Жаңалықтар

Ән-ғұмыр – мәңгі нұр

     Қазақстан рухани жаңғырудың даңғыл жолына түскен уақытта Алатау бөктерінен тағы бір сүйіншілі хабар жетті. Қазақтың аяулы қызы, театр өнерінің алғашқы қарлығаштарының бірі –Дәлилә ҚАРАҚБАЙҚЫЗЫНЫҢ өмірінен үзік сыр шертетін кітап жарық көрді.

Жаңа туындыны қолымызға алған сәтте-ақ шын қуандық. Ғасыр жасаған ел Анасы, жерлесіміз, Қарқаралы ауданы, Томар ауылының тумасы Хабиба Елебекова апамыздың көзі тірісіндегі арманы орындалған екен. Себебі, қазына кеуде қариямыз үнемі өзінің туған апасы, тұңғыш кәсіби драма театрды ұйымдастырушылардың бірі, Дәлилә Қарақбайқызының есімі елеусіз қалып қоймаса екен деп алаңдаушы еді.

Міне, ақын, жазушы Шәмшия Жұбатова апамыздың «Дәлилә» атты кітабы көңілімізді толтырды. Деректі туынды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бағдарламасы арқылы басылып шыққан.

Кітапқа Дәлилә Оңғарбаеваның өмі­рі мен өнер жолы тұтастай азық бол­ған. Мәңгілік ғұмыр иесінің бала күнінен – бақиға аттанған сәтіне дейін суреттеледі.

Мәселен, ««Дәлилә» сөзі қазаққа арабтардан енген. «Жол бастаушы, жетелеуші» деген мағынаны білдіреді. Құлаққа ән сияқты ұнамды естілетін бұл есім тегін адамға қойылмаса керек-ті. Бұл атаудың парсыша және иранша мағынасы «Ұзақ жол» болып айтылады екен.

…Дәлилә Қарақбайқызы Оңғарбаева өзінің құйрықты жұлдыздай жарқ еткен санаулы ғұмырында өнер әлемінде артына жарқын із тастады», – дейді автор.

Хабиба Елебекова анамыздың да әдемі естеліктерімен осы кітаптан танысуға болады. Х.Елебекованы бес жасында-ақ әншілікке баулыған да – осы апасы, Дәлилә болған-ды.

Ән-ғұмыр – мәңгі нұр! Өлмейді, ұмытылмайды…

Раушан РАШИДҚЫЗЫ,

Қазақстанның мәдениет

қайраткері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button