Өмірі күймен өрілген

Жастайыңнан бірге өскен, әке-шешесін, ағайын-туғандарына дейін жақсы білетін азамат туралы жазу оңай сияқты көрінгенімен, қиынның қиыны болып шықты. Әңгіме Арқаға, қала берді, бүкіл Қазақстанның өнерлі қауымына белгілі домбырашы, күйші-композитор Мұхамеджан ТІЛЕУХАНОВ жайлы болмақ.

Қазақ күй өнерінің ерекше саласы – шертпе күйдің аса бір дамыған өлкесі Жаңаарқа ауданы аумағында Ықылас Дүкенұлы, Сайдалы Сарытоқа, Дайрабай сияқты тарланбоз өнерпаздар өткен. Арқаның күйшілік дәстүрі сонау 18-19 ғасырларда жасаған Байжігіт, Тәттімбет, Дайрабай, Әбди, Қыздарбектен басталып, Сембек, Әбікен, Мағауияға жалғасқан. Ғажап лирикаға, терең философиялық толғауларға толы шертпе күйлер «қызыл большевиктердің» тұсында қуғындалып, оны тартушылар репрессияға ұшырады. Айдостың Сембегі «күй тартып, феодализмді көксегені үшін» атылып кетті. Бұйынтақтың Төлеутайы деген домбырашы әкеміз – атақты Әбікен Хасеновтың досы әрі бажасы, аға-інілері ұсталып, итжеккенге айдалған соң домбыраны тартпай кеткен. Алты ағайынының ішінен Қырғызстанға қашып барып аман қалған. НКВД-ның баскесерлері қорықса қорыққандай Бұйынтақ аталып кеткен Рысбектің алты ұлы шетінен балуан, сері, өжет жігіттер болыпты.

Міне, сондай қиын-қыстау жолдан өтіп, Арқа күйлерін жадында сақтап қалғандардың бірі – Мұхаңды домбыраға баулыған өз әкесі Кая (шын аты Ғайниддинді ел осылай атап кеткен), немере ағасы Сарбас, сондай-ақ, Тоқпан, Қойбағар сынды күйшілер еді. Алтыншы сыныптан бастап оның күйші бала деген атағы шыға бастайды.

Орта мектепте оқу үшін аудан орталығына ауылдан келдік. Аздап домбыра тартамыз. 8-кластан онымен қатар оқыдық. Үйіміздің арасы жақын, ұзамай достасып, бірге жүретін болдық. Мұхамеджан әңгімешіл бала болып шықты және оны өте қызықты етіп айтады. Балалардың үлкені болып әжесінің бауырында өскендіктен бе, бұрынғы өткен-кеткен тарихты, ел аузындағы оқиғаларды көп біледі. Ал, домбыра, күйшілер жайлы аңыз-әңгімелері бір жосын. Хрущевтің «жылымығының» арқасында болар, алғаш рет Әбікен Хасенов күйлерінің табағы шығып, оны Мұхаңның (Мұха деген ат оған бала кезінен берілген) үйіндегі радиоладан жалықпай тыңдаймыз. Талант дегенде шек бар ма, сол күйлерді Мұхамеджан қағып алып, айнытпай қайта тартатын, немесе күйтабақпен жарыса орындайтын. Алғаш рет оның тартуында қобызша (квинта) бұраумен орындалатын «Бозайғыр», «Бес төре», «Азамат» атты күйлерді естідік.

Жанында домбыра шертіп жүрген соң одан мен Тәттімбеттің «Сарыжайлау», «Сылқылдақ», «Көкейтесті» күйлерін үйрендім. Ұлы күйшінің осынау классикалық шығармаларын жаныма азық қып әлі күнге тартып келемін.

1953 жылы Сталин өлгенде Алматыдағы мемлекеттік опера және балет театрында азалы музыка ретінде Әбікен Хасеновтің «Қоңыр» күйі тартылып тұрыпты. Анығында, ол қазақтың 1938 жылы атылған жақсы мен жайсаңдарына арналған жоқтау күйі екен, дұрыс аты «Қайран ерлер-ай» болса керек. Міне сол күйді жап-жас Мұхаң күңіренте тартатын.

Сайдалы Сары Тоқаны көпшілік ел тек домбырашылығы, күйшілігі жағынан біледі. Анығында ол XIX-ғасырдағы Арқа жерінің бетке ұстар басшысы, көрнекті қоғам қайраткері, ірі лауазым иесі болған адам. Атағы шыққан кезде сырт ел оның атын Тоқа руымен шатыстыра берген соң Сайдалы Сары Тоқа деп атаған. Біздің ауылдың ақсақалдары «Тотаңның күйлері» деп отыратын. Сол Тотаңның «Төрт толғауы» – циклды шығарма.

Алматы халық шаруашылығы институтына бірге түскен соң ол сабақтан тыс уақытта көбінесе филармония мен консерваторияны, Композиторлар одағын жағалап кететін. Ол кезде жап-жас Ілия Жақанов, Бибігүл Төлегенова тағы да басқа өнер қайраткерлерімен жақын таныс болды. Белгілі күйші, өзімен құрдас Шәміл Әбілтаевпен дос, ал, талантты әнші, өмірден ерте өткен Жәнібек Кәрменовпен туыстай болып кетті. Жерлес бауырымыз, Қазақ ССР-нің халық әртісі Қайрат Байбосынов алпысыншы жылдары ашылған оқу орны – эстрадалық студияның студенті, өзінің достарын ертіп біздерге, яғни, жоғары курста оқитын ағаларына келіп, концерт қойып кететін. Олар ән салып, күй тарта бастағанда жатақханадағы неше жүз студент терезенің түбіне жиналып, балкондарына шығып тыңдап, қошемет көрсететін, қыздар гүл лақтыратын. Домбырашы Мұхаңның атағы сөйтіп, астанадағы өнерпаз ортаға жайылды. Күйлерін радио, теледидардан іздеп келіп жазып алады, эфирге шығарады. Солардың ішінде өз жерлесіміз, композитор Қасымхан Асанов ағамыз да болды.

Оқуды аяқтап, елге оралған соң Мұхамеджан өз мамандығы бойынша көп істеген жоқ. Бойындағы бұла күш, табиғи талант оны өнер жолына біржола салды. 1972 жылы Жамбыл Жабаевтың 125 жылдық тойына арнайы шақырылып, Арқа күйлерін, оның ішінде Тотаңның «Төрт толғауын» тартып, зиялы қауымды, жазушылар мен өнер қайраткерлерін тәнті етті.

1973 жылы Жезқазған облысында құрылған «Ұлытау» ансамблінің құрамына қабылданып, Кеңес Одағының астанасы Мәскеуде, басқа да үлкен қалаларында, шетелдерде өнер көрсетті. Сөйтіп, 1975 жылы отызға толмай жатып, Қазақ ССР-нің «Мәдениет қызметкері» атағына ие болды. Сол жылдары өзінің алғашқы күйтабағын шығарды.

Содан бері әр жылдарда республика көлемінде ұйымдастырылған «Мәңгілік сарын», «Күй-керуен» сияқты домбырашы-күйшілердің фестиваліне қатысып келеді. Соның бәрінде ол лауреат атанды.

Мұхаңның салалы саусақтарының ерекше қасиеті бар, домбыра пернелерінен өзгеше үн, тебіренген дыбыс шығарады. Негізінде баппен асықпай тартылуға тиіс шертпе күйлерді ол екпінмен, дүбірлетіп ойнайды. Бейне бір көкбарда жүргендей, бәйгеге шапқандай қаныңда желік пайда болады. Ия, жан жүрегімен музыкаға берілген күйшінің өзінің шығарған «Арман-ай», «Тағдыр-ай», «Аңсағаным», «Нұр қосбасар» сияқты туындылары бар.

Мұхамеджан Тілеуханов досымның қазақтың күй өнеріне қосқан үлесі зор. Біздер ортамыздан осындай дарын шыққанына қуанамыз. Қазақтың дәстүрлі музыка өнері үшін атқарған еңбегі зая кеткен жоқ, үкімет тарапынан лайықты бағаланып келеді. 2006 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, биыл «Құрмет» орденімен марапатталды.

Бүгінде 70 жасқа толып отырған Мұхамеджан өзінің кемел шағында, домбырашылық, күйшілік, композиторлық қырлары жарқырай түспесе, кеміген жоқ. Әмсе солай бола беруіне тілектеспіз.

Халқыңды құдіретті күйіңмен, киелі өнеріңмен сусындата бер, бауырым!

Ертай ЖӘНІБЕКОВ,

зейнеткер.

ШЕТ ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.