Бас тақырыпРесми

Митингіге де мәдениет керек

Шерулетіп ереуілге шығудың тәртібі айқындалып, жөн-жоралғысы көрсетілетін заң жобасын ақпанның алғашқы күндері көпшіліктің назарына ұсынған болатын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі. Енді бұдан былай бейбіт жиындарды өткізуде бей-берекеттік емес, бір реттілікті қамтамасыз етуді көздейтін құжатты Қарағандыда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен АБАЕВТЫҢ қатысуымен қоғам өкілдері талқылады. Бейбіт жиналыс өткізу туралы заң жобасының артық-кемін айтқан талқылау үш сағатқа созылды. Үш сағаттың ішінде сұрақ та қойылды, пікір де айтылды. Ұсыныс та жолданды. Министр де жауап берді.

Заң жобасында ұсынылған жаңалықтарға қатысты жұртшылықтың ойы – әралуан. Мұны министрдің өзі жоққа шығармайды. «Бізбен келісетіндер де, келіспейтіндер де бар» – дейді министр. Министр бұған дейін заң жобасының Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан бөлек Павлодар, Петропавл, Көкшетау, Өскемен, Оралда талқыланғанын атады.

 – Қоғамдық тыңдаулар тек Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында ғана емес, Павлодар, Петропавл, Көкшетау, Өскемен, Орал, Шымкент қалаларында да өтті. Біз бүгін Қарағандыда өткізіп отырмыз. Талқылауларға көптеген қоғам өкілдері қатысты. БАҚ-та жарияланды. Түзетулермен келісетіндер де, келіспейтіндер де ойларын ашық айтуда. Бұл арада біз заңнаманың қазіргі қоғам болмысынан, саяси мәдени деңгейінен, дәстүрінен, саяси санасынан алшақ болмайтынын түсінуіміз керек. Осы элементтердің дамуымен қатар, заң да дамиды, толыға түседі, – деді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, жаңа заңда бейбіт жиындардың заңнамалық базалық қағидаттары қарастырылып, заң жобасына түсінік аппараты енгізілді. Бұрынғы заңда мұндай болмаған. Бейбіт жиналысты өткізудің хабарлама тәртібі. Бұған дейін рұқсаттық тәртіп әрекет еткен. Сонымен қатар, заңда бейбіт жиынды ұйымдастырушылардың, қатысушылардың, журналистердің мәртебесі, міндеті мен құқығы айқындалды. Мемлекеттік органдардың құзыреті нақтыланып, бейбіт жиын өткізуге болатын орындар белгіленді.

– Митингке шыққан халық жоғарыға үнін жеткізуді көздейді. Соған мүмкіндік беруге тиіспіз. Ол үшін арнайы орындар белгіленеді. Барлық мүмкіндіктерімен. Қай жерде митингке шығу маңызды емес. Бастысы – үнінің тиісті орынға жетуінде, – дейді министр.

Заң жобасында, сонымен қатар, бейбіт шеруге қатысушының жасына қатысты шектеу алынып тасталған. Яғни өзінің құқығы аясында 18 жасқа дейінгі бала да қатысу құқы бар. Бұл – бала құқы конвенциясына сай қолданылатын норма. Заңда бейбіт жиналыстар өткізуден бас тарту үшін негіздердің толық тізбесін белгілеу де қарастырылған. Қолданыстағы заң бейбіт жиналыстар өткізу үшін бас тарту негіздерінің нақты емес тізбесін қамтиды. Осыған байланысты заң жобасында бейбіт жиналыстар өткізуден бас тарту үшін негіздердің толық тізбесін бекіту ұсынылады.

Талқылау барысында қоғам өкілдері заң жобасындағы өзгешеліктер бойынша ойларын ортаға салды. Заңның маңыздылығы және «Еститін үкімет» қағидатының іске асуы, жобадағы нормалардың артық, кемшін тұстары да тыс қалмады.

Болат Сыздық, заң ғылымының кандидаты:

– Бүгін расында да, «Еститін үкімет» механизмі қалыптасып, заң қабылданбас бұрын жобасы талқылауға ұсынылуда. Бұл – қуанарлық жағдай. Бұл – жақсы үрдіс.

 Бейбіт жиналыстарға қатысты заң қажет. Заң ахуалды жан-жақты реттейтін болуы тиіс. Құқықтық мәртебесі, құқықтық міндеттер, көзделген шара тәртібі, қауіпсіздік және жауапкершілік мәселелері. Заңда барлығы жанжақты қамтылған. Мәні, құрылымы бойынша заң техникасының талаптарына сай келеді деп пайымдаймын.

Ал, талқыланатын, ежіктеп әлі де қарастыратын мәселеге мен мерзімдерді атар едім. Мысалы, АҚШ-та ескерту 90 күн болса, Канадада 8 сағаттық, бізде ол 15 күнді құрайды. Мүмкін 15 күн емес, оны азайту керек шығар. Оны соза берсек, оның мәні азаяды. Немесе, жұрттың тынышы кетеді.

Ал, арнайы орындарға келетін болсақ, қоғамның даму деңгейіне, қауіпсіздігіне қатысты арнайы орындар дұрыс. Әуелі осы орайда жүзеге асырып, уақыт өте келе, оны қайта толықтыруға болады деп ойлаймын.

Сондай-ақ, қоғам белсендісі Гүлнар Құрбанбаева жаңа заңның бұрынғыға қарағанда жүйелі, түсінікті екенін атады. «Бұрынғы заң шектеу қойса, жаңа заң жобасы қалай, қайтіп өткізу туралы мәлімет береді. Нақты шаралар айқын көрсетілген» – дейді ол.

Жалпы, талқылау барысында ескерту беру мерзімі, оны ұйымдастырушылардың жауапкершілігі, қоғамның қауіпсіздігі, балалардың жиынға қатысу құқығы секілді әр тармақ егжей-тегжейлі талқыланды. Заңды адам құқығымен айналысатын ұйымдардың сарапшыларына да ұсыну қажеттігі айтылды.

Әсіресе, балалардың қатысу құқына қатысты пікір көп. Қоғам белсенділері мұның қауіпсіздігіне алаң. Балалардың жасын шектеуді қалдыру қажеттігі де айтылды. Атап айтқанда, бұрын 18 жасқа дейін бейбіт жиналысқа қатысуға рұқсат етілмеген. Енді ондай шектеу қойылмайды. Ал, бұған қоғам мүшелері – алаң.

Жанна Уәлиева, ҚарМУ оқытушысы:

– Біз жиынға қатысушының жасын төмендетуге қарсымыз. Біріншіден, ертең жиынды таратуға күш қолданылған жағдайда, сонда балалар зардап шегеді. Сондықтан, бұл мәселеге абайлап қараған жөн. Екіншіден, баланың түсінбестігін пайдаланып, оны соған тартатын түрлі белсенді топтар, қауымдастықтар болады. Сонда 11 жастағы бала өзінің гомосексуалдық құқын, жынысын өзгертуге рұқсат беру туралы плакат көтеріп тұруы ғажап емес қой. Сол себепті, бұл – өте жауапты мәселе. Үшіншіден, қатысушының жасы төмендетілген болса, жауапкершіліктің де жасы төмендеуі тиіс. Өйткені, 13-14 жастан заңды бұзғаны үшін жауаптылыққа тартылатын болады.

Сонымен бірге, бейбіт шеруді өткізу мәдениетін талап ету де сөз болды. Талқылауға жиналғандардың өз ойын жеткізбей қалғаны кемде-кем. Ал, министр ұсыныстардың ескерілетінін атады. Айтылғандардың ешбірі назардан тыс қалмайтынына сендірді.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button