшінші эконо­микалық жаңғыру барысында туризм саласы индустрияландыру, отын-энергетикалық, агро­өнеркәсіп кешен, көлік, сауда секілді салалармен бірге негізгі басымдықтың қатарына енгізілген.

– Туризмді дамыту сая­саты географиялық жағы­нан Қазақстанды толығы­мен қамтитын қажетті инфра­құрылымы бар алты өңірлік мәдени-туристік кластерлерді құруға бағытталған. Яғни, бұл баршамызға белгілі Астана – «Мәдениеттердің гео­саяси тоғысуы», Алматы – «Өр­кениеттер бесігі», Шығыс Қа­зақ­стан – «Алтай маржаны», Батыс Қазақстан – «Кас­пий қақпалары», Оңтүстік Қазақ­стан – «Ұлы Жібек жолы­ның жаңғыруы», Солтүстік Қазақ­стан – «Табиғат пен көшпенді мәдениеттің тұтастығы», – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Ол сондай-ақ, өңірлердің ерек­шелігін ескере отырып киелі, экологиялық, аң­шылық-олжалық, мәдени-танымдық, медициналық, спорттық және өзге де еліміз үшін маңызды туризмнің жаңа түрлерін дамытуға басты назар аударылатынын мәлімдеді.

Мәселен, Астана – «Мә­де­ниеттердің геосаяси тоғысуы» кластерінің ерекшеліктері – Ұлытаудан ҚарЛаг, АЛжир лагерлеріне дейінгі аралықты қамтитын киелі туризм. Сонымен қатар, Астана Опера, Астана Балет, Ұлттық музей сынды орындары және дамыған инфрақұрылымы бар елордада мәдени туризмді дамытудың мүмкіндігі зор. Ал медициналық, курорт­тық туризмді дамыту мәсе­ле­сіне тоқталар болсақ, бұған елімізде өтіп жатқан ЭКСПО инновацияларының инфра­құ­рылымы септігін тигізеді.

Мәдениет және спорт ми­нистрі 89-қадам, яғни, «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру барысы туралы айтып өтті.

– Біз осы жылдан бастап үш тілде білім беру бойынша 2011-2020 жылдарға арналған жаңартылған мемлекеттік бағдарламаның үшінші ке­зеңін, яғни, 2017-2020 жыл­дарғы бөлі­гін жүзеге асыруды қолға алдық. Мұнда бас­ты назар тілдер­ді оқыту әдіс­намасын стан­дарт­тауға, инте­рактивті оқу-әдіс­темелік құралдарын әзір­леу және басып шығаруға, әлем­дік классикалық әдебиетті ауда­руға бағытталып отыр, – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Бұдан бөлек, Мәдениет және спорт министрі ел тұр­ғын­дарының тілдерді барынша үйренуі үшін «Tilalemi.kz», «Emle.kz» орфографиялық базасы, «Atau.kz» ономастикалық базасы, «Termincom.kz» тер­минологиялық базасы секілді мультимедиялық интерактивті алаң құрылып, жұмыс іс­тейтінін атап өтті. Ал. балалар үшін анимациялық фильмдер негізінде мемлекеттік тілді оқыту бойынша «Ғажайып қазақ тілі» және «Ваш спутник» мультимедиялық бағ­дар­ламасы әзірленген. Сондай-ақ, ол елімізде 90-ға жуық тілдерді оқыту орталығы бар екенін мәлімдеді.

Ал, өз кезегінде Дін іс­тері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Ұлт жоспарының 87-қадамы «Менің елім» азаматтық біре­гей­лікті нығайту жалпыұлттық жобасын жүзеге асыру және әзірлеу», сондай-ақ, 89-қа­дамда көрсетілген «Нұрлы бо­лашақ» ұлттық жобасын жүзеге асыру және әзірлеу» бағыттарын жүзеге асыру барысын баяндады.

– Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің басты міндеті – үкіметтік емес жә­не коммерциялық емес ұйым­дардың қызметіне байланысты құқықтық актілердің жүзеге асы­рылуын қамтамасыз ету. 2015 жылы қабылданған үкіметтік емес ұйымдарға қа­тыс­­ты заң бойынша деректік ба­за және сыйақылар мен грант­тар туралы нормалар ен­­гі­зілді. Ал, қазіргі уақытта жұмыс­тар түрлі бағыттар бойын­ша жүргізілуде, – деді Нұр­лан Ермекбаев.

Ол бұған қоса, 2016 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленгенін айта келіп, оны мамыр айында Парламент Мә­жілісіне жіберілгенін мәлімдеді. Ал, қыркүйекте заңға тәуелді базаны, оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс­тар бойынша іске асырылатын қызмет көрсетулердің сапасына, мазмұнына, шарттарына, бағалау критерийлеріне бірыңғай талаптар, яғни, стандарттар дайындау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, министр биыл гранттық қаржыландыру көлемі шамамен 588 млн. тең­гені құрағанын, үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныс­тарын есепке ала отырып, тақы­рып­тар да кеңейгенін жет­кізді.

– Бүгінде арнайы оператор арқылы 41 жобаға қаржы бөлінді. Ал, болашақта тағы 14 жобаға грант берілу жос­парланып отыр. Осылайша, 55 жоба гранттық негізде қар­жы­­ландырылады. Осы жылы үкі­меттік емес ұйымдарға бөлін­ген қаржы көлемі өткен жыл­ғыдан үш есеге артық болып отыр. Былтыр 200 млн. тең­гені құраса, биыл 600 млн-ға жуықтады. Ал, алдағы жылы бұ­дан да көп болуы керек. Та­ғы бір айта кетерлік жайт, 1 шіл­деден бас­тап үкіметтік емес ұйым­дарға арналған сыйақыны беру бо­йынша байқауға қатысу үшін өтінімдер қабылдау бас­талды, – деді Нұрлан Ермекбаев.

Бұдан бөлек, министр «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңға үкіметтік емес ұйымдардың өз қызметтері бойынша міндетті есептілігі жөнінде талап енгізілгенін жеткізді. Бұл есептілік үкі­меттік емес ұйымдардың дерек­қорына ұсынылады. Бүгінгі таңда дерекқорға үш мыңға жуық қазақстандық және шетелдік ұйымдар тәжіри­бесі енгізілді.

Аян Әбдуәли.

(«Егемен Қазақстан»).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.