Нұр-Сұлтан – елорданың жаңа аты

Астана қаласының атауы «Нұр-Сұлтан» болып өзгеруі мүмкін. Мұндай ұсыныс Астана қалалық мәслихатының кезектен тыс 46-сессиясында қабылданды.

ФОТО: tengrinews.kz

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордамыздың атын оның бас сәулетшісі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен атап, мәңгілік тарихқа қалдыруды ұсынды. Әкімдік Мемлекет басшысының ұсынысын қолдайды және Сіздер де қолдау білдіресіздер деп сенемін»,деді мәслихат сессиясына қатысқан қала әкімі Бақыт Сұлтанов.

Астананы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен атауға қолдау білдірген мәслихат депутаттары Үкімет пен республикалық комиссияға қала атауын «Нұр-Сұлтан» деп жазу туралы ұсыныс жіберді.

«Елбасымыздың есімі Нұрсұлтан деп жазылады, ал, қаланың атауын «Нұр-Сұлтан» деп жазуды ұсындық. Әдемі әрі мағынасы да терең. Өзіме осы нұсқа ұнайды», — деді қалалық мәслихаттың депутаты Зәуре Жүнісова.

Бұған дейін, Парламент депутаттары Астана қаласының атауын өзгерту туралы заң жобасын екі оқылымнан кейін қабылдаған болатын.

Өз тілшімізден