Бас тақырып

Өміршең мәселелер – күн тәртібінде

Облыс әкімінің кезекті аппарат отырысында аймақтың жедел жағдайы мен Мемлекет басшысының «Бес әлеуметтік бастамасы» бағдарламасының орындалысы талқыланды. Аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ бірінші кезекте аппарат отырысын облыстың бүгінгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің орындалысын түгендеуден бастады. Аймақ басшысының бірінші орынбасары Асылбек ДҮЙСЕБАЕВТЫҢ айтуынша, негізгі мәселелер ұдайы бақылауда. Бюджеттің, оның кіріс бөлігінің орындалысы 99 пайыздан астам. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада алтыншы орында. Игерілмей отырған азын-аулақ қаржыны тиісті өңір басшылары желтоқсанның келесі онкүндігінде ойдағыдай игеруге сендірді.

Қазіргі таңда бұқараның баспаналы болуын көздеген «7-20-25» бағдарламасының орындалысына келсек, бұл бағытта да жұмыстар жіті қадағалануда. Мәселен, Қарағанды қаласы әкімдігі жанынан бағдарламаның тұрғындар үшін қолжетімді болуы үшін арнайы бөлім ашылған. Ол бөлімде банк өкілдері, әкімдік мамандары бірлесіп жұмыс атқаруда екенін жеткізді Асылбек Дүйсебаев.

Жария етілген деректер бағдарламамен баспана алуға 120 өтініш түскенін айтады. Оның 87-сі қолдау тапқан. Әрбір өтініш жеке дара жіті қаралуда. Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров пайдалануға берілетін үйден ешбір кемдік жоқ дейді. Желтоқсанда тағы үш үй қолданысқа беріледі деп күтілуде. Қала әкімінің баяндауынша, 200 шаршы метрді құрайтын баспана бар.

Ал, Ерлан Жақанұлы қаржыны игеру туралы арнайы селекторлық жиын өткізу керектігін тапсырды. Сол жиында бюджеттің игерілуі кеңінен сөз болмақ. Бұдан бөлек, облыс орталығын қардан тазалау мәселесі де аймақ басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Негізгі жолдар тазаланғанымен, жаяу жүргіншілер жолының көктайғақтығы айтылды.

Сонымен қатар, жылу беру маусымының қалыпты жұмысы да бақылауда. Жылу электр орталығындағы жағдайларға, өңірлердің, аудандардың көмірмен қамтылуына да ерекше тоқталды.

Елбасының жаңа жылдан бастап, коммуналдық қызметтердің тарифтерін төмендету туралы тапсырмасына орай облыста жұмыстар қолға алыныпты. Коммуналдық қызмет өкілдерімен 1-10 пайыз аралығында қызмет ақысын түсіру хақында жұмыстар жүргізілуде. Аппарат отырысында құзырлы орындар ұсынған деректерге жүгінсек, жаңа жылдан соң электр қуатына, жылуға, лифт қызметіне, қоқыс шығаруға қызмет көрсету ақысы біршама төмендейді. Бірақ әзірге нақты қанша пайыз екені белгісіз. Аймақ басшысы Ерлан Жақанұлы монополистердің қызмет ақысын 10 пайыздан кем емес төмендетуі керектігін атап айтты.

– Бір, екі пайызға төмендету деген болмауы керек. Кемінде 8-9 пайыз болуы тиіс. Осы бағытта жұмыс жасаңыздар, – деді облыс әкімі. Аталған мәселе жөнінде мемлекеттік басқармалар міндеттеме алды.

Ет экспорттауда аймақтың бүгінде орындалған жоспары 77,2 пайыз шамасында екен. Кеншілер аймағына бөлінген биылғы жоспар 1000 тонна болса, межеге жету үшін облыс әлі 160 тонна ет экспорттауы керек. Бұл көрсеткіште кері тартқан бірер аудан бар. Жалпы, көрсеткіштері үнемі төмен болатын әкімдерге аймақ басшысы ескерту жасап, алдағы уақытта жағдайлары оңалмаса, шара қолданатынын айтты.

Шағын несие беруде аудандар жоспарларын 100 пайыз орындаса, қалаларда кібіртіктеу бар. Жобалардың тиісті қаржыларына жыл соңына дейін қол жеткізуге мұрындық болу – тиісті орындарға жүктелді.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button