Бас тақырып

«Нұр-Сұлтан атануы – заңдылық»

«Мирас» аймақтық кеңесі мүшелері Астана атауының өзгеруін заңдылыққа балайды. Әр кірпіші мен ғимаратының қабырғасында Елбасының қолтаңбасы қалған шаһардың «Нұр-Сұлтан» деп аталғанын кеңес мүшелері кемеңгерлік, келісті шешім дейді.

Кеңес төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Бекзат Алтынбеков кеңестің бұл отырысының ел үшін маңызды кезеңде өтуіне тоқталды. Сонымен қатар, Елбасының есімі Тәуелсіздік, егемендік секілді құндылықтармен тікелей байланыста екенін атайды. Әлеуметтік желілерде теріс пікірлердің де айтылып жатқанын жеткізді.

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ, кеңес төрағасы:

– 24 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласына «Нұр-Сұлтан» атауын беру туралы Жарлыққа қол қойды. Жалпы, өздеріңізге белгілі, Астанаға Елбасының есімін беру туралы бірнеше рет ұсыныс болды. Ширек ғасырлық мереке қарсаңында бұл бастаманы жеке өз басым қолдаймын. Неге десеңіз, бұл тарихта бар жағдай. Мемлекетті құрған адамның есімімен атау тәжірибесі бар әлемде.

Қазақстан үшін Елбасының есімі қашанда мемлекеттік егемендік және Тәуелсіздік сынды аса маңызды құндылықтармен қатар тұрады.

Ғалымдар мен ақын-жазушылар қауымы да осындай пікірде. Ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлы да осы кеңесте өз пікірін білдірді.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, ақын:

– Нұрсұлтанның еңбегін әлі жұрт сезбей отыр. Әлеуметтік желідегілер айта берсін. Оның еңбегін 50 жылдан кейін ғана бағалайтын болады. Біз жақсыны түсінбеген халықпыз. Абайды да түсінбегенбіз. Нұрсұлтанды да түсіну қиын. Әлеуметтік желідегі сөздерге мән бермеуге болмайды. Қоғам болғаннан кейін қарсылық та болады. Елдің көңілі де көнши бермейді қоғамға. Қоғамдағы өзгерістерді түсіне де бермейді. Президенттің саясаты айсберг секілді. Айсбергке қарасаңыз, беті мұз. Ал, оның түбінде не барын ешкім біле бермейді. Бұл кісінің еңбегі қазақ үшін, қазақты мәңгі ел ету үшін жасалған қызмет. Мен Астананың «Нұр-Сұлтан» атануын қолдаймын. Бұл – қаланы жасаған өзі. Архитектурасын жасаған – өзі. Адамның еңбегін бағалау керек. Мен түгілі, қазақтың бүкіл озық ойлы ұл-қызы қолдайды деп ойлаймын. Екінші айтатын мәселе – мынау. Бізде Ленин көшесі әлі тұр. Сол көшеге Абай есімін беру керек.

Бұдан соң кеңестің басқа да мүшелері ойларын білдірді. Барлығы бірауыздан «Нұр-Сұлтан» атауын қолдады. Сонымен қатар, партия бағдарламасындағы жобаларға қатысты ұсыныстар да айтылды. Олардың түгелі ескеріліп, жоғары органдарға бағытталады.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button