Бас тақырыпОблыс әкімі

Нәтиже сараланып, міндеттер межеленді

Кеше облыстық мәслихаттың хатшысы Серік ӨТЕШОВТіҢ төрағалығымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХVІІІ-ші сессиясы өтті. Күн тәртібінде облыс әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерін орындауы туралы есебі тыңдалды.

Үдемелі даму үдерісі

Облыс активін шақырумен өткізілген кеңейтілген сессия жұмысына облыс әкімі Ерлан Қошанов, Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Сәлімгерей Бекбергенов, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық департамент, басқарма басшылары, жоғары оқу орындарының, діни бірлестіктердің, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының және кәсіподақтар мен бизнес өкілдері қатысты.

  • Кеше ғана Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Отырыстың ең негізгі лейтмотиві – халықтың өмір сүру сапасын арттыру болды. Біздің алдымызға қойылған басты мақсат та – осы. Әрбір тұрғынның, әрбір адамның әлауқатын арттыру. Қарапайым адамға не керек? Қолжетімді баспана, тұрақты жұмыс, жақсы жалақы, сапалы инфрақұрылым, дамыған медицина. Міне, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы халықты ертең немесе келешекте емес, дәл қазір қандай мәселелер толғандырып отырғанын жіктеп, оның шешілу жолдарын жіліктеп берді, – деп бастады облыс әкімі.

Индустрия игілігі

Биыл Қазақстанда индустриалдыинновациялық дамыту бағдарламасының екінші бесжылдығы өз мәресіне жетеді. Осынау онжылдықтың жемісі ретінде 87 жоба мен жаңадан ашылған 7 мыңнан астам жұмыс орнын айтуға болады. Осы күні облыс өнімі әлемнің 49 мемлекетіне экспортталады. Бұл – негізінен металлургия, кен өндіру саласы. Алайда, аймақта жоғары қайта өңдеу өнімінің экспорт көлемі әлі де төмен екенін мойындау қажет. Сондықтан, қазіргі таңда қайта өңдеу өнеркәсібі саласындағы жоғары қайта өңдеу технологиясын қолданатын жобаларды іздеу жұмысын күшейту маңызды. Бұл ретте, жаңа ішкі нарықты игеру мәселесін де ұмытпау қажет. Бұл үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының зор мүмкіндігін толыққанды пайдаланған жөн. Осы күні аталған бағдарламаға небары 116 кәсіпорын қатысуда. Солардың тек бесеуі ғана 2,5 млрд. теңге көлемінде несие алды. Бұл – өте аз көрсеткіш.

Сондықтан, банктер экономикалық үдерістерге белсенді қатысуы қажет. Әкімдер жергілікті жерлерде кәсіпкерлерге бұл бағдарламаның басымдығы мен мүмкіндіктерін жеткізуі шарт.

Агроөнеркәсіп кешенінің келешегі мен бүгіні

Облыстың агроөнеркәсіп кешені тұрақты түрде дамып келеді. Осы жылдың алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша өсім 103,4%-ды құрап отыр. Негізгі сала ретінде егін шаруашылығы қарқынды дамуда. Былтыр 20 жылда болмаған 1 млн. тоннадан артық астық алынды. Бұл бағытта әртараптандыру жұмыстарын жүргізу қажет. Президент тапсырмасына сәйкес, суармалы егістік алқабын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аудару керек. Жалпы, облыс бойынша 91 мың гектар жердің 20,3 мың гектары ғана пайдаланылуда. Сондықтан, Ертіс-Қарағанды, Нұра, Кеңгір суын тиімді пайдалану міндеті тұр. Бұл тапсырма алдағы екі жылда орындалады деп жоспарлануда.

Ендігі маңызды мәселе – ауыл шаруашылығын цифрландыру. Шабындықтар мен жайылым орындарын цифрландыру жұмысы жүйелі жүруде. Жыл соңына дейін тәмамдалады. Осы күні цифрландыру аймақтағы екі ірі шаруашылықта қолданылуда. Биыл нақты егіншілік элементтерін 28 фермаға енгізу жоспарлануда. Бұл ретте, жерді тиімді пайдалану мәселесі тұр. Кейінгі екі жылда бұл жұмыс айрықша бақылауға алынды. Нәтижесінде, пайдаланылмаған 1 млн. 200 мың гектар жердің 681 мың гектары айналысқа енгізілді. Жер қорына 192 мың гектар жер қайтарылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда.

Келесі маңызды сала – мал шаруашылығы. Аймақтың табиғи климаттық жағдайы – дәстүрлі мал шаруашылығының дамуына өте қолайлы. Мал шаруашылығы тұрақты түрде дамуда. Соның ішінде, ірі қара мал, жылқы шаруашылығы қарқынды даму үстінде. Дегенмен, негізгі саланың бірі саналатын қой шаруашылығында пайдаланылмай жатқан мүмкіндіктер бар.

Кәсіпкерлікке – кең өріс

Жыл сайын өңірде 600-ге жуық кәсіпкер өз ісін бастайды. Кейінгі екі жылда облыс әкімдігінде кәсіпкерлік тұрғысында комиссия жұмыс жасап келеді. Онда шағын және орта бизнестің жекелеген мәселелері күн тәртібіне қойылады. Президент бизнеспен байланыс орнатудың жаңа форматын ұсынды. Облыста республикада алғашқы болып «Есеп күні» өтті. Ендігі таңда кәсіпкерлер қадағалау органдарының алдында емес, керісінше, қадағалау органдары кәсіпкерлер алдында есеп береді. Оған онлайн-форматта аймақтағы 2000 кәсіпкер қатысты.

Туризмді түлету жолдары

Мемлекет басшысы туризмді дамытуға ерекше ден қоюда. Бұл сектор тұрғындарды өнімді жұмыспен қамту мен экономиканы әртараптандыру, аймақ инфрақұрылымын дамыту мәселелерін шешуге жол салады. Сондықтан, өсімнің 3 бағыты таңдап алынды. Бұл – ел көлеміндегі үздік ондыққа енген Балқаш маңындағы курорттық аумақ, туристерді тарту Картасының үздік елулігіне енген «Ұлытау» тарихи-мәдени кешені және Қарқаралы курорттық аумағы.

Жуырда Балқашта халықаралық туристік форум өтті. Сондай-ақ, туристік операторлар мен БАҚ өкілдеріне ақпараттық тур ұйымдастырылды. Бұл ретте, туристік операторлардың зор қызығушылығы бар екенін де айта кету қажет.

  • Кеше Ұлытауда болып, Мәдениет және спорт вице-министрін шақырдым. Туристер ағымын тарту бойынша аймақты дамыту идеяларын талқыладық. Қазір ол өңірде келушілерге ақпарат беретін визит-орталық, жол, музей құрылысы жүруде. Инфрақұрылым мәселесі де шешілуде. Балқашта да инженерлік коммуникация желісінің құрылысын қамтамасыз ету қажет, – деді Ерлан Жақанұлы.

Макроэкономика мәйегі

Кейінгі жылдары облыста инвестиция көлемі артуда. Өткен жылы 489 млрд. теңге көлемінде шағын инвестиция тартылды. Соның 43%-ы – шетелдік инвестиция. Бұл жұмыс биыл да жалғасуда. Алғашқы жартыжылдықтағы өсім 73%-ды құрап отыр. Облыста 7 мың жаңа жұмыс орнының құрылуына негіз болған 1 трлн. теңге сомасында жаңадан 35 ірі инвестициялық жоба жүзеге асуда. Соның ішінде, 17 жобаны шетелдік капитал құрауда.

Биыл ірі YDD corporation жобасы жұмысын бастайды. Жәйремдегі кен-байыту комбинатының басшылығы құны 145 млрд. теңгені құрайтын байыту фабрикасының құрылысын тәмамдауда. Тамызда жылына 300 мың тонна өнім өңдей алатын Қазақстанда теңдесі жоқ ірі көтерме-логистикалық орталық ашылады. Ол өз кезегінде Солтүстік және Оңтүстік бағыттағы көлік ағымын тоғыстырады. Нәтижесінде, өнімді делдалсыз өткізудің, баға өсімінің, азық-түлік өніміне деген маусымдық сұраныстың алдын алуға мүмкіндік пайда болады.

Бюджет қаражаты тиімді игеріледі

Мемлекет басшысы атап өткендей, бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесі – барлық аймақтар үшін маңызды. Бұл ретте, аймақ бюджеті әлеуметтік бағытқа негізделгенін алға тарту қажет. Жалпы бюджет көлемінің 53%-ы әлеуметтік саладағы шығындарға бағытталуда. Алайда, сараптама көрсеткендей, кей өңірлерде бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану фактілері тіркелуде.

– Қала және аудан әкімдері назарын жер гілікті бюджетті жоспарлау кезінде ең алдымен аймақты дамыту мәселесін қаперге алу қажеттігіне аударғым келеді. Ол ең алдымен – сапалы ауыз сумен қамту, әлеуметтік, тұрғын-үй, экологиялық мәселелер. Әкімдер депутаттық корпуспен бірлесе отырып, өңірлердегі қазіргі жағдайды жіліктеп сараптауы, сол арқылы, жоспарланған жобалар әлеуметтік және экономикалық тұрғыда қаншалықты тиімді екенін анықтаулары қажет.

Өмір сапасы өрге басады

Ел Президенті тұрғындар әл-ауқатын арттыру жөнінде зор міндет қойып отыр. Осы жылы бұған қатысты алғашқы нақты қадамдар жасалды. Еңбекақы мөлшерін еселеу, халықтың әлсіз тобына қолдау көрсету, инфляциялық процестерді тізгіндеу арқылы облыс тұрғындарының ақшалай шынайы кіріс көлемі 8,1%-ға ұлғайды.

Несие берешегін жою жөніндегі Президент бастамасы нәтижесінде облыстағы 40 мың әлсіз тұрғынға айтарлықтай қолдау көрсетіледі. Солай бола тұра, тұрғындар бұл бір реттік қана акция екенін, бұдан соң мұндай қолдау болмайтынын ескерулері қажет.

Әлеуметтік көмек әділетті бөлінеді

Атаулы әлеуметтік көмек алуға облыстың 20 мыңнан астам тұрғыны өтініш білдірді. Нәтижесінде, 10 мыңға жуық отбасы әлеуметтік көмектің осы түріне қол жеткізді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 4 есе көп. Бюджет қаражатының шығыны 6 есе ұлғайды.

Әлеуметтік көмекті үлестіру кезінде өзінің шынайы кіріс көлемін жасырған кей тұлғалардың айлакерлік әрекеті ұятты жағдайға алып келді. Мемлекет басшысы мұндай ескертуді барлық аймаққа жасады.

  • Қала және аудан әкімдеріне атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мен қаржы төлеуді жіті бақылауға алуларын тапсырдым. Бұл жұмыстар 22 шілдеге дейін аяқталуы тиіс. Тіпті, тұрғындар тарапынан тексерістерге қатысты жағымсыздық танытылуда. Бұл ретте, оларға қаржының бюджет есебінен төленетінін, оның көрсетілген бағыт бойынша жұмсалуы қажет екенін түсіндіру керек. Депутаттар мен партия мүшелерінің осы жұмысқа белсенді араласуын сұраймын, – деді Ерлан Жақанұлы.

Жұмыспен қамту жүйелі жүргізілуде

Аймақ дамуының маңызды индикаторы – жаңа жұмыс орындарының құрылуы. Биыл облыста мемлекеттік және салалық бағдарламалар, сондай-ақ шағын және орта бизнесті жолға қою негізінде 33 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Сонымен қатар, маңызды мақсаттың бірі – еңбекке жарамды тұрғындарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту арқылы кедейшілік шегінен шығару. Бұл ретте, әлі де ауқымды жұмыстар жүзеге асу керектігі белігілі.

Аймақ жастарына – айқын жол

Қарағанды облысы – тұрғындары қалалық жерге қоныстанған Қазақстандағы ең ірі аймақ. Облыс тұрғындарының 80%-ы қалада қоныс тепкен. Бұл көрсеткіш жыл санап артып келеді. Бұл ретте, білім іздегісі, оқығысы, жұмыс жасағысы келмейтін жастар үлесі де басым. Бүгінгі таңда оларды қолдау шаралары жүзеге асуда.

Келесі жылды Мемлекет басшысы еріктілер жылы деп мәлімдеді. Бір қуантарлығы, ел және облыс аумағында еріктілер ісі танымалдыққа ие болуда. Бұл – қоғамның жетілгендігінің бір көрінісі. Осы күні облыста студенттер мен білім алушылар қатарынан құралып, 5 мыңға жуық жастарды қамтыған 89 еріктілер тобы бар. Жыл санап осы еріктілер еңбегі маңызға ие болуда. Елдегі еріктістудент жастардың шәкіртақысын 30%-ға арттыру жоспарлануда. Мемлекет басшысының бастамасын тиімді жүзеге асыру үшін жыл соңына дейін еріктілерді даярлаудың аймақтық бағдарламасын әзірлеу қажет.

Тұрғын-үй секторы – тұрақты назарда

«Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында 420 мың шаршы метр тұрғын-үй салынады. Бұл дегеніңіз – 4300 пәтер. Оның 1470-і қолданысқа беріліп үлгерді. Сондай-ақ, «720-25» бағдарламасы аясында 3 жылда 3400 пәтер тұрғызу көзделуде. Соның 1054-і биыл тәмамдалады.

Көпбалалы отбасыларға пәтер беру мәселесі қарастырылуда. Осы жылы 460 отбасы жалдамалы пәтер, демеушілер есебінен баспаналы болмақ. Бүгінде 179 пәтер табысталды. Биылғы 1 қаңтарға дейін кезекте тұрған барлық көпбалалы аналар баспанамен қамтылады. Сондай-ақ, облыста көпбалалы аналарды қолдауға бағытталған қосымша 10 шара қабылданды.

Экология мәселесі – ерекше бақылауда

Өнеркәсібі өркендеген өңір үшін аса маңызды мәселе – экология. Зиянды қалдықтар шығарудың 80%-ға жуығы – аймақтағы Теміртау, Балқаш және Жезқазған қалаларында орналасқан «АрселорМиттал Теміртау» АҚ және «Қазақмыс» корпорациясы сынды ірі кәсіпорындарға тиесілі.

– Тікелей басшылығыммен «Жасыл Кеңес» құрылды. Оның жұмысына үкіметтік емес ұйымдар, тәуелсіз экологтар мен қоғам өкілдері енді. Кеңес жұмысына экология мәселесіне бейжай қарай алмайтын кез келген тұрғын қатыса алады. Бүгінде Теміртау қаласындағы экология мәселесі аса алаңдатады. Кешенді жоспар жасалып, онда нақты іс-шаралар белгіленді. Қаржыландыру мәселесі айқындалып, жүзеге асу мерзімі анықталды, – деді аймақ басшысы.

  • Бүгін көтерілген мәселелердің барлығы аса маңызды. Біздің басты мақсатымыз – халықтың табысын көтеріп, әл-ауқатын жақсарту, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамаларын одан әрі жалғастыру. Жүзеге асырылып жатқан барлық мемлекеттік бағдарламалар, ең алдымен, халқымыздың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталуы тиіс. Сондықтан, барлығымыз жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Жұмыс – көп. Міндеттер – ауқымды. Ең бастысы – осы жұмыстардың нақты нәтижесін халық сезінуі керек, – деді Ерлан Қошанов.

Аймақ басшысының баяндамасынан соң, бірқатар депутаттар мен кәсіпорын басшылары, жоғары оқу орын студенттері мінберге көтеріліп, облыс әкімі алға қойған мақсаттарды жүйелі жүзеге асыру маңыздылығын алға тартты. Өз кезегінде, облыстық мәслихат хатшысы аймақ басшысының баяндамасына оң баға беріп, есебін ескеруге алды.

Рауан ҚАБИДОЛДА.

Басқа материалдар

Back to top button