Өмірдегі құндылықтар ұмытылып бара жатқан сияқты…

Несібелді немересін таңертен тұрғызып, мектепке дайындап, өзі сиыр саууға қораға шығып кетті. Жолдасының қайтқанына міне бір жыл өтті, іштегі мұңын білдірмегендей болады, бірақ бәрібірде ананның көз жанарынан  басынан көп қайғы өткенін байқайсың. Сегіз жыл бойы төсек тартып қалған жолдасын бағып-қағып, ренжітпей күтті, сүйіп қосылған жан жары еді, 7 жыл құрсақ көтере алмай жүректегі мұңнан көз-жасы кеппей ағып, күні-түні Құдайға жалбырынып  нәресте сұраған дұғасы періштенің құлағына  шалынып, Жаратушы Ие төрт нәресте сыйлаған еді, қазір барлығы өсіп-өніп әр біреуі үлкен азамат болды.

Әр біреуі бала-шағалы. Несібелді ана жолдасы Серікке аса құрметпен қарап, сыйлап барын бар қылып, жоғын білдіртпей, қашан барсаң үйі жайнап, қазан тамаққа толы тұратын. Біз онда баламыз, бір-бірімізге ойнауға барамыз. Қыздарын қатал «ертең сендер де бір үйдің келіні боласыңдар, қазірден бастап үйреніңдер» — деп қыздарына үй шаруасын үйретіп, істетіп, аз ойнататын. Қашан көрсең жүзі жылы, бетінен әдемі күлкісі кетпейтін, таң атқаннан кеш батқанша үй тіршілігімен қарбаласып, алысып жататын, әлі де солай таңғы намазын оқып алпыстағы ана қызу үй тіршілігіне кірісіп кеткен, жайлайтын малы бар, жағатын пеші, немерелерін жағдайын жасап, қаладағы балаларына қаймақ-май, ет жинап беріп жіберу қамына кірісті. Несібелді ананың алданышы да осы немерелері, «аталары енді жоқ, барымша жоғын білдіртпей, осыларды жеткізіп, дұрыс тәрбие беріп, дұрыс жол көрсетсем — менде не арман бар»,  —  дейді данышпан ана. Маңдайын басып кеткен әрбір әжім — басынан өткен талай қиындықтың куәсі, Серік жолдасы да жастықпен талай қателік жіберіп, Несібелді анаға тіл де, қол да тигізген кездер болды. Бірақ жары осы күнге дейін өсек айтып, оны білдірген емес, ешқашан жолдасына тіл тигізген емес, қайта амандығын тілеп, жағдайын жасап, тек қамқорлығын көрсететін…

Қазіргі заманда біздер үшін күйеуіне шөп салып, жаман атты қылып немесе бала-шағасын тастап кете беретін еркек, үйдегі боқты сыртқа шығарғандар, тырдай жалаңаш шешініп, аузында тек боқауыз сөздер айтып, «жоқ негізі шынайы өмірде мен ондай емеспін, тек интернет желісінде ғана сондаймын «, — дейтіндер, үлкенді үлкен, кішіні кіші демей, ешкіммен санаспайтын адамдар танымал әрі сыйлы болып баратын сияқты. Еуропаға еліктеушілік соңында бізді жақсылыққа апармас, қазақ қазақтығын жойып, дана ата-бабамыз қалдырған сал-дәстүр, мәдениет, тәрбиемізді жоғалтсақ жеткен жеріміз сонда болар…  өмірдегі құндылықтар қайда қалды?! Пиар, ақша үшін ар-ұят, намысты ұмытып барамыз. Осы Несібелді анадай қарапайым, Аллаға шүкіршілік еткен жан-дүниесі таза жандарымызды неге бағаламайтын болдық?!

                                                                                             

Қымбат Керейбай

Астана қаласы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.