Молдахметовтің мыңжылдық мектебі

Кеше облыс әкімі Ерлан Қошанов мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Молдахметовке құрмет көрсетті. Мерейтой иесін ұлықтаған қабылдауға еліміздің түпкір-түпкірінен және Ресейден келген академиктер, ғалымдар, Қарағандыдағы жоғары оқу орындарының ректорлары, жергілікті билік өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы өз сөзінде Зейнолла Молдахметұлының еңбегін Елбасы да жоғары бағалап, мемлекеттік наградалар ұсынғанын айтты. Ғалымның Қарағанды өңірінің ғана емес, тұтас еліміздің ғылым саласын, өндірісін өркендетуге қосқан сүбелі үлесін алға тартты.

– Сондықтан да бұл мерейтойдың ауқымы облыс шеңберіне сыймайды. Республика деңгейінде үлкен маңызға ие, – деген облыс әкімі Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың Зейнолла Молдахметовке арнаған құттықтауларын жеткізді. Облыс басшылығының да құттықтауын арнап, иығына шапан жапты, сый-сияпат жасады.

Қабылдаудағы құттықтаулардың легін ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Кенжеғали Сағадиев толықтырды. Әріптес ағасына ақжарма тілегін білдіріп, мерейлі жас иесінің шығармашылық жолынан, әсіресе, кванттық химияның негізін қалаудағы еңбегінен сыр шертті.

Саналы ғұмырын Орталық Қазақстан ғылымының көкжиегін кеңейтуге, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін жан-жақты дамытуға, жас буынды ғылымға баулуға арнаған ғалым, ұстаз, Органикалық синтез және көмір химиясы институтының директоры Зейнолла Молдахметұлы да өзіне құрмет көрсетіп, елеп-ескеріп жатқан азаматтарға алғысын арнады.

– Әрине, еңбегіміздің бағаланғаны көңілді марқайтады. Мерейтойымды атап өтуге арналған осынау шара өткен күнге көз жүгіртуге сеп. Нәтижесінде, қайта қуаттанып, жігерленіп қалдық, – дейді мерейтой иесі.

Расымен, Зейнолла Молдахметұлының ғалым ретіндегі болмысы дара, әрдайым биік. Қадірлі ағаның өндірісті дамытуға негіз болған ғылыми еңбектері ойымызды қуаттай түседі. Сондай-ақ, Зейнолла Молдахметұлы ҚарМУ-дың ректоры болған уақытта университеттің ғылыми-педагогикалық кадрының айтарлықтай артуына да қол жеткізген. Мәселен, университеттегі ғылым докторларының саны 7 адамнан 15-ке ал, ғылым кандидаттары 169-дан 251 адамға жетті. Бұл туралы «Орталықтың» өткен сандарында жарияланған болатын.

Мерейтойлық іс-шаралар қатары «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы ғылым, білім және өндіріс» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Облыс әкімдігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Ұлттық ғылым академиясы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті мен Органикалық синтез және көмір химиясы институты бірлесе ұйымдастырған бұл жиынға біздің аймақпен қатар, Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан өңірлерінің ғалымдары, ғылыми-зерттеу институттардың өкілдері қатысты.

Зейнолла Молдахметұлының 85 жас мерейтойына орай ұйымдастырылған бұл конференция қарсаңында 164 ғалымның баяндамасы енгізілген арнайы жинақ шығарылған.

Конференция жұмысын Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Көбеев жүргізді.

Алқалы жиынның ашылуымен құттықтаған облыс әкімі Ерлан Қошанов ғылымның өндірісті өлкені игеру мен халықтың игілігі үшін маңыздылығына тоқталды.

– Әр қоғамның, әр мемлекеттің дамуының қозғаушы күші бар. Ол – ғылым. Ал, ғылымның қозғаушы күші, әрине, ғалымдар. Қаныш Сәтбаевтың ғылыми жаңалықтары болмаса, Жезқазған, Балқаш сияқты өндірісті өңірлеріміз ашылар ма еді? Әлкей Марғұлан болмаса, Қазақстанның киелі, қасиетті жерлерін кім танытар еді?

ХХ ғасырдың орта шебі – Қарағанды ғылымының алтын ғасыры. Осы тұста үш тұлғаны – Әлімхан Ермековті, Ебіней Бөкетовті және Әбілқас Сағыновты ерекше атауға болады. Үш алыптың көзін көрген, ізін жалғаушы кім десе, ең алдымен, Зейнолла Молдахметовтің есімін атаймыз, – деп ағынан жарылды аймақ басшысы.

Мерейтой иесіне арналған құттықтаулар қатары конференция барысында тағы толыға түсті. ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің арнайы құттықтауын Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбеков тапсырып, Зейнолла Молдахметұлына сый-сияпат көрсетті. Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің құттықтауын Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов тапсырды.

ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Кенжеғали Сағадиев, Заманауи гуманитарлық академияның президенті Михаил Карпенко (Мәскеу қаласы), көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов және басқа да зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өткен конференцияда, тақырыбы айтып тұрғандай, өнеркәсіптік революция жағдайындағы білім, ғылым және өндірістің бүгіні мен ертеңі кеңінен талқыланды.

Р.S. «Қайраткерлер мемлекеттің ғұмырын жүз жылға ұзартса, ғалымдар мың жылға ұзартады» деген тәмсіл бар екен. Кешегі өткен шараларды көріп, толымды пікірлер мен құттықтауларды естіп, шексіз құрметке сүйсініп, мерейтой иесі Зейнолла Молдахметов мыңжылдық мектептің бастауында тұр екен-ау деген ой түйіп қайттық…

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,

 «Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.