Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Нұраның жаужүрек жауынгері

Фашизмге соққы берген аталарымыз ұрпақтың жарқын келешегі үшін қасық қаны қалғанша аяған жоқ. Сондықтан да, қан майданда «Отан үшін» деп алға ұмытылған, қаһармандықтың үлгісін көрсеткен жауынгерлер есімі ешқашан ұмтылмайды. Нұраның біртуар азаматы, соғыс және еңбек ардагері Нағидолла ӘЛІБЕКОВ те ел жадында. Абзал ардагер І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және Жуков медальдарымен, бейбіт өмірдегі еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған-тын кезінде.

Нағидолла Әлібеков есімі Нұра, қала берді Қарағанды өңіріне таныс. Қан майданға 17 жасында өзі сұранып аттанған, тепсе темір үзетін жас жауынгерге жауды жеңіп елге аманесен оралып, еліне ерен еңбегін сіңіру, ұрпақ сүю бақыты бұйырған екен. Нағидолла ағамызды бір көрген адамның көз алдына қазақ батырларының ұлттық кейпі келетін еді. Еңселі, жауырыны қақпақтай, екі иығына екі кісі мінгендей сыртқы келбетіне ішкі дүниесі де кеңдігімен сәйкестеніп тұратын. Сондықтан да болар, неміс басқыншылықтарымен шайқастарда үш рет оққа ұшып контузияға ұшыраса да, дала госпитальдарында емделген соң майдан шебіне қайта орала беріпті. Бұл туралы 1943-1944 жылдардағы Кеңес Одағының Қорғаныс Министрлігінің әскери медициналық құжаттамалар мұрағатында сақталған. Жас жауынгердің өзінің жасын өзгертіп 17 жасында қан майданға аттануы да оның батылдығы мен ержүректігін білдірмей ме?!

Енді жауынгердің майдан жолына тоқталсақ: 1943 жылдың 30 қаңтарында Нұра аудандық әскери комиссариатынан аттанған жас жауынгердің от кешіп, сынға түскен жері Ленинград майданы болды. Бұл кезең қаланы жаудан босату операциясына тұспа-тұс келген. Забайкальск әскери округінде атқыштар бригадасында курсант боп оқу жаттығудан өтіп мергендіктің қырсырын меңгерген алғыр жас Ленинград әскери округінің 268 атқыштар дивизиясының бөлім командирі ретінде алғы шепке аттанған.Үш жылдан астам уақытқа созылған Ленинград үшін шайқасы елдің бүкіл солтүстікбатыс бөлігін қамтыды. Барлық ұлттардың жауынгерлерімен бірге қазақ жауынгерлері де Ленинградты табан тіреп қорғады. Ленинград маңындағы фашистерді талқандауды Қолбасшы генерал полконик Говоровтың басшылығымен Кеңес командованиесі жедел қарқынмен жүзеге асыра бастады. Қоршау бұзылып, 1943 жылдың тамызына дейін созылған Ленинград шабуылы нәтижесінде Ленинград облысы тегіс жаудан азат етілді. Одан соң ағамыз Псков түбіндегі қанды шайқасқа қатысып, әрі қарай жауынгер жолы Прибалтика елдерінде жалғасты.

Шайқастарда шыныққан сержантқа енді Кенигберг бағытында жау күшін барлау тапсырмасы жүктелді. Сөйтіп, ол енді өзіне бекітілген топпен барлауға шықты. Барлау кезінде жау аумағына еніп оның күшін, қару-жарағының мөлшерін, әскери техникасының шоғырланған орнын анықтап, деректер әкелу міндеті тұрды. Жолда кездескен көптеген қайшылықтарға қарамастан сержант Нағидолла Әлібеков бұл тапсырманы абыроймен орындап шықты және Бас қолбасшыдан «За боевые заслуги» медалімен марапатталды. Бұл 1943 жылдың соңы еді. Оның әкелген деректері келешекте батыс аймақты Прибалтиканы жаудан азат етуде өте маңызды болып шықты.

…1944 жылдың қаңтар айында Нарва қаласын жаудан азат етуде ешқандай бұйрықсыз ақ, өз байламы арқылы жасаған көзсіз батырлығы үшін ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бұл медаль жауынгерге жеке ерлігі үшін беріледі екен. Нағидолла Әлібеков осы медальмен төрт мәрте марапатталыпты. Яғни ол ұрыс даласында батырлық пен ерлік көрсеткенінің айқын дәлелі. Одан соң соғыстың сұрапыл шайқасындағы жанқиярлық ерліктері үшін атқыштар дивизиясының командирі Нағидолла Әлібеков «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.

Қанды қырғында жас жауынгердің әскери қабілетін байқаған қолбасшылары оны Вильнюс жаяу әскер училищесіне оқуға жібереді. Ол оқу орнын да жақсы аяқтап, әскери қызметін жалғастыра берді. Соғыс аяқталды, бірақ әскери міндет жалғасты.

Жауынгер қызметі 344 ерекше авиациялық техникалық батальонда жалғасты. Рота старшинасы, взвод командирінің көмекшісі, оқу взводының командирі. Әуе атқыштарының авиация техникалық базасында командир бәрі өз ретімен жүріп жатты, шен де шекпен де қызметке лайық. Бірақ, елде қалған әке шешенің жағдайы алаңдата бастады. Себебі, екі үйдің ортасындағы арқа сүйер азамат өзі болатын. Бұл кезде елдегі ата-анасы да зейнеткерлік жасқа келіп қалған еді. Ол кісілер де қол қусырып отырмай, жалғызымызды көре алмай қаламыз ба деп, «жалғыз асыраушымыз» деп жоғарғы жаққа өтініш түсіре берді. Өтініштері орындалып Нағидолла ағамыз Түркмения Әскери округі құрамында Қытай Халық Республикасында міндетін атқарып жүрген жерінен «Соғыс кезінде батальон командирі лауазымына пайдаланылады» деген бұйрықпен босап, елге оралды. Бұл – 1955 жыл еді.

Елге келген соң білімді, алғыр жасқа бірден қызмет берілді, партия, кеңес органдарында еңбек етті. Сырттай Талғар ауылшаруашылық техникумын бітірді. Оның талабын, ұйымдастырушылық қасиетін байқаған аудан, облыс басшылары Алматы жоғарғы Партия мектебіне оқуға жіберді. Ағамыз ол оқуды да үздік бітіріп, елге оралды.

1966 жылы ағамыз «Нұра» совхозына директор болып тағайындалды. Ол кезде білімі, тәжірибесі, ұйымдастырушылық қабілеті де зор болатын.

Қиын қыстау заманда 20 жылға жуық шаруашылықты құлдыратпай, оның дамуына ерен еңбегін сіңірді. Еңбегі еленіп, үкімет тарапынан 1966 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 1973 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Қандай лауазымда болмасын өзіне жүктелген міндеттерді асқан жауапкершілікпен, еңбекқорлықпен орындап отырды. Туған халқының жүрегінен орын алған адамның ғұмыры қашан да мәңгілік.

1999 жылы өмірден озған батыр атамыз өмірінің соңына дейін өзінің жауынгерлік кейпін жоғалтқан жоқ, сол әскери адамға тән қалыпта сақталды.

Бикен АХМЕТОВА,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button