Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік державаларды тікелей диалогқа көшуге шақырды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік державалар көшбасшыларын санкциялар режимінен тікелей диалогқа көшуге шақырды, деп хабарлады ҚазАқпарат

«Тұтас әлемнің келешегін анықтайтын негізгі жаһандық державалар көшбасшыларының тиімсіз санкциялар режимінен тікелей диалогқа көшуі маңызды. Осы орайда АҚШ, Ресей, Қытай, Еуроодақ өкілдері арасында қалыптасқан геосаяси дағдарыстан шығу жолын талқылайтын уақыт келді», — деді Елбасы елордада өтіп жатқан XII Астана экономикалық форумында.

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның келіссөздер үшін тиімді алаң болатынын атап өтті.

«Мен мұндай әңгімені аталған мемлекеттердің көшбасшыларымен жүргіздім. Жалпы алғанда, бұл мәселені барлығы түсініп отыр. Бұл жұмысты негізгі ақыл-ой орталықтарының диалогынан министрлік жоғары деңгейге көтеру жолымен ұйымдастыру қажет. Мұндай алаңды өз астанамызда ұсына алатынымызды тағы да атап өткім келеді», — деді Н. Назарбаев.