Басты тақырыпЖаңалықтар

«Үміттегі» ізгілік

   Облыстағы «Yміт» ерікті мүгедектер қоғамдық бірлестігінің құрылғанына биыл 30 жыл толды. Бірлестік ұжымы демеушілермен бірігіп Балалар мен жасөспірімдер сарайында мерейтойын салтанатты түрде атап өтті.

Жаратушы Құранда «берген садақаңды он есе қайтарамын» деген екен. Жалпы, садақа беріп қол ұшын созған, сауабының Алладан қайтатынын ескерген жандардың бары – қоғамға жақсы. Олардың демеуінің арқасында мүмкіндігі шектеулі балалар да өз өнерлерін ортаға салып, ата-аналарын қуанта алады. Мысалы, мереке күні сол балалар үшін сахнаға шығып, ән айту бақыты бұйырды. Мәнерлеп өлең оқыды. Жайдары көңіл күйге бөленіп, өздері үшін арнайы шақырылған, жануарлар кейпіне енген цирк өнерпаздарымен би биледі.

Кешті жүргізуді қолына алған бірлестік директоры Валентина Власова шақырылған қонақтарға, бірлестіктің байырғы достарына алғыс білдірді. «Үміт» мүгедектердің ерікті қоғамдық бірлестігі 1987 жылы жұмысын бастағанын тілге тиек еткен басшы, қазіргі таңда 141 мүмкіндігі шектеулі жан, оның ішінде 57 мүмкіндігі шектеулі бала, 6 арбаға таңылған адам бар екенін айтты. Үміттіктерге барынша көңіл бөліп, қолдау көрсетіп жүрген кәсіпкерлер де мерекеден табылды. Тіпті, қаламыздағы «220 volt» секілді компания басшылары тарапынан электротехникалық бұйымдар ұсынылып, балмұздақтар таратып, сыйлық үлестіргендер болды. Ұжыммен бір сахнадан табылған белгілі кәсіпкер Гүлжан Сейдіғазимова: «Бір Алладан қайтар сауапты жақсы білеміз ғой. Сол ниетпен басталған дәстүрден, «Yміт» ерікті мүгедектер қоғамдық бірлестігімен 15 жыл бойы біргеміз. Біздің «Диас» фирмасы тек үміттегілерге емес, қарттар үйіне, саңыраулар қоғамына көмек көрсетеді. Азық-түлік, балаларға түрлі ойыншықтар, үй ішіне керекті құрал-жабдықтар үлестіреміз. Кейде өз сұраныстарына сай ұсынамыз. Сондай-ақ, жыл сайын жаз айларында елу, жүз шақты адамды дәмханада тамақтандырып, киім-кешек береміз. Бұл – біздің дәстүрімізге айналып кеткен игі шаруа. Олар бізді мерекелік кештеріне шақырып отырады», – деді. «Үмітке» демеу берген кәсіпкерлердің көбі «Қоғамның әлсіз тұсына айналса да, мүмкіндігі шектеулі жандар бізбен өмір сүреді. Сенім мен сезімге мұқтаж жандарға көмек көрсету – парыз іс»,– дейді. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі ата-ана, қалалық әкімдік, банк қызметкерлері, дәрігер мамандар, тіпті, жеке кәсібін дөңгелеткен азаматтар бар.

Ілкімді істердің басы-қасында жүретін ҚКХП облыстық комитетінің бірінші хатшысы Александр Зевахин де мүмкіндігі шектеулі жандардың жайын ескеріп, жиындарда зейнетақы мен әлеуметтік жеңілдіктерді көтеру, қарапайым пандустар салу, мүгедек балаларға қараушылар мен қамқоршыларға арналған әлеуметтік төлемдер, оңалту мен дәрі-дәрмектерге жеңілдіктер беру жөнінде мәселе көтеріп жүргенін айтты.

Александр ЗЕВАХИН, ҚКХП облыстық комитетінің бірінші хатшысы:

Үмітте дарынды әрі талантты балалар көп. Олардың көбі республикалық спорттық жарыстарда топ жарып жүр. Біз өз тарапымыздан әрқашан сіздердің бастамаларыңызға қолдау білдіреміз.

Жалпы, тәтті балмұздаққа тойған балалар мерекелік кештен көтеріңкі көңіл-күймен қайтты. Бұл кеште алғыс арқалаған жомарт жандар көп болды. Оларға деген ыстық ықылас – дүние есігін кемтар болып ашқан бейкүнә жандардың жанарынан көрінді.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button