Бас тақырып

Мықты менеджмент брендке бастайды

Елдегі ауыл шаруашылығы – экономиканың кенже саласы. Жылдап субсидия, қанша қаржы құйса да көпшілігінде қойын құрттап, қойыртпағын ұрттаудан әрі аспаған сала. Сондықтан, уақыт ауыл шаруашылығынан жаңа менеджментті талап етуде. «Ауыл шаруашылығындағы бұрынғы қарадүрсін, байырғы тәсіл – тиімсіз» дейді менеджмент. Мыңғыртып мал айдап, көшкен жұртта жападан жалғыз тірлік кешу – бұл ғасырға жат. Жасанды интеллект пен сандық технологияның қызығына Жер шары батып келеді. Экономикалық тиімді жаңалықтардың бәрін өздеріне жапсыруда. Ал, біздің тауар өндірушілердің заманмен үндесе алмайтындай құлағы керең, көзі соқыр ма? Кез келген жаңалықтың тым құрығанда зәредейін әжетіне жаратса, тамырына там-тұмдап қан жүгірер ме еді дейсіз ғой баяғы. Мұны неге айтып отырмыз? Мәселен, қазір әлеуметтік желіде жұртты тамсандырып жүрген «JANA ARQA SOGYMY” компаниясының менеджменті көптеген ет өндірушілерге үлгі. Өйткені, ресми деректер мал шаруашылығында жалпы өнім өндірудің өсу тенденциясы байқалатындығын айтады. Демек, бұл салаға дәл осылайша жаңаша ойлау – ауадай аса қажет…

Уақытпен үндескен менеджмент

Бұған дейін интернет, әлеуметтік желілерде жұртты елең еткізгені «JAN’A ARQA SOGYMY-ның» жарнамасы бұл компания өнімін брендке айналдыруға қызмет ете бастады.

Қоңыр күздің аяғы мен желтоқсанда саудасы қызған компанияның ет жеткізу жоспары ойлағандарынан асып түсіпті. Жоба жетекшілерінің бірі – Олжас Құрманбаевтың айтуынша, соғым иен далада еркін жайылып қоң жинаған мал. Аты айтып тұрғандай Жаңаарқа жерінде жайылған. Тапсырыс Қарағандыда ғана емес, өзге де жақын қалалардан түсуде екен.

Соғымға тапсырысты компанияның парақшасына кіріп жазба қалдыру немесе тікелей байланыс телефоны арқылы беруге болады. Ақысы алдын ала төлеммен жасалады. Қандай ет қажеттігі нақтыланып көрсетіледі. Қалған шаруа – соғым жеткізушілерде. Яғни, мүшелеп, тазалап, қазы-қартасын айналдырып, әр мүшенің атауын жазып жеткізіп береді. Етті сақтау үшін ваккумдық полиэтиленге салынады. Бұл – еттің ұзақ сақталуына мүмкіндік береді.

Жалпы, кәсіпкерлер мұндай ет жеткізуді еліміз бойынша жалғастыруды көздеп отыр. Тек жылқы емес, қой, сиыр етін де қамтуды ойластыруда екен.

Олжас ҚҰРМАНБАЕВ, жоба жетекшілерінің бірі:

«JAN’A ARQA SOGYMY» жобасы сапалы қызмет көрсетуді талап еткен тұтынушалардың сұранысынан туды. Яғни, енді тұтынушыларға базарларды жағалап, сапалы ет іздеп, оны алған соң қазы-қартасын, шұжығын айналдырып әуреге түсудің қажеті жоқ. Бар болғаны көрсетілген байланыс телефондары арқылы Жаңааарқаның сапалы етіне тапсырыс береді. Қалғаны – компанияның қызметі. Еттің сапасы арнайы ветеринарлық зертханадан өткізіледі. Бұл орайда сертификат бар.

Жоба жетекшісінің айтуынша, жылқы Жаңаарқадан мамандар арқылы таңдап алынады да, Астанадағы ет цехына жеткізіледі. Сол арада жіліктеліп, тұздалып, тапсырыс берушіге жөнелтіледі. Жоба – ұзақ мерзімге жоспарланған, жыл бойы жалғаспақшы. «Сұраныс та жоғары» дейді.

Бұл компания өзгелерге де үлгі болса етті деген ниет біздікі. Мәселе – жарнамада емес. Бізсіз де жарнамасы жеткілікті. Айтпағымыз – етпен айналысатын ағайынының осындай жаңалықтардан құр қалмауы тиістігі. Заманға ілескен жөн. Уақыт нені талап етсе, соған жауап беретіндей әрекет қажеттігін көрсетеді аталған компанияның менеджменті. Ет сату ісінде де жаңашылдық қажет. Бұрынғы әдіс мезгілінен қалып барады.

«Бір қайғыны қозғасаң, мың қайғыны қозғайды»

Елбасы Жолдауында «Біз  икемді әрі ыңғайлы стандарттарды енгізу және ауыл шаруашылығы саласындағы беделді шетелдік мамандарды – «ақылды адамдарды» тарту арқылы саланы басқарудың үздік тәжірибесін пайдалануымыз керек. Ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастырған жөн» деп қадап айтқан-ды. Сонда ғана бәсекеге қабілетті бола аламыз. Мұнымызға жоғарыдағы мысал да бір дәлел.

Бұған дейін айтқанымыздай, Қарағанды аймағының аграрлы аймаққа айналуға мүмкіндігі зор. Мысалы, Қарағанды облыстық статистика департаментінің мәліметінше, 2019 жылдың 1 қаңтарына тіркелген жалпы ауыл шаруашылығы өнім өндірушілердің саны 100 485 шамасында. 2018 жылғы қаңтаржелтоқсанда мал шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін өндіруде аталған шаруашылықтар еттен 136, 9 мың тонна ет өндірген. Сиыр сүті – 465,6 мың тонна, тауық жұмыртқасы – 726,4 млн. дана екен. Ал, жалпы өткен жылы ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 272 564,2 млн. теңгені құрапты. Статистиканың айтуынша, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 6,2 пайызға жоғары көрінеді. Негізі Қарағанды облысы ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы көлемі жағынан Алматы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарынан кейін 7 орынды алады екен. Қарағанды облысының ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымының республика көлеміндегі үлес салмағы – 6,2%.

Нүкте

Деректерге сүйенсек, аймақта мал шаруашылығында жалпы өнім өндіру өсу тенденциясы байқалады. Айталық, 2014 жылы 87 539,1 млн. теңгеден 2015 жылы 111 812,2 млн. теңгеге, 2016 жылы 132 694,7 млн.теңге болса, 2017 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында – 103 283,0 млн.теңгеге өнім өндірілген. Мал шаруашылық өнімдерін өндіру жəне іске асыру көлемін арттыруға мал шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету ықпал еткен. Атап айтсақ, тек 2014 жылы мал шаруашылығына бюджеттен 3,7 млрд. теңге, 2015 жылы – 6,1 млрд. теңге, 2016 жылы – 6,1 млрд.теңге, өткен жылдың 9 айында – 2,3 млрд. теңге субсидия бөлінген. Аз қаржы емес, әрине. Тек жетіспейтіні – Менеджент. Ал, менеджмент оңалмайынша, ауыл шаруашылығындағы өнімдердің өтімділігі де – сол өгіз аяңында қалары хақ.

Қызғалдақ Айтжанова,

“Орталық Қазақстан”

Басқа материалдар

Back to top button