Аймақ

“Үміт жолы” – ақ арман таңы

Балқашта биыл 18 мектептен 329 бала бітірді. Оның оны “Алтын белгі”, төртеуі үздік аттестат алды. Сондай-ақ, облыстық “Зияткер” мектеп-интернатының үздік аттестат алған 3 оқушысына да құрмет көрсетілді.

Көгілдір көлдің жағалауы жұмада әдеттегіден айырықша ажарлана түсті. Әуеде ән қалықтады, күй күмбірледі.

Жиналған жұртшылықтың жүзі жайдары. Алдыңғы қатарға білім беру саласының ардагерлері мен мектеп мұғалімдері жайғасқан.

Толқып тұрған қуаныш құшағындағы мектеп түлегі ғана. Өйткені, ол бүгін “тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан” алтын ұя мектебімен қоштасады. Демек, шуағына шомылған балашақтан болашаққа бет түзейді.

Мектеп бітірушілер мерекесінің “Үміт жолы” аталуы да сондықтан.

Көңілді кеште айрықша назар “Алтын белгі” алғанға аударылды. Олар:

– М.Горький атындағы №1 орта мектептен: ТМД оқушылары арасындағы көркем аудармадан халықаралық байқау жеңімпазы Мәдина Алманова, қазақ тілінен “Жарқын болашақ” олимпиадасының жеңімпазы Кристина Максудова, “Алтын бала – 2018” белгісі мен қала әкімінің “Үздік оқушы – 2018” сыйлығының иегері Диана Русланова;

– Абай атындағы №2 лицейден: қала әкімінің “Үздік оқушы – 2018” сыйлығының иегері, республикалық “Өзін-өзі тану” олимпиадасының жүлдегері Гүлімжан Марксова, физика пәнінен қалалық олимпиада жүлдегері Орал Кәрібек, ағылшын тілінен халықаралық байқау жеңімпазы Аяулым Мәтішева;

– С.Сейфуллин атындағы №7 гимназиядан “Рухани жаңғыру” қалалық шешендік сайысының жеңімпазы, “Үздік спикер” атанған Назерке Елеусізбаева мен республикалық “Ертіс дарыны” сайысының үздігі, облыстық кіші ғылым академиясы ғылыми жоба байқауының жүлдегері Назым Ерболат;

– №9 орта мектептен химия пәнінен республикалық ғылыми жоба байқауының жүлдегері Кәмила Тұрсынғалиева мен №15 мектеп-лицейден биологиядан облыстық олимпиада жүлдегері Лаура Мұрзабекова

Абай атындағы №2 лицейден облыстық “Дарын” ғылыми жоба жарысының жүлдегері Диас Рамазанов, №9 орта мектептен халықаралық “Шексіз математика” олимпиадасының қола жүлдегері Мейіржан Үкібай, №10 орта мектептен қазақ және орыс тілінен қалалық олимпиада жүлдегері, “Дарынды бала” байқауының жеңімпазы Дарья Смык, №17 мектеп-лицейден ұзындыққа секіруден облыстың бірнеше дүркін чемпионы Юлиана Ливицкая үздік аттестат алды.

Былтыр облыс әкімі Ерлан Қошановтың тікелей тапсырмасымен Балқашта тұңғыш физика-математика бағытындағы мамандандырылған облыстық мектеп-интернат ашылған еді. Биыл ол қалалық, облыстық және республикалық олимпиада мен байқауда жеңімпаз және жүлдегер атанған 22 түлегін ұшырды. Ал, Әлішер Қайролла, Әмина Мұсатай және Жансая Тұмарбек үздік аттестат иеленді.

Мектеп бітірушілерді қызу құттықтап, үлкен өмір жолында сәттілік тілеген қала әкімі Александр Аглиулин мен қалалық мәслихат хатшысы Қадыржан Тейлянов “Алтын белгі” мен үздік аттестатты салтанатты жағдайда тапсырды.

Түлектер жүректен жарып шыққан жырын оқыды. Жұптасып вальс биледі. “Астанаға – 20 жыл”, “Түлек – 2018” деп жазылған шар ұшырды.

Әлібек ӘБДІРАШ,

«Орталық Қазақстан»

БАЛҚАШ қаласы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button