РуханиятТұлға

Ән алыбы

Сөз жоқ, ән – киелі өнер. Осы өнерге мені алғаш қанаттандырған ауылымның белгілі әншілері Көлмағанбет НҰРМАҒАНБЕТОВ, Байзақ СЕЙІЛОВ, Аманбай САРЫМСАҚОВ, Абылай ШУЛАНБАЕВ, Есенғали ТӨКЕБАЕВ сынды ағаларым, шопандар тойында, мерекелік концерттерде ән шырқап, елдің көңілін көтеріп жататын. Елге көрші Түгіскен ауылынан Игілік ОМАРОВ, Ақтүбектен Жақсыгелді КЕМАЛОВ, Жаңаарқадан Қорабай ЕСЕНОВ, Серік ОСПАНОВ, Жезқазғаннан Жақсыкелді СЕЙІЛОВ, Береке КӨШЕНОВ ағаларымыз келіп ауылды әнге бөлеп кететін. Осы ағаларымның әнін тыңдап өстім, әнге деген құштарлығым артып, әнге қалай ғашық болғанымды өзім де сезбей қалдым.

Ауылда таң атқаннан, кеш батқанша қазақ радиосының алтын қорындағы халықтың ән-күйлерін, еліміздегі жаңалықтарды жеткізіп тұратын жалғыз радио болды. Радиодан ең алғаш Қайрат Байбосынов ағаның әнін тыңдағанда таң қалғаным сонша, ішкі дүнием қозғалып кеткендей болды. Сол күннен бастап радиодан енді қашан Қайрат ағаның әнін береді екен деп тосып жүретінді шығардым. Тыңдаған әндерді домбыраға түсіріп, үйрене бастадым.

«Шіркін, осындай әнші болсам ғой, бір көрсем» деп жүргенімде 1984 жылы қоңыр күзде әке-шешеммен кешкі ас ішіп отыр едік, көрші Серік ағамыздың үйіндегі Мәрия жеңгеміз үйге кіре сала, «әнші ағаң Қайрат Байбосынов келіп жатыр еді, домбыраңды бере тұршы» деді. Бұл хабарды естігенде қуанышымда шек болмады. «Сіз бара беріңіз, домбыраны өзім алып барамын» деп ол кісіні үйіне жіберіп, әкем екеуміз соңынан үйіне бардық. Барсақ Қайрат ағам төрде отыр. Қасына ауылдың жақсы-жайсаңдары жайғасқан, амандасып болған соң домбырамды қағып-қағып жіберіп, «домбыраң жақсы сөйлеп тұр ғой, өзің ән айтасың ба?» – деді. «Аздап айтып жүрмін» деп едім, «онда бір ән айт» деп домбыраны ұстата берді. Сол жерде Біржан салдың «Жонып алды», Кәкімбек Салықовтың «Сағыныш», Ақан серінің «Құлагер» әндерін орындап бердім. «Дауысың жақсы екен, оқуыңды бітірген соң Алматыға оқуға келетін бол» деп батасын берді. Бұл ұстазыммен алғаш жүздесуім еді.

Бір жылдан соң Алматыға оқуға барсам, халық әндерін орындайтын оқу орны – жалғыз Эстрада цирк өнер студиясы екен. Қайрат ағаммен хабарласып едім, «Гастрольдік сапарларым көп, сондықтан қазір сабақ бермеймін, Жәнібек Кәрменов ағаңда оқисың, арасында ән үйреніп үйге маған келіп тұрасың» – деді. Сөйтіп, Жәнібек ағамда бір жыл оқыдым да, әскери борышымды өтеуге кеттім. Келсем, Қайрат ағамның мектебі ашылыпты. Бір жыл әнші ағама шәкірт болдым. Шәкірт алдындағы бақыт белесі осылай басталып еді.

Мен өте бақытты адаммын. Өйткені, біріншіден, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Жүсіпбек Елебековтің телқоңыр атанған шәкірттерін қатар еміп өстім. Екіншіден, ұстазымның қасында жұмыста да, өмірде де, өнерде де ұзақ жыл бірге келе жатқан шәкіртімін. Содан бері отыз бес жыл өтіпті. Осы уақытқа дейін Қайрат аға ұлағатты ұстазым, ақылдасатын ақылшым, сырласатын, пікірлесетін рухани ағам болып келеді.

Қазақ ән өнерінде Қайрат ағамның орны ерекше. Халық әндерін орындаушы ретінде қазақ әніне үлкен жаңалық енгізген, жеке мектеп қалыптастырған феномен, өнер жасаушы тұлға. Қазіргі таңда Қайрат Байбосынов мектебін (стилін) жалғастырушы шәкірттері өте көп. Атап айтсақ, С.Қазақбаев, Ж.Құжыманов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ж.Кемалов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Р.Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Айтбаев, Қ.Абуев, Қ.Жүнісов, Е.Төлеутай, Е.Базарбеков, Ж.Базарбеков, С.Мұхамеджанов және тағы басқалары.

Әнші ағаның дауыс көлемі (диапазон) өте жоғары, дауыс бояуы (тембрі) сұлу, мейлінше кең тынысты. Кез келген әнді қиындығына қарамай мың құбылтып, түрлендіріп жіберетіні таңдай қақтырады. Кейбір әншілер әнге даусы жетпегендіктен жоғары нотасын немесе төменгі нотасын кесіп алып тастап жатады. Қайрат ағам осы уақытқа дейін ұстазы, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Жүсіпбек Елебековтен әнді үйренген қалпын бұзбай, әр әннің бір нотасын да түсірмей көздің қарашығындай сақтап, шәкірттеріне үйретіп келеді. Ән орындағанда домбыра сүйемелі ерекше Қали Байжанов, Жүсіпбек Елебеков, Қосымжан Бабақов, Байғабыл Жылқыбаев, Игілік Омаровтардың домбыра қағыстарын, барлық шеберліктерін меңгеріп қана қоймай, Жаңаарқа өңіріне тән Сайдалы Сары Тоқа, Дайрабай күйлеріндегі домбыра шерту әдістерін бойына сіңірген. Тек қана әннің әуенін ғана домбырада шертіп тартатын әншілер сияқты емес, айтып отырған әнінің әуені, мінезіне сай келетін сол мінездегі күйлердің үйлесімдік жағын орын-орынымен әнге қолданып, болмай жатса өз жанынан импровизация жасап, әр әннің кіріспесін түрлендіріп жібереді. Мысалы: Біржан сал «Айбозым», «Ақсеркеш», халық әні «Ағаш аяқ», Үкілі Ыбырай «Толқын», Сәтмағанбет «Шәмсиқамар», Балуан Шолақ «Ғалия» ІІ түрі» және тағы басқа. Әр әннің әр сөзін әңгіме айтқандай дауысқа әдемі жатқызып, тайға таңба басқандай анық айтып, әннің ұңғыл-шұңғылына қатты көңіл бөледі. Көрерменмен арадағы байланыс жібін үзбей ұстайды, орындап тұрған әнінің кейіпкеріне айналып кететіні таң қалдырады. Сахнаға үкілі бөрікпен, оқалы шапанын киіп келе жатқанда, Біржан сал, Ақан серілер осындай болған шығар деп ойлайсың.

Әнші ағаның тағы бір үлкен еңбегі ұстазы Ж.Елебековтен үйренген репертуарымен қалып қоймай, гастрольдік сапармен ел ішінде жүргенде жұрт арасындағы айтылмай ұмытылып бара жатқан екі жүзден астам халық әнін, халық композиторларының әндерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Илия Жақанов ағамызбен бірлесе отырып, Қазақ радиосының алтын қорына өткізіп, қазақ әндерінің сақталып қалуына еңбек сіңірді. Көгілдір экраннан «Асыл мұра» бағдарламасынан халық әндерін, халық композиторларының өмірбаянын, шығармашылығын елге насихаттап, қайта түлетіп отырды.

2013 жылы Қайрат ағамның репертуарындағы ел арасынан жинаған барлық әндерін жинастырып, әндердің әуенін күйші Қ.Айтбаевқа өтініш жасап, нотаға түсірттік. Нотаға түскен әндердің әуендерін әнші ағам өзі қадағалап отырды. Әндердің мәтіндері Кеңес өкіметі кезіндегі идеологияға байланысты өзгеріске түскен, барлық әндердің сөз мәтіндерін, төл туындысын, Ғылым Академиясынан, Қазақ радиосының алтын қорынан, ел арасынан іздестіріп тауып, әннің авторларын ғылыми тұрғыда дәлелдеп үш жарым жыл еңбектің арқасында Қайрат Байбосыновтың репертуарындағы бес жүзден астам ән жинақталып, «Сыр сандық» атты қазақ әндер антологиясы 2016 жылы жарық көрді.

Ұстазымның тағы бір қыры – қол өнері. Әкесінен берілген. Ағаштан түйін түйеді. Көбіне домбыра жасағанда ағаш шеберлері сияқты жәй жасай салмайды. Домбыраның сыртқы пішініне, әсіресе, дыбыс тазалығына, дауысына көп мән береді. Шақшаның түр-түрін жасай береді. Қасында жүріп домбыра жасау өнерін өзім де үйреніп алғанымды байқамай қалыппын.

Қазақ әні үшін сіңірген еңбегі орасан зор. 1987 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториядан Халық әні кафедрасының ашылуына мұрындық болды. 2009 жылы Астана қаласына көшіп келіп, 2010 жылы Қазақ Ұлттық өнер университетінен Дәстүрлі ән кафедрасын ашып, он жыл ішінде жыр, айтыс мамандығының ашылуына ат салысты. Жан-жақтан жақсы мамандарды шақырып кафедраның іргетасын қалап, сапалы білім беретін, қазақтың ән өнерін насихаттайтын білім ордасын қалыптастырды.

Қазақ әнінің қара нары, сахнаның саңлағы, ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, «Парасат», «Достық» ордендерінің иегері Қайрат Байбосынов ағамыз 70 жасқа толып отыр. Бұл мерейтой – қазақ өнерінің тойы. Ән дүлдүлі Қайрат ағамызға Мемлекет тарапынан Еңбек Ері атағы берілсе, барша қазақ қуанар еді-ау!

Айтбек НЫҒЫЗБАЕВ,

әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры.

Басқа материалдар

Back to top button